«АЛАДОП» САЙТЫНЫҢ ТӨЛ ТУРНИРІ

17.05.2013, 19:22
  «АЛАДОП» САЙТЫНЫҢ ТӨЛ ТУРНИРІ

мячҚазақстан футболының 100 жыл толуына орай www.aladop.kz сайты журналистер арасында шағын футболдан жарыс өткізді. Айтулы турнирге «Хабар» агенттігі, «Ұстаздар» командасы, «Массагет» сайты, «Айқын» газеті, «Спортсарап», «Аладоп» сайттары және «Жұлдыздар отбасы» журналы қатысты. Салауатты өмір салтын насихаттауды дәріптейтін еліміздегі тұңғыш қазақ тілді футбол сайтының басты мақсаты күнделікті күйбең тіршіліктен тыс, жексенбі күні журналистердің басын алаңға жинау болатын. 

«Аладоп» сайтының Алматыдағы меншікті тілшісі Руслан БАҚЫТЖАН додаға қатысушы журналистерді Қазақстан футболының биыл 100 жыл толуымен құттықтап, барлық командаға сәттілік тіледі. Мамырдың мамыражай күнінде айтулы додаға барлығы жеті команда қатысты. «Ұстаздар» командасынан бөлек «Хабар» агенттігі, «Спортсарап» сайты, «Айқын» газеті, «Массагет», «Аладоп» сайттары және «Жұлдыздар отбасы» журналдарының ұжымы қатысты. Олимпиялық жүйе бойынша командалар бір-бірімен ойнап шықты. Алаңға алғаш болып шыққан «Хабар» агенттігінің ұжымы «Массагет» сайтымен кездесіп, тартысты ойында Амангелді Сейітханов бастаған «Хабар» арнасының ойыншылары 3-1 есебімен басым түсті. Келесі ойындарда ешкімге дес бермеген «Хабар» агенттігінен келген жігіттер барлық ойындарда жеңіске жетіп, ұпай саны бойынша турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші орын «Айқын» газетіне бұйырса, үшінші орынды «Массагет» сайты мен «Аладоп» сайттары бөлісті. 4-5 орындарды Тарих факультетінің «Ұстаздар» командасы мен «Спортсарап» командасы иеленсе, «Жұлдыздар отбасы» журналы соңғы орынды қанағат тұтты.

Жарыс соңында ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен үздік деп танылған спортшыларға тарихи кітаптар сыйға берілді. «Аладоп» сайтының ұйымдастырған турниріне қаржылай көмек берген 31-арнаның журналисі Рауан ОҚАСҚА ерекше қошемет көрсетілді. Салауатты өмір салтын ұстанатын «Аладоп» командасының капитаны әрі ұйымдастырушысы Руслан БАҚЫТЖАН Қазақстан футболының биыл 100 жыл толуын айта келе, шағын футболдан болған жарысты жыл сайын дәстүрлі додаға айналдыруды ұсынды.

                                                                                                                                                                                    Аладоп-ақпарат

   
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×