Жерлестерімізге жеңіс ауадай қажет

29.04.2011, 21:47
  Жерлестерімізге жеңіс ауадай қажет

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан футболдан Қазақстан Президенті кубогы биыл да межелі уақытында басталып, әлемнің бірнеше елінен жиылған жас шеберлердің қарым-қабілетін бағамдауға мүмкіндік беруде. 17 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы халықаралық турнирде еліміздің құрамасы екі кездесуде жалғыз ұпай еншіледі. Жарыстың алғашқы күні жерлестеріміз көршілес Өзбекстан елінен келген замандастарына қарсы тұрды. Аса тартысты өткен кездесу 1:1 нәтижесімен тең аяқталды. Оливер Пельцер жаттықтыратын жас өрендеріміз ойынның алғашқы бөлігінде гол соғып, есеп ашты. Оған қонақтардың қақпашысы Камрон Бахавутдинов себепкер болды. Ұрымтал сәттердің бірінде қазақ футболшысы Әсет Қабдоллаев Өзбекстан құрамасының қақпасына қауіп төндірді, дәл сол кезде голкипердің оны ережеде жоқ әдіспен тоқтатпасқа амалы қалмаған еді. Төреші белгілеген пенальти нүктесіне орталық жартылай қорғаушы Әнуар жағыпар беттеді. Ол қалың жанкүйердің көз алдында салқынқандылық таныта біліп, өзбек қақпасын дәл көздеді. Дегенмен футболды қарыштата дамытуға мықтап ден қойған өзбек елінің өкілдері де қарап қалмады. Олар ойынның қалған бөлігінде есе қайтаруға бар күш-жігерлерін жұмсап бақты. Нәтижесінде ала тақиялылар екінші кезеңнің басында-ақ таразы басын теңестіріп кетті. Қонақтардың сапындағы Ойбек Еркінов деген футболшы өзінің жеке шеберлігімен дараланып, Қазақстан командасының қақпасына гол соқты. Осыдан кейін алаң иелерінің шабуылы үдей түсті. Бахавутдинов қорғаған қақпа маңы қарбаласып кеткенімен, өзбектердің бағына орай гол соғылмады. Бас бапкер Оливер Пельцердің қолдан келгеннің бәрін жасады. Ол алаңға Әлішер Сүлей мен Абат Айымбетовті шығарды. Аталған екі ойыншы да қазақ ұжымының шабуылына тың серпін әкелді, бірақ таблодағы есепті өзгертуге ықпал ете алмады. Осылайша, алғашқы турда Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары тең ойнап, бір-бір ұпайдан жинады. Матч соңынан сөз алған Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Виктор Катков команданы жасақтау барысында атқарылған шаруалар жайын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Оливер Пельцер екі айдың ішінде ұжым қатарын толықтыруға қабілетті делінген 90 үміткердің шеберлігін електен өткізіпті. Алайда бұл құрамның өзін түбегейлі деп санау ертерек, алдағы уақытта тізімнің өзгеріске түсуі әбден мүмкін. Селекциялық жұмыстар одан әрі жалғаса бермек. Өйткені алда - 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі тұр. Ал оған дейін біздің құрама Әзірбайжан еліндегі «Каспий кубогы» және Литва елі ұйымдастыратын халықаралық турнирге қатысуды жоспарлап отыр. Осы күні біздің командамен бір топта бақ сынайтын Әзірбайжан құрамасы Иран елінен келген команданы 2:1 есебімен ұтты. Бұл кездесуде Тарбиз Гасановтан тәлім алатын әзірбайжандардың қатарында Бакудің «Интерінде» ойнайтын Құрбанәлі Әлиев пен Ресейдің «Электроавтоматика» деген клубында өнер көрсететін Орхан Әлиев мергендік танытты. Ал ирандықтардың сапында Реза Кармуллачаб гол авторы атанды. Ертеңіне Қазақстан құрамасы топтың фаворитіне айналып шыға келген Әзірбайжан командасымен сынға түсті. Бұл ойын да өте шиеленісті жағдайда өтіп, жанкүйер қауымға нағыз бәсекенің ләззатын сыйлады. Ең өкініштісі, тіпті жеңіске лайық көрінген Қазақстан құрамасы соңғы минуттарда өз қақпасына гол жіберіп алды. Астана төріндегі бәсеке отандастарымыз үшін өте сәтсіз басталған еді. Олар кездесудің 2- минутында Руслан Насерлидің күшті соққысына тосқауыл қоя алмады. Ресей біріншілігінде «Машук» командасының намысын қорғап жүрген әзірбайжандық шабуылшының соққан голы әріптестерін тіптен жігерлендіре түсті. Кездесудің 44- минутында олар біздің қақпашымыз Михаил Голубничийдің тағы да қапы қалдырды. Бірінші турда ирандықтардың қақпасына гол соққан Құрбанәлі Әлиев бұл жолы да мергендігімен көзге түсті. Бірінші тайм 2:0 есебімен аяқталды. Үзілістен соң, қазақстандықтардың бас бапкері Оливер Пельцердің шәкірттерін қандай әдіспен қайрағанын кім білсін, футболшыларымыз салған жерден құлпырып шыға келді. Олар 63- минутта Әлиевтің, 68- минутта Воменконың арқасында таразы басын теңестірді. Оқиғаның дәл осылайша басқа арнаға бұрыларын ешкім де болжай қоймаған болар, дегенмен, қазақстандықтар шын мәнінде қайсар мінез көрсете білді. Ал, 77- минутта матчтағы алғашқы голдың авторы - Насерли тағы да сан соқтырып кетті. Әзірбайжандар аса қиын бәсекеде жеңісті жұлып алды. Мұның алдында өткен кездесуде Иран мен Өзбекстан құрамалары бір-бірлерінің қақпаларына гол соға алмай тең ойнады. Екі турдың қорытындысы бойынша ұпайдан шашау шығармаған Әзірбайжан командасы топ бастады. Екі рет тең нәтижеге қол жеткізген Өзбекстан құрамасы екінші сатыға орналасса, жалқы ұпайдан еншілеген Иран мен Қазақстан командалары соңғы орындарды өзара бөлісіп тұр. «А» тобындағы командалар да екі турды артқа тастады. Жарыстың бірінші күні Украина мен Түркия құрамалары кездесіп, тартысқа толы ойында украиндар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Сондай-ақ алғашқы турда үш ұпайды грузиндер де иеленді. Олар Армениядан келген құрдастарын 5:3 есебімен ұтып, турнир кестесінің бірінші сатысына жайғасты. Дегенмен бұл топтағы екінші күнгі кездесулер барысында тосын нәтиже тіркелді. Жарыстың басты фавориттерінің бірі саналған Украина құрамасы күтпеген жерден Армения командасынан ұтылып қалды. Бұл ойын 0:2 есебімен аяқталды. Бірінші кезеңнің 7- және 28- минуттарында гол соғып алға шыққан армяндар одан соңғы уақытта қорғанысқа мұқият болып, жеңісті нәтижені ұстап тұра алды. Осы топтағы келесі кездесу Түркия мен Грузия құрамаларының арасында өтті. Мұнда түріктердің мерейлері үстем болды. Олар кездесудің 28- минутында есеп ашып, 51- минутта айырманы ұлғайтты. Өз кезегінде бір ғана жауап гол енгізген грузиндер 65- минутта мергендік танытты. Екі турдан кейін «А» тобындағы турнирлік жағдай тіптен шиеленісе түсті. Төрт команда да бір-бір реттен жеңіп, жеңілді. Сондықтан әрқайсысының еншілерінде үш ұпайдан бар. Десек те, гол айырмасы жөнінен грузиндердің көрсеткіші тәуір, олар көш басында келеді. Жарыс регламентіне сәйкес, кеше командалар бір күндік үзіліс алды. Ал бүгін топтық бәсекелер шеңберінде соңғы тур ойындары өтеді. Қазақстан құрамасына жарысты жалғастыру үшін Иран командасын қайткенде де ұту қажет. Шалқар ЕСТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×