Еуропа алаңдарына саяхат

07.03.2014, 05:00
Еуропа алаңдарына саяхат
Еуропа чемпионаттары нағыз қызған шағында десек қателеспесбіз. Кейбір чемпионаттарда чемпиондық тағдыры шешілгенімен, одан төменгі орындарға таласып жатқан командалар футбол көркін қыздырып жатса, ал кейбір чемпионаттарда алтын үшін таласқа 1-2 команда ғана емес, тіпті 4-5 командалар таласуда. Германия, Италия, Испания, әсіресе, Англия чемпионаты, футбол десе ішкен асын жерге қояр жанкүйерлер үшін әр тур сайын тосын сыйымен қуантуда. Сонымен, құрметі оқырмандар, сіз бен біз болып осы Еуропадағы жетекші 4 чемпионатты бағалап, алған әсірімізбен, күтер нәтижелерімізбен бөлісіп, алтынға, еурокубогтік орындарға таласта фаворит саналар командаларды қысқаша саралап көрсек артықтық етпес. Италия. А Сериясы. Соңғы жылдары бұл біріншілік жанкүйерлер қызығушылығынан айырылған секілді. Рейтингте де біраз төмендеді. Бұрын Италиядан, Чемпиондар Лигасына 4 команда жолдама алар болса, қазір 3-еуге қысқарды. Себеп те баршылық. Соңғы 2 жылдың чемпионы туриндік ""Ювентус"", Чемпиондар Лигасында жарытып ештенке көрсете алмай жүргенде рейтинг төмендемей қайтсін? Италиялық ұжымдар, ""Интерден"" Жозе Моуриньо кеткелі бері, Чемпиондар Лигасының жартылай финалы дегеннін не екенін ұмытты. Дүние жүзіндегі ең атақты клубтық турнирде, Италия атынан, дәл қазіргі таңда ортаң қол команда саналатын "Милан" ойнап жатса, қайдағы жартылай финал? Дегенмен де ішкі біріншілікте ""Ювентустың" мысы басым. Осы жылы чемпион болары 90 пайызға анық. Бұл құраммен "Ювентус" тым болмаса Италияда чемпион болуы керек, әрине. Туриндіктер 2-ші орындағы "Ромадан" 9 ұпайға озып келеді. 9 ұпай пәлендей басымдылық емес, қалған ойындарда қуып жетуі мүмкін дер бәзбіреулер. Бірақ, бұл теориялық тұрғыдан алғанда. Себебі римдіктердің өзі тұрақты ойын өрнегін көрсете алмай жүр. Үштіктің соңында "Наполи" тұр. Қиындық тудырса осы команда ғана тудырта алар "Ромаға" қарсы. Команда қазіргі таңда жаман ойын көрсетіп жүрген жоқ. Онымен қоса, Бенитестің мақсаты ендігі жылға Чемпиондар Лигасына жолдама алу екені анық. Италияға сапарымызда "Миланға" соқпай кеткеніміз жарамас. Зеедорф келгелі бері команда біршама жақсарды.. Бұл жылы Чемпиондар Лигасында да, ішкі біріншілікте де Зеедорф алдына қойылған басты мақсат нәтиже емес, ойынында тұрақтылық орнату. Соңғы кездесулерде, "Атлетикоға" қарсы да, "Ювентусқа" қарсы да нәтиже қам көңілге демеу бола алмаса да, ойын өрнегінде айтарлықтай прогресс байқалады. Германия. Бундеслига. Соңғы екі жылда неміс чемпионаты екіге бөлініп өнер көрсетіп жатқан сияқты. Бірінде жалғыз "Бавария", қалғаны 17 команда. Пеп шәкірттерінің әрбір ойыны қарсыласқа көрсеткен мастер-класс секілді. Ойын алдындағы сұрақтар: "Бавария" қанша гол салады, кімдер гол тоғытады? Басты тартыс 2-орынға болып тұр. Бұл орынға "Боруссия Д", "Байер", "Шальке" таласуда. Бұл үштікте басты фаворит әрине, Клопп шәкірттері. Қазір екінші орында, енді ол орнын бере қоймас, онымен қоса қарсыластар да қарсы бола қоймас. "Байерға" соңғы 8 ойында жеңіске жету арман болса, "Шалькенің" жағдайы белгілі. Испания. Испан Примьерасы. Бұл чемпионатта соңғы жылдары болмаған жағдай. Соңғы 10 жылдай көлемінде ешқашан алтынға бірден 3 ұжым таласпағантұғын. Дәлірек айтсақ, сонау 2004-ші жылы "Валенсия" чемпион болғалы бері. Чемпионаттың үштен екі бөлігі өтсе де, әлі де көш басында үшеу. "Атлетико", "Реал", "Барселона" үшеуін тауға өрмелеген альпинистерге теңеуге болады. Сәл ғана қателік-биік шың жоқ. Кім биік шыңның шыңына көтерілетінің дөп басып айту қиын. Әлі алда біраз ойындар бар. Үшеуі чемпионатпен қоса, еурокубокте де өнер көрсетіп жатыр. Қай ұжым екі майданда жақсы шайқасады, сол жеңіске жетпек. Қол жеткізуге болар 4-ші орынға, яғни Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңіне жолдама берер орынға "Атлетик Бильбао", "Вильяреал", және осы жылы Чемпиондар Лигасының дәмін сезіп үлгерген "Реал Сосьедад" таласып жатыр. Бұл да өзіндік бір спринт. Бұл бәсекеде "Атлетик" фаворит көрінетіндей. Ойын өрнегі де жақсы, онымен қоса қарсыластар да аутсайдер командалармен ойында ізбе-із сүрініп жатыр. Англия. Ағылшын Примьер-Лигасы. Бұл турнир басқа кәрі құрлықтың басқа чемпионаттарына қарағанда өзгеше сараптауды қажет етеді. Ағылшын Примьер-Лигасы осы маусымда бәрін таңғалдырды. Әр тур сайын таңғалдыруда. Маусым соңында турнир кестесінің қалай боларын болжау мүмкін емес. Қазіргі бірінші орындағы "Челси", жүлделі орындардан да түсіп қалуы мүмкін. Қысқасы, бәрі мүмкін. "Челси", "Арсенал", "Манчестер Сити", бірінші айналымнан кейін чемпиондыққа үміткерлер тізімінен сызып тастаған "Ливерпуль" де бар. Роджерстің алдына,  маусым алдында қойылған мақсаты команданы төрттікке енгізу болатын. Енді, міне чемпиондықтың ауылы жақындап тұрғанда неге таласпасқа? Ең бастысы, өз мүмкіндіктерін асыра бағалап, соңғы турларда аутсайдерлермен еркінсімесе болғаны. Чемпионат аяғында кез келген аутсайдер  қауіпті. Онымен қоса қызылдардың басымдылығы, қалалықтар және ақсүйектермен өз алаңында ойнамақ. Бірақ, түптеп келгенде алтынға басты фаворит Жозеның командасы екені анық. Мотиваторлық қасиеті португалиялыққа көмектесу керек. Екі майданда да команда күшін үнемдіп жұмсап, шешуші сәтте, маусым соңында жеңімпаз болып шыққанын талай көргенбіз. Қалай болған күннің өзіңде, тәжірбиелі, психологиялық, физиологиялық жағынан мығым командалар ғана жеңіс тұғырына көтеріледі. Алдымызда екі айдай уақыт бар, сол уақыттан кейін ғана нәтижені білетін боламыз. Ал қазір, командалардың қызықты ойындарынан, талас-тартысынан ләззәт алып, сүйікті команданның тілеуін тілеп, күтер нәтижелердің орындалуын күту ғана.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×