ЛЕОНЕЛЬ МЕССИ «МАНЧЕСТЕР СИТИГЕ» АУЫСА МА?

07.03.2014, 09:48
ЛЕОНЕЛЬ МЕССИ «МАНЧЕСТЕР СИТИГЕ» АУЫСА МА?
МикошСоңғы кездері Месси жайлы алып-қашпа әңгімелердің көбейіп кеткенін көптеген басылымдардан естіп жүрміз. Жарақатынан енді ғана айығып келе жатқан аргентиналық футболшы үшін өзі туралы негативті пікірлер көңілін көтермесі бесенеден белгілі. Тіпті «Ситиге» ауысуы мүмкін деген әңгімелер де жоқ емес. Футболшының болашақ командасы жайлы және қазіргі жағдайы турасында аз-кем сараптама жасауды жөн көріп отырмыз. Соңғы жылдары өз командасына көптеген Әлемнің үздік ойыншыларын қосып үлгерген «Манчестер Сити» енді аргентиналық Леонель Мессиге көз тігіп, каталондық клубқа ойыншы үшін 200 млн еуро беруге дайын. Егер де Лео «қалалықтардың» сапына ауысатын болса, «Алтын доптың» төрт дүркін иегері жылына 25 млн еуро табыс табатын болады. Ағылшындық ұжым футболшының болашағы жайлы әкесі Хорхе Мессимен келіссөздер жүргізуде. El Confidencial сайтының мәліметінше Месси өз командаластарымен келіспей қалған көрінеді. Әріптестерінің пікірінше, жаттығулар және матч барысында аргентиналық шабуылшы өзінің барлық қабілетімен ойнамайды екен. Бір жағынан футболшы да командаластарымен сөз таластырғанды әдетке айналдырыпты. Оның үстіне соңғы уақыттары Испанияның салық басқармасының өкілдері де Мессидің отбасына белгілі мөлшерде салық төлемеді деген айып тағып жүргені тағы бар. Ағылшын клубынан бөлек француздық «ПСЖ» командасы да аргентиналық ойыншыны өз қосындарында көргісі келетіндерін жасырмай айтқан. Алайда Францияның заңы бойынша шет елдік футболшы жылына табысының 75 пайызын мемлекеттік қазынаға беруі тиіс. Кезінде таэквандошы, әр ойында кем дегенде бір гол салатын швециялық форвард Златан Ибрагимович те осындай қиындықтарға тап болған. Бірақ париждік ұжымның араб қожайындары Ибраның ұртын майлап, айлығынан бөлек, қосымша беретін салығын «өзіміз көтереміз» деп әупірімдеп жүріп командаларына қосқан. Спорттық мансабында ешқандай клубпен Чемпиондар Лигасын жеңе алмаған швециялық футболшы әр ойында гол салып, көрермен көзайымына, ең бастысы қомақты жалақысын беріп отырған шейхтардың көңілінен шығып жүр. 26 жасар Леонель Месси мен оның «Барселонасы» арасындағы қалыптасқан қатынас туралы айтсақ, футболшының клубтан кететіндей қисыны жоқ. 2000-шы жылы ол Аргентинада өзінің туған қаласы Росариодағы «Ньюэллз Ред Бойз» командасында ойнап жүрген. Дәрігерлер оның бойының өспей қалу қаупі бар екендігін айтқан. Алайда өзі ойнап жүрген клуб футболшының емделуіне айына 900 АҚШ долларын беруден бас тартады. Сол кезде Ривер Плейт командасы Мессиге көз тіккен. Бірақ емделуіне қаражат таба алмайды. Осы сәтте «Барселона» акционерлерінің бірі баланың бойынан талантты байқап, каталондық клубтың директорлар кеңесіне жас жұлдыздың өсіп келе жатқандығын, болашақта «Барса» үшін пайдасы тиетінін тілге тиек етіп, Мессидің жылдық емделуіне 90 мың АҚШ долларын бөлдіріп, оны жанұясымен бірге Барселонаға көшіріп алады. Бала Лео жыл санап өсе берді. Денсаулығы мен ойыны да түзеле бастады. Бүгінде оның бойы 169 см. Футбол әлемінде ондай аласалау боймен ұзаққа шаба алмайсың көп жағдайда. Бірақ бұл әңгіме Мессиге қатысты емес. 26 жасында үлкен белестерді бағындырып үлгерген нәтижесін кез-келген футболшы спорттық мансабында істей алмайды. Бар әрине. Мысалы, Криштиану Роналду, Уэйн Руни, Радамель Фалькаолар. Алайда олар көп емес. Сайып келгенде аргентиналықтың «Барселонаға» ешқандай реніші жоқ. Кезінде өсірді, өндірді. Жемісін көрді. Лео каталондық клубқа өз-өзін баяғыда ақтап кеткен. Егер де Месси расымен де Англияға кететін болса, футбол әлеміндегі ең үлкен жаңалықтардың бірі болары сөзсіз. Журналистердің аңдығаны Лео болмақ. Ағылшын Премьер-Лигасы кез-келген үздік ойыншыны жұтып жеп қояды. Ол жақта әлсіздерге жол жабық. Бірақ Лео әлсіздер санатынан емес. Алайда ірі денелі, бойшаң аяқдопшылардан құралған ағылшын командалары оған футбол ойнауға мұрша бере ме екен? Мәселен, Месут Өзілді алайықшы. Мадридтік «Реалда» жасындай жарқылдаған этникалық түрік «Арсеналға» келіп қиындықтарға тап болды. Әрине Өзіл де алып денелі ойыншы. БАҚ өкілдері Месуттың әр ойынын сынап-мінеуде. Соған қарамастан канонирлер сапында 33 ойында 5 гол салып, 11 голдық пас берген. Қарап отырсаңыз, маусым аяқталмай жатып-ақ Өзіл голдар мен пастар беруді мұнда да жалғастырып, командаға тез сіңісіп кетті. Ал маңызды турнир саналатын Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында мюнхендік «Баварияға» пенальти соға алмағаны үшін не айтпады сол журналистер? Міне, Англияға келсең, қырық рет ойланып, бір рет кесіп, дұрыс шешім қабылдап келуің керек. «Мен бұл клубпен бақыттымын. Ешқашан да командамды тастамаймын» деген аяқдопшыларды білеміз. Ақырында сол клубтарын тастап кетіп жатады. Ақшаның күші не істетпейді? Егер де Месси «Барселонадан» кетсе, ақша үшін емес, бір үйдің баласындай ұйыған ауызбіршілігі бар командаға барады. Кезінде Гвардиоланың «Барселонасында» Месси де, клубы да мықты еді ғой. Қазір жаман деп айта алмайсың. Десе де команданың аты өзгермегенімен, ойыны өзгерді. Каталондық ұжымда біраз дағдарыстың барын білеміз. Леоның кетуіне де осы фактор әсер етуі мүмкін. «Манчестер Сити» аргентиналық үшін «Барсаға» 200 млн еуро төлеп, жылына 25 млн еуро жалақы береміз деп отырғаны да жайдан жай емес. Ойланып көріңіз. «Месси 10» деген «Ситидің» жейдесін миллиондаған фанаттар сатып алады. «Қалалықтардың» жанкүйерлері Әлем бойынша бірнеше миллионға арта түседі. Айналып келгенде клуб қожайындары да пайдаға кенеледі. Қайткен күнде де Испания Ла-Лигасы аяқталып,  Бразилиядағы Әлем біріншіліген кейін Мессиді «Манчестер Сити» сапында көрсеңіз, таң қалмаңыз! Руслан БАҚЫТЖАН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×