Алакөлдің ала добы

02.06.2011, 18:30
Алакөлдің ала добы
Жыл сайын Алматы облысы Алакөл ауданының орталығы, яғни Үшарал қаласында футболдан дүбірлі жарыс өтіп тұрады. Оған бұғанасы қатпаған жас та, егде тартқан аяқдопшылар да қатыса алады.Жергілікті меценат Бақыт Кәрімовтің демеушілігімен ұйымдастырылатын айтулы доп додасында бақ сынаушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Ең бастысы, ауылдың спортсүйер азаматтарына өздерінің шеберліктерін паш етуге тамаша мүмкіндік туып отыр. – Осыдан біраз жыл бұрын «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясы «10 адамға – 1 доп» деген бастама көтерген болатын. Ондағы идея салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және ел-елде, жер-жерде футболды дамыту еді. Бұл бастаманы Evgei LTD және «Алакөл табиғаты» компаниялары аудан көлемінде алғашқы болып қолдады. Нәтижесінде жергілікті жастарға 360 доп тарту еттік. Аяқдоп додаларын үздіксіз өткізіп келеміз. Дарынды жастарға көмек көрсетуден тартынған кезіміз жоқ, – дейді турнирді ұйымдастырушылардың бірі Ардақ Мұрынбаев. «Алакөлдің ала добы» атты турнирді ұйымдастырушылар 2008 жылы «Бұқаралық спортты дамыту және жергілікті жастарды салауатты өмір салтына ынталандыру» деген қағиданы ұстанды. 2009 жылғы доп додасы «Аудан жастары есірткіге қарсы!» деген ұранмен өтті. 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орайластырылды. Ал биылғы жарыс ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналды. Жарыстың ұраны өзгеріп тұрғанымен, мәні мен маңызы – сол күйінде. Жергілікті атқамінер азаматтар жастардың есірткі мен нашақорлық дерті, арақ пен шылым секілді жат қылықтардан бойларын аулақ ұстап, салауаттылыққа мойын бұруларына мүдделі. Биылғы дода басында аудан спортының даңқын шығарған ардагерлер мен қазіргі кезде көпшілік көзіне түсіп жүрген жас өрендерге арнайы сыйлықтар табысталды. Ал осы турнирде бас жүлдені олжалаған команда (Үшарал жастарынан жасақталған ұжым) 15 плазмалық теледидарға ие болса, екінші орын иеленген Жайпақ аулының жігіттеріне – 15 шаңсорғыш, ал үшінші орынды еншілеген Бескөл ауылы Шекара қызметінің сардарлары мен сарбаздарына 15 DVD табыс етілді. Ол аз десеңіз, әр шепте теңдессіз деп танылған және жекелеген аталымдар бойынша үздік шыққан ойыншыларға 30 ұялы телефон үлестірілді. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде осындай бағалы жүлделік қорымен республикалық деңгейдегі додалардың өздері мақтана алмайды. – Біз – орта буын өкілдеріміз. Күні кеше өзіміз де жастық шақты басымыздан өткердік. Бұл заманның апай-топай кезі еді. Сол тұста көптеген жігіттер ақ жолдан адасып, жат қылықтарға бой алдырды. Оның ақыры орны толмас қайғыға әкеп соқтыратынына анық көз жеткіздік. Міне, енді өстік, есейдік. Оңымыз бен солымызды ажырата алатын жасқа келдік. Десек те, біз тек өзімізді ғана ойламауымыз керек. Артымыздан ерген інілеріміз бен қарындастарымыздың болашағы үшін де жауапты екенімізді сезінеміз. Сол себепті жастардың салауаттылыққа бет бұруына мүдделіміз. Осыдан біраз жыл бұрын жергілікті кәсіпкер Бақыт Кәрімовтің басшылығымен аудан спортын дамыту мақсатында бірқатар игі істер атқаруға бел шеше кірістік. Ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы ерекше екенін байқағаннан кейін көптеген спорт түрлері бойынша жарыстарды дәстүрлі түрде өткізуді жөн деп ұйғардық. Басқасын айтпағанда, бүгінгі «Алакөлдің ала добы» дода­сы қысқа ғана мерзім аралығында көпшіліктің тағатсыздана күтетін бәсекесіне айналды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бұл өңірден талай мықты балуандар мен боксшылар, жекпе-жек шеберлері шықты. Енді алдағы уақытта біздің ауданның түлектері теңбіл доптың тең­дессіз шеберлері атанып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді жарыс демеушілерінің бірі Маралбек Межкенов. Автор: Айқын Жаппар
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×