Әлем чемпионатына болжам

09.12.2013, 07:02
Әлем чемпионатына болжам
Желтоқсан айының 6-нан 7-не қараған түні Әлем Чемпионатының жеребесі тартылды. 2014 жылы Бразилияда өтетін дүбірлі доданы әлем халықтары асыға күтуде. Жеребе тарту рәсімінде шарларды араластыру қызметін Зиннедин Зидан, Кафу және Фавио Каннаваро атқарды. Жеребе бойынша топтастырылған 8 топ назарларыңызда. Жеребенің біреуге сәтті, біреуге сәтсіз өтетіні заңдылық. Футбол жанкүйері ретінде өзімше болжам жасап көрген болатынмын. Сонымен, кеттік. Ең бірінші жарыс қожайындары өнер көрсететін А тобынан бастасақ. Бұл топта негізгі фаворит алаң иелері екені белгілі. Топтан шығу мүмкіндігі Бразилия мен Камерон мемлекеттері иеленетін тәрізді.В тобы жанкүйерлерге ең әдемі ойын өрнегін көрсететініне күман келтірмейміз. 2010 жылғы ӘЧ-ның финалистері қызыл фуриялықтар мен қызғалдақтар елінің арасында негізгі бәсеке өрбейтіні белгілі. Финалға бергісіз ойын көруіміз ықтимал. Ал С тобына келер болсақ, бұл топқа түскен 4 мемлекетте деңгейлес десек артық болмайды. Азияда өнер көрсететін Жапонияның шама- шарқын білеміз. Дей тұрғанмен ширек финалдық жолдама үшін бәсеке гректер мен колумбиялықтардың арасында өтетін сыңайлы. 2014 жылғы жеребе бойынша « Өлім тобы» делінген Д тобында алпауыт 3 команда түсіп отыр. Уругвай, Англия және 2006 жылғы әлем чемпиондары Италия құрамалары түскен бұл топта нағыз бәсеке, нағыз шайқас. Диего Форлан мен Суарес өнер көрсететін Уругвайлықтар мен Буффон бастаған итальяндықтар жүрісінен жаңылмаса мүмкіндігі зор. Ұлы Британиялықтардан да аттап өтуге болмайды. 2014 жылғы ӘЧ-ның ең сәтті түскен топтары деп Е және F тобын айтуымызға болады. Яғни, жаңа құрамалардың жасындай жарқылдауына зор мүмкіндік туғызып отыр. Е тобының негізгі фавориті Карим Бензема ойнайтын Франция, F тобында қазіргі футболдың «аңыз ойыншысы» Лионель Месси бастаған аргентиналықтар екені сөзсіз. Арсен Венгер: «Месси Әлем Чемпионатын 2014 те ұтса,онда Әлемнің футбол тарихындағы ең үздік және аңыз ойыншысы болады»,- деген болатын. Месси - мықты футболист, сөз жоқ. Бірақ жақсы ойын көрсету үшін ол жеткіліксіз. Команда мықты болуы керек екені белгілі. Месси құрамасын барынша алға сүйрейтіні белгілі. Әлем Чемпионатында бағы келіспей жүрген бірден бір ойыншы осы – Месси. Ал топтан шығу мүмкіндігі Швейцария мен Нигерияға бұйыруы керек. Ең қызықты әрі тартысты өтетін топтың бірі G тобы. Неміс машинасына төтеп берер команданы Португалия десек болады. Криштиану Роналдо бастаған португалдықтар үшін ӘЧ-ның жолдамасы ерен еңбекпен келген болатын. Златан Ибрагимович бастаған Шведтердің бағын байлаған португалдықтар топтан немістерден кейін екінші орынмен шығуы керек. Ең жолы ауыр команда деп Португалияны айтуға болады. Осы топтағы Африканың мықты командасы Ганадан да сенсация күтеміз. Ең соңғы H тобы орыстар үшін сәтті түсті деуге толық негіз бар. Жыл жаңалығы атанған құрамы жастардан жасақталған Белгия мен көршілес Ресейдің бағы бар екен. «Ағайынның аты озғанша, көршінің тайы озсын» деген біздер үшін орыстардың ұтқаны не ұтылғаны да пайда әкелмейді. Одан гөрі Әлемдік додада бағы жанбай жүрген Месси мен Роналдоның командасының алғаны әлдеқайда жақсы болар еді. Менің болжамымды назарларыңызға ұсынсам. Байқағандарыңыздай болжамым бойынша 2014 жылғы ӘЧ-ның финалында Бразилия мен Германия кездесуі керек. Қалай болса да финалдық ойынның, яғния 2014 жылғы әлем чемпиондары алаң иелері болады деп ойлаймын. Футболдың отаны атанған Бразилиялықтар үшін чемпион болу арман емес. Дәл қазіргі қарқынымен өнер көрсетсе Чемпиондықтың ауылы алыс емес. Футболдың қызық пен шыжыққа толы екені баршамызға мәлім. Кейде күтпеген сенсацияларда болады. Мықты деген құрамаларымыз бағы жанбай тұғырынан тайып жатады. Бұл менің өзіндік болжамым. Мен – тарихты алдын ала болжайтын Ванга немесе сегіз аяқ емеспін. Жәй ғана бүкіл он сегіз мың ғаламдағы тірі жандардың ішіндегі ең ақылды жаратылыс – Адам ата ұрпағымын. Сегіз аяқ пен лақтан көрі ақылға қонатын болжам айттым деп ойлаймын. Сонымен, мен 2014 жылғы Әлем чемпионы Бразилия болады деп топшаладым. Сейдахмет Бердіқұлов ат қойған "біраз ел" менің ойымша біраз жерге барады. Сіз қалай ойлайсыз? Дайындаған: Берікбол Төлеген
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×