Бауыржан Сәрсекенов, бапкер: Қазақ футболында басшы жоқ!

03.05.2011, 02:40
Бауыржан Сәрсекенов, бапкер: Қазақ футболында басшы жоқ!

Әр саланың ішкі кемшіліктері жайлы сөз айту үшін ол адам сол саланың маманы болғаны дұрыс. Қазақ футболының қазанында қайнап, сол арада біте-қайнасып жүрген адамның пікірі әрқашан да өз бағасын табары анық. Кезінде «Намыс» футбол клубының бапкері болған Бауыржан Сәрсекенов жастар даярлауда Азия құрлығында үздіктердің қатарына кірген. Осы орайда біз соңғы кездердегі Қазақстан футболындағы кем-кетік тұстардың қалай өріс алып жатқанына ден қойсақ.

­ - Бауыржан аға, сіздің үнемі футбол әдістемесі жайында біршама ғылыми негіздерге сүйенген еңбектеріңізді естіп-біліп жүреміз. Өзіңіз жасөспірім мен жастар бапкері болғандықтан осы саладағы түйткілді мәселелерімен таныстыра кетсеңіз? - Мен ешқандай да қарсы бағыттың, не болмаса біреуді сынау арқылы дегеніме жетейін деп жүргенім жоқ. Мен асарымды асап, жасарымды жасаған адаммын. Десе де, қазақ футболы үшін жаным ашығандықтан, өзім тәрбиелеп жатқан балаларымның болашағы жарқын болсын дегеннен осындай ойларды айттым. ­Жалпы, футбол дегенде, ең алдымен жасөспірімдер еске түсуі қажет. Ал бізде қазір барлығы керісінше. Ертеңгі қазақ футболының болашағы ­мына біз тәрбиелеп жатқан балаларда деп ойлаймын. Келешектің жарқын болуы үшін тер төгіп жүргендерге қойылып жатқан талаптар мен жасалынып жатқан жағдайлар өте нашар. Алматының өзінде алаңдар жетіспейді. Түрлі деңгейдің жарыстарын ұйымдастыру керек. Қала біріншілігіне қатысатын командалар жеткілікті. Саны көп болғанымен олардың сапасына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Ал жазда Тараз, Қарағанды, Орал секілді қалаларда түрлі жас арасындағы командалардың республикалық біріншілігі өтеді. Оған барып қатысып қайту үшін қаржы керек. Менің «Жеңіс» деген командам демеушілердің арқасында күн көреді. Футбол ардагерлері қол ұшын созады. Осыдан кейін қалғандарының жағдайы не болды сонда? Мен Алматы футбол федерациясының атынан Қазақстан футболының басшыларына хат жаздым. Өзімнің жасап шығарған бағдарламаларымды ұсынам, жарыстардың қалай өткізілуіне байланысты тұжырымдарымды жазам. Бірақ, Футбол Федерациясынан бір де бір жауап хат келген жоқ. Сонда біз осы кімге керекпіз деп ойлаймын. Бізге ешкім қолдау көрсетпесе, бағыт-бағдар жасамаса – онда осы жасап жатқан нәрсенің барлығы кімге керек? - Жақында Германияның «Штутгарт» қаласында тәжірибе алмасу үшін сапар шегіп қайтыпсыз. Ондағы жағдайдан түртіп алған дүниелеріңіз бар шығар? - «Штутгарт» пен «Карлсруэ» командаларының базаларын көріп, біршама нәрсе түйдім. Қазақ футболында 40 жыл қызмет істеп жүріп Германиядағы жағдайды бірінші рет көру бақыты бұйырды. Көп нәрсе түйдім. Мысалы, «Штутгарт» клубының мектебі қалыптасқан. 9-21 аралығындағы жастарды бөлек-бөлек дайындайды екен. 9-15 жас аралығындағы жастардың өзіне олар 18 алаң салып қойыпты. Оның ішінде жасандысы бар, табиғиы бар, тіпті құмдысы да қарастырылған. Футболда керекті барлық жарақты көрдім. Допты дәлдікке тебуге баулитын арнайы қабырға да тұр. Бір сөзбен айтқанда футбол индустириясы орныққан. Немістің «Мерседес» шығаратын зауыты секілді мұнда да кешенді түрде жұмыс жүріп жатады. 3 асхана, жататын үйлер, жаттығу залдары барлығы қамтылған. Сол «Штутгарт» футбол индустриясында қаншама адам жұмыс істейді. Міне, сондықтан да, олардың тәрбиелеп шығарып жатқан түлектері әлемдік деңгейдің ойыншыларына айналуда. Содан кейін «Гамбург» пен «Хоффенхайм» командалары арасындағы кездесуде болдым. Стадионда ине шаншар жер болмады. Билет құны 40 еуро, одан кейін автотұраққа ақша алады, команданың естелік киім-кешектері сатылады – жалпы осының барлығын есептегенде клуб қаржысына бір ойыннан соң 6 млн. еуро түсті. Бұл сома біздің «Қайраттың» бір жылдық бюджеті емес пе? - Қазақстан премьер-лигасында көп бапкерлер «PRO» категориялары жоқ болған соң жұмыс істей алмай жүр. Бар бапкерлердің де бағы ашылар емес. - Мен бұл категорияны алу үшін 6 жыл оқыдым. Көп нәрсені зерттедім. Соңында емтихан тапсырып алдым, әутеуір. Иә, осы күнігі клубтарымыздың тек 2-еуінде ғана өзіміздің бапкерлер жұмыс жасайды. Қалғанының барлығы шеттен келген. Бұл дұрыс нәрсе емес. Мысалы, астаналық «Локомотивтің» тренерлік штабы толықтай шеттен келгендерден құралған. Бас бапкері –  Хольгер Фах. Оның көмекшілері де неміс. Өзге клубтарда да солай үрдіс алған. Сонда дәл осылай жұмыс істей алатын Қазақстанда өзіміздің мамандар жоқ дегенге сене алмаймын. Ондай болса, неге Дмитрий Огай мен Құрбан Бердыев Ресейде, Сергей Гороховадацкий Қытайда, Владимир Фомичьев Өзбекстанда жұмыс істеп жүр. Осы аталған бапкерлерде ешқандай біліктілік, тәжірибесі болмаса оларды сол мемлекетке шақырып отырғандар ақымақ па әлде. - Келімсектер мен жас шектеуінде өнер көрсететін лимитке қалай қарайсыз? Бұл сұрақтар түбі бір шешімін табар түрі жоқ қой. - Қазақстанға келіп қыруар ақша тауып кетіп қалып жатқан ойыншылар қазақ футболына бөлінген мемлекеттің ақшасын жеп кетуде. Шығыс шығады, ал бірақ кіріс жоқ. Кейбір клубтардың басшылары осы келімсектердің арқасында қыруар қаржы табады. Аяқдоптың тетігін ұстағандар пайда тапқанымен, одан тек қана зардап шегетін қазақ футболы. Жас мөлшерін шектеудің өзі екі жақты дүние. Оның жақсы әрі жаман тұстары бар. Жастардың қазірден жоғары деңгейде өнер көрсетіп, біз тәрбиелеп жатқан балалардың үлкен футболға араласқаны құптарлық жәйт. Енді премьер лига клубтарында «лимит» деген желеумен кімдер доп теуіп жүргеніне назар аударыңызшы. Бір ғана мысал ретінде Заурбек Плиев деген астаналақ «Локомотив» клубының ойыншысын айта кетейін. Өткен жылы «Спартак» Нальчик клубында ойнаған ресейлік азамат қалайшы келер жылы қазақстан азаматы атанып, өзіміздің ойыншы болып кетті. Сонда мен бір нәрсеге ойланам. Әлгіндей жағдайлар футболда толып жатқаны белгілі. Бір маусымның алдында біздің қазақстандықтардың қатары көбейе кетеді. Қазақстанның құқықтың саласы қайда қарап отыр. Ресейден келіп, ертесіне қазақстанның азаматтығын ала салса, онда біздің мемлекеттігіміз қайда? Бірнеше футболшы Қазақстан азаматтығын алып премьер лигада өнер көрсетті. Сосын келер маусымда қайтадан Ресейде өнер көрсетті. Онда олардың құжаттары қайтадан ресейлік болып ауысты. Футболшының Ресейдегі жағдайы нашарлаған соң, амал жоқ Қазақстан футболына қайта оралды. Енді ол қайтадан қазақстандық. Ондай ойыншылар осы күні премьер-лигада толып жүр. Азаматтық алуды екі күннің жұмысы ретінде қарайтындардан жөні-түзу ойыншы шықпайды. – Қазақстан Футбол Федерациясының басшысы қандай адам болуы керек деп ойлайсыз? – Әр саланың басында маман отырғаны жөн. Ресейде кез-келген спорт түрін спорт шебері немесе Әлем, Олимпиада чемпионы отырады. Бізде олай емес. Футбол Федерациясының президенті кешке дейін өзінің кабинетінде отырып Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген адамдарды қабылдауы керек. Олар жаттықтырушы, ата-ана, аяқдопшы, аймақтық футбол федерациясының басшысы болуы мүмкін. Олар түрлі сұрақтарының шешімін алу үшін президенке келіп көмек сұрайды. Осылай қазақ футболындағы небір түйткілді мәселелер өз шешімін тауып, процестте алға жылжу болады. Әділбек Жақсыбековке футбол федерациясына қарағанда Қорғаныс министрлігіндегі жұмыстар анағұрлым маңыздырақ. Ол түсінікті де. – Қазақ футболы даму үшін өз пікіріңізше қандай қадамдар жасау керек. Солардың ішінен өзіңіздің көкейіңізге қонатын ең жақынын атап өтіңізші. – Өзбекстанда мықты компанияларға футбол командасы болуы керек деген талап қояды. Егер шетелді болсын, жергілікті болсын мықты әлқуаты жоғары бай компаниялар команда жасақтайтын болса онда мемлекеттік салықтан оларға 30 пайыздық жеңілдік болады. Кірісі жоғары, салығы миллиондаған долларға кететін алпауыттар өз пайдаларын ойлап футбол командасын құрады. Міне, сондықтан қазір Өзбекстанда футбол клубтары көп, аяқдопшылар да жеткілікті. Саннан сапаға біртіндеп көшкен олардың деңгейлері бізден анағұрлым жоғарырақ. Сол секілді Қазақстанға да осындай қадамдар жасау керек. Өзбекстанда бар компаниялар бізде де бар. Экономикамыз олардан мықты бола тұра, футболда олардан артта келеміз. – Ұлттық құрамаларымызды шет елдік бапкерлер басқарғанына қалай қарайсыз? Бізге шет елден қаншама мықты білікті бапкер алып келгенімен жағдайымыз бірден жақсара қоймайды. Ол анық нәрсе. Егер біздің жасөспірімдер мен жастар футболы ақсап жатса, ауылдарда есі дұрыс бірде-бір алаң болмаса, футбол мектептері қалыптаспаса Ұлттық құрамаңның уақытша көрсеткен өнері кімге керек. Футболының жағдайы нашар болып, ұлттық құрамасы керемет өнер көрсеткен команданы көрсетіңізші маған? Ондай нәрсе мүмкін емес. Сондықтан да, бізге үйдің шатырынан бұрын оның іргетасының берік болғанын қалауымыз қажет. Шет елден келетін бапкер ол барлық ұлттық құрамалардың жұмысына араласуы керек. Өзімізден тағайындалған бапкерлердің жұмыстарына сырттан баға беріп, тек тәуелсіз сарапшы ретінде ғана жүруі тиіс. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан Ермұхамед МӘУЛЕН 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×