Алаңымыз түзелмей, футболымыз дамымайды

22.05.2022, 22:38
Кеше Түркістандағы екі жағы ашық стадионда шаңды дауыл көтерілді, ал Шымкентте ғимараттың шатыры опырылып түсті.
Алаңымыз түзелмей, футболымыз дамымайды

Футбол әлемдегі ең танымал спорт түрі болып табылады. 1914 жылдан бері елімізде бұл спорттың біртіндеп даму кезеңі басталды. Бірақ қазіргі уақытта қазақ футболының жағдайы ел чемпионатында да, әлемдік аренада да мәз емес. Оған себеп көп. Мәселен еліміздегі командалардың доп теуіп жүрген стадиондарына бір назар аударайық. Елімізде тәуелсіздік алғаннан бері жаңадан небәрі екі ғана стадион салынған. Ол елордамыздағы «Астана Арена» мен киелі Түркістандағы «Түркістан Арена». Шет елден құрама командалар келсе, бірден Астанадағы стадионды көрсетіп мақтанамыз. Әлемдегі қозғалмалы шатыры бар 6 стадионның қатарына кіреді деп көкірек ұрамыз әйтеуір. Оның өзінде сырт елден келген ойыншылардың өзі стадионның алаңы жасанды болғандықтан, жарақат алып үнемі шағым айтып жатады. 30000 көрермен сиятын бұл арена 2009 жылы салынғанымен, тозығы жетті ме белгісіз, әйтеуір осыдан екі ай бұрын шатыры матч барысында опырылып құлап қалды.


«Астана Аренадан» кейінгі салынған тағы бір стадион түркі әлемінің астанасы саналатын Түркістандағы 7000 адам сыятын «Түркістан-Арена». Стадион салынады дегенде мәз болған халық, салынып біткеннен кейін біраз сын айтып тастады. Мәселе стадионның реконструкциясында немесе сапасында емес, бөлінген қаражатта. Стадион 39 миллион долларға салынып біткен. Бұндай бағаға шет елдерде 7000 адамдық емес 15000-20000 көрерменге арналған зәулім стадиондар салынып тастаған. Бұл стадионның проблемасы көрермен сыйымдылығының аздығы ғана емес. Сонымен қатар екі қақпа артында трибунаның болмауы да бір жағынан сәнсіз, бір жағынан ойыншыларға кедергісін келтіреді. Мәселен кей ойыншылар сол екі қақпа артынан қатты жел соғып, ойынға кедергі келтірді деп шағымданған болатын. Күні кеше стадионда шаңды дауыл көтеріліп, көпті таңқалдырды. Нәтижесінде «Тұран» мен «Ақтөбе» арасындағы матч кейінге шегерілді. Осы екі трибуна жабық болғанда жағдай мүлдем басқаша болар еді.

«Түркістан Аренадағы» шаңды дауыл

«Түркістан Аренадағы» шаңды дауыл

Бұл стадион қанша жерден жаңа болса да, проблемалары әлі бітпейді. Өйткені стадионда баспасөз үйі жоқ және ойындарға трансляция жасау үшін операторларға арналған арнайы орындар жоқ. Әйтеуір жоқтан жақсы деп бұл стадионда «Тұран» мен «Қыран» командалары доп теуіп жүр.

Бұл айтылғандар тек тәуелсіздік алғаннан кейінгі салынған су жаңа стадиондарымыздың сиқы. Бұлардан бөлек бізде стадиондар жоқ емес бар, тіпті еліміздің барлық аймағында дерлік футбол стадиондары жетерлік. Бірақ олардың ешқайсысында ауыз толтырып айтарлықтай жағдай жоқ. Қазақ футболының астанасы деп аталып кеткен Ақтөбенің өзінде жыл сайын орталық стадионның маусым басында дайын болмай, жергілікті команданың мектеп алаңдарда доп теуіп жүргені де жасырын емес. Бұл Орталық стадионның алаңы кеш дайын болатынымен, кез-келген деңгейдегі ойындарды қабылдауға қауқары жетеді.

Жасыл алаң мәселесі тек «Ақтөбенің» ғана емес, сол сияқты «Атырау», «Ақжайық», «Шахтер», «Ордабасы» сыңды тағы бірнеше клубтардың басты мәселесі болып отыр. Мысалы кеше Премьер-лиганың он екінші туры аясында «Ордабасы» «Ақсуды» қабылдады. Матч бастала салысымен алаң иелері гол соғып алды. Бірақ кенеттен Қадымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның шатыры опырылып, «Ақсу» қақпасының артына түсті. Қуанышқа орай, ол жерде болған қақпашы Евгений Кучеренко мен доп тасып жүретін жас балалар дер кезінде қашып үлгерген екен. Осылайша, бір күнде екі матч кейінге шегерілді. Бұл іске қатысты тергеу жұмыстары да басталып кетті. Ғимаратты соққан компанияға ірі көлемде айыппұл (6,3 миллион теңге) салынады деп болжануда.

«Түркістан Аренадағы» шаңды дауыл

Қажымұқан Мұңайтпасов стадионындағы оқыс оқиға

Осы маусымның басында да бірнеше матчтар кейінге шегерілген болатын. Атап айтсақ, екінші турдағы «Ақжайық» пен «Тұран», сондай-ақ үшінші турдағы «Шахтер» мен «Ақсу» арасындағы ойын ауа-райының қолайсыздығына байланысты өтпей қалды. Екі жағдайда да алаңды қар басып қалды және тазалау жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады.

«Түркістан Аренадағы» шаңды дауыл

Наурыз айындағы «Шахтер» стадионының жағдайы

Ойынды кейінге қалдыру қонақ команда үшін үлкен шығын болып саналады. «Тұран» Оралға, Ақсу «Шымкентке», ал «Ақтөбе» Түркістанға келіп, қонақ болып қайтты. Жақын жер болса бір жөн. Үш клуб та Қазақстанның арғы шетінен бергі шетіне құр бекер барды. Матчты қайта өткізу үшін оларға тағы шығындалуға тура келеді.

«Түркістан Аренадағы» шаңды дауыл

Наурыз айындағы «Ақжайық» стадионының жай-күйі

Аяқдопшылар үшін стадионның жаңа-ескілігі емес, алаң сапасы өте маңызды, өйткені Премьер-лигадағы көп ойыншылар сапасыз алаңның кесірінен үнемі жарақат алып жатады. Осы маусымның басында «Ордабасы» қақпашысы Бекхан Шайзада Тараздағы стадионның сапасын, еліміздегі футболға жауапты мамандарды сынға алған болатын.

Бір уақыттары Владимир Вайсс Теміртау қаласындағы стадионның жағдайын қатты сынады. Ол журналистерге: «Сіздер менен «қазақстандық клубтар қашан Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнайды» деп көп сұрайсыздар. Егер қазақстандық клубтардың бұл турнирде ойнауын қаласаңыздар, ойындарды Теміртаудағыдай алаңдарда өткізуге болмайды. Бұл ойыншылар үшін қауіпті. Теміртаудың стадионы 13-ғасырды еске салады», - деп жауап берген еді.

ҚФФ дерегіне сүйенсек, Қостанайдағы Орталық стадион, Талдықорғандағы «Жетісу» алаңы, Павлодардағы Орталық стадион, Қарағандыдағы «Шахтер» футбол алаңдарында еуропалық жарыстардың іріктеу матчтарын ғана өткізуге болады. Ал Өскемендегі «Восток», Оралдағы Орталық стадион, Қызылорда, Семей, Петропавл, Теміртау, Көкшетау, Шымкент, Атырау қалаларындағы футбол алаңдарында халықаралық стандарттарға сай келетінін растайтын сертификат жоқ.

Қанша жерден академия салып, балалар футболын дамытамыз дегенімізбен кәсіпқой футболдың өзінде сапалы стадиондарымыз саусақпен санарлық болып тұр. Ойыншыларға қауіпсіз, көрермендерге ыңғайлы стадиондар салынбайынша отандық клубтардың әлемдік аренада нәтижелі ойын көрсетуі екі талай.

Айнат Қабидуллаев

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×