Алаң сыртындағы ерегес

03.05.2011, 02:49
Алаң сыртындағы ерегес

қазақ жігіті футболдан аластатыла ма?

Өткен апта соңында Футбол Федерациясының құқықтық-тәртіптік комиссиясының шешімімен өмір бойы футболдан аластатылған «Қайрат» командасының ойыншысы Арман Мәсімжанов баспасөз арқыла барша жұрттан кешірім сұрады. Ол өз сөзінде жасаған әрекеттерінің оқыстан шыққанын және соққы бағыттаған кезінде ақылға жүгінбегендігін алға тартты. Бірақ, футбол федерациясына жіберілген аппеляция әзірге жауабын табар емес. «Қайрат» және «Локомотив» командаларының арасындағы қосалқы құрамның кездесуінде жүйкелері сыр берген ойыншылар алаңда ерегіс-жанжал шығарады. Допқа талас барысында келіспей қалған қос команданың ойыншыларына әріптестері көмекке келеді. Алаң сыртында отырған Арман Мәсімжанов топырласып жатқан төбелестің ішіне екі аяқпен жойқын соққы жасай кіреді. Астаналық клубтың жас ойыншысы Нұрғазы Нұржігіт арқадан ауыр соққы алып, есінен тана құлайды. Осы кезде қырғын төбелесті ажыратуға келген құқық қорғау органдары аталған екі ойыншыны футбол алаңынан бірден Алматы қаласы, Әуезов аудандық ішкі істер бөлімшесіне әкетеді. Содан қылмыстық іс қозғалып, Арман Мәсімжановқа құқықтық айып тағылады. Бұл мәселе оның лейтинант әкесіне оңай шешілетіндей болып көрінгенімен, іс жүзінде олай бола қоймады. Алаң сыртындағы ерегесте күштер бір-біріне тең болмай шықты. Белгілі тележүргізуші, журналист Дана Нұржігіт зардап шекен інісінің кегін қайтаруды жақсылап қолға алады. Бейресми деректерге сүйенсек арадағы жанжалға президент әкімшілігіндегі Владимир Рерих те араласқан секілді. Әуезов ауданының ішкі істер бөлімі мен Қазақстан Футбол Федерациясына бұл мәселені жақсылап реттеуді сол кісі өзінің жеке пәрменімен тапсырған секілді. Президенттен үнемі сұқбат алып жүретін жалтыр бастың күші енді өсіп келе жатқан аяқдопшыға өте қатаң шешім қабылдауға сеп болған сияқты. Былай қарасаңыз, тәртіптік-құқықтық комитеттің заңнамасында өмір бойы аластау туралы ешқандай сөз жоқ. Енді аяқастынан пайда бола қалуында не мән бар? Әйтпесе ең қатал деген жаза 15 ойынға дейін алаңға шықпау еді. Осы мәселенің мән-жайына қанығып қайтуды ойластырған маған, мына нәрселер жетті. Алдымен аяқдопшылардың әкелерінің арасындағы ерегесті айтпай кетпесе болмас. Жоғарғы тонда телефон арқылы сөйлескен олар бір-бірін қорқытудан бастаған. Және соның бірінде «мен сенің балаңды өмір бойы футбол ойнатпайтындай қыламын» - деген ар жақтағы дауыстың ызғары Астананың ала-дауылындай естіліпті. Бұл десе де біздің ойымыздағы бір тұжырым. Осындай жағдайдан кейін «Қайрат» футбол клубы белгіленген мерзім ішінде аппеляция беріп отыр. Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген клбутың директоры Евгений Шкаринның айтуынша мәселенің насырға шабатынына ешкім де сенбеген. «Мұндай жағдай болуы тіпті, үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген-тін. Футболдағы өмірі де, жеке өмірі де енді басталып келе жатқан жас баланы бұлайша жазалау дұрыс нәрсе емес. Оның үстіне Арман барлығын түсініп, кешірім сұрап отыр», ­- деп көпшілік қауымның түсіністікпен қарауын сұрады. Осы ойынның бейнематериалын жасап шыққан «Локомотив» командасының қызметкерлері әлгі айып тағылған сәтте видеомонтаждың көмегіне жүгенген деседі. Мұндай мәліметті «Қайрат» командасының басшылары анық байқаған. Ал дәл сол күнгі ойынды алматылық клубтың қызметкерлері бейне таспаға жазбаған екен. Арман Мәсімжановтың өз ойынша ол дәл осындай ауыр жаза өте өрескел шешім секілді. «Мен өз кінәмді толықтай мойындай отыра Футбол Федерациясынан мені кешіруімді сұраймын. Мен дәл сол сәтте не істегенімді білмеймін. Қызуқандылыққа беріліп кеткен екенмін. Ондай нәрсе футболда болады. Бірақ мен мұндай қылықты екінші рет қайталамауға уәде беремін. Себебі, менің футболсыз өмірім өте қиын» дейді. Аяқдопшының жағдайына кешіріммен қарап отырған басперлер мен клуб қызметкерлері Арманның өте ауыр психологиялық жағдайда жүргенін айтады. «Оның шешесі ұлының болашағын ойлап көзін жасқа малуда. Осы жасалынған әрекеттердің өзі де талай ойыншыға үлгі болып, енді бұдан былай Арманның істегенін қайталамайтын шығар» - дейді баспасөзге келген клуб басшылары. Ал біз өз тарапымыздан дау-дамайлардың отанына айналған Футбол Федерациясына заңнамалық-құқықтық құжаттардың бір жөнге келтіріліп, аталған мәселелердің жазалануынан бұрын алдын алу үшін жұмыстар атқарғанын қалаймыз.

Елжас ӘУРЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×