4 наурыздан, бастап кері санағанда Бразилияда өтетін әлем чемпионатына тура 100 күн қалды. Сіз бен біз сарыла күткен сиқырлы сәтке санаулы ғана уақыт қалған осы ерекше күнде Англияның «The Daily Mail» басылымы әлем чемпионаты тарихындағы әйгілі 100 футболшыны саралап шыққан екен. Енді біз соларды өзіміздің оқырмандарымызға таныстырғалы отырмыз...
Өткен санымызда 100-90 аралығындағы футболшыларды таныстырған болатынбыз. Енді соның жалғасын ұсынып отырмыз...89-80-інші орындардағы аңыз ойыншылар бүгінгі санымызда.
89. Олек Саленко (Ресей) 1994
Олекті әлемге танытқан 1994 жылғы чемпионат болды. Ресей құрамасының алғаш қатысқан әлем чемпонаты болатын бұл. (Бұрын кеңестік одақтың құрамында болған.) Ол әлем чемпионатында гол соққан алғашқы Ресейлік ойыншы. ДӘл осы чемпионатта ол Камерон құрамасына бес бірдей гол соққан. Осылайша ол Ресей құрамасы топтық кезеңнен ары аса алмасада сол чемпионаттың ең үздік сұр мергені атанды. Үш ғана ойынға қатысып чемпионаттың алтын кебісін ұту әзірге дейін Олектің ғана қолынан келген ерлік саналады. (жалпы алты гол соққан.)
88. Хосе Насасси (Уругвай) 1930
Алғашқы әлем чемпионатындағы алғашқы әлем чемпиондарының капитаны, әрі алғашқы әлем чемпионатының алғашқы алтын доп иегері.
87. Дейна Казимеж (Полша) 1974, 1978
Жетпісінші жылдардағы ең мықты жартылай қоғаушылардың бірі. 1974 жылғы әлем чемпионатында Полша командасын бастап үшінші орыннан көрінді. 41 жасында көлік апатынан қайтыс болағаннан кейін, Полша тарихындағы ең атақты футболшы атанған.
86. Гильермо Стабиле (Аргентина) 1930
1930 жылы өткен алғашқы әлем чемпионатында 8 гол соғып, чемпионаттың күміс кебісін(екінші үздік сұр мерген) иеленген.
85. Карека (Бразилия) 1986, 1990
Өзі қатысқан екі әлем чемпионатында 7 гол соққан. Бұның бесеуін 1986 Мексика жерінде өз еншісіне жазған екен.
84. Карлос Вальдеррама (Колумбия) 1990, 1994, 1998
Колумбиялық "арстан" жанкүйер қауымның жүрегінде өзі қатысқан үш әлем чемпионатындағы әдемі ойындарымен және өзгеше шаш үлгісімен қалды.
83. Энцо Шифо (Белгия) 1986, 1990, 1994, 1998
Белгия футболының бір дәуірінің көрсеткіші саналатын ол төрт бірдей әлем чемпионатына қатысқан. Сол кездердегі Еуропа футболының аға "ұстаздарының" бірі.
82. Фабьен Бартез (Франция) 1998, 2002, 2006
1998 жылы Францияның өз жерінде чемпион атануына Бартездің бір кісілік еңбегі сіңді. Бар болғаны екі ғана гол өткізіп алған ол өз командасының жеңістерге жетуін қамтамасыз етті.
81. Икер Касильяс (Испания) 2002, 2006, 2010
Испания тарихындағы үш бірдей әлем чемпионатына қатысқан тұңғыш қақпашы. 2010 жылы Африка жеріндегі чемпионатта қақпасына бар болғаны екі гол ғана жіберген Икер ең соңында чемпион атанды.
80. Освальдо Ардилес (Аргентина) 1978, 1982
1978 жылғы әлем чемпионатында өте керемет ойындарымен ел есінде қалды. Кейін "Тоттенхэмде" тер төккен ол англиялық жанкүйерлер назарындағы ең сүйікті аргентиналық ойыншыға айналды.
Жалғасы бар...
Қуанышхан ӨМІРХАН