Алға, Өзбекстан!

25.01.2011, 17:54
Алға, Өзбекстан!
Бүгiн футболдан Катарда өтiп жатқан Азия кубогының финалына шыққан командалар анықталады. Ширек финалдан сүрiнбей өткен Өзбекстан құрамасы мен Австралия футболшыларының жартылай финалда жолдары түйiстi. Сондай-ақ Азияның үш дүркiн чемпионы Жапония мен екi дүркiн құрлық жеңiмпазы Оңтүстiк Корея да өзара финалдық кезеңнiң жолдамасын сарапқа салады.
А тобында аты озған Өзбекстан құрамасы ширек финалда Иордания футболшыларымен кездестi. В тобында жапон футболшыларымен бiрдей ұпай жинаған Иордания құрамасы доп айырмасы бойынша өз тобында екiншi орын алған-ды. Сауд Арабиясы мен Сирия футболшыларын ұтып, Күншығыс елiнiң өкiлдерi мен тең дәрежеде өнер көрсеткен иорданиялықтар осылайша өз тарихында екiншi рет Азияның үздiк сегiз командасының қатарына қосылды.
Өзбекстан мен Иордания арасындағы ширек финалдық кездесудiң алғашқы кезеңiн­де есеп ашылған жоқ. Өзбек футболшылары қанша жерден басым ойнағанымен бiрiншi кезеңде есеп аша алмады. Есесiне, екiншi кезең бастала салысымен өзбек футболшылары ерледi. 46-минутта Сервер Джепаровтың әуелеткен добын баспен қақпаға дәл бағыттаған Ұлықбек Бақаев есеп ашты. Артынша, үш минут өтер-өтпестен Бақаев Иордания қақпасына екiншi допты соқты. Иорданиялықтар өзбектер соққан екi доп­қа 58-минутта бiр доппен жауап бергенiмен, таразы басын теңестiруге шамалары келмедi. Сөйтiп, 2:1 есебiмен Иордания құрамасын ұтқан Өзбекстан футболшылары өз тарихында тұңғыш рет Азия кубогының жартылай финалына жолдама алды.
Азия футбол конфедерациясына 2006 жылы ғана қосыл­ған Австралия футболшылары да жартылай финал­ға тұңғыш рет шықты. 2007 жылы құрлықтық жарыстың ширек финалынан қайтқан авс­тралиялықтар Ирак футболшыларынан айласын асырды. Осыдан төрт жыл бұрын Азияның алды болған Ирак Австралия футболшыларымен тоқсан минут бойы терезесi тең ойын көрсетiп едi. Алайда төрешi қосқан қосымша отыз минутта Австралия футболшыларының бағы жанып, жартылай финалдық жолдаманы жұлып әкеттi.
Азия кубогының ширек финалында Жапония футболшыларымен кездескен Катар құрамасы да жартылай фи­нал­ға шығуға өте жақын едi. Ойынның 70-минутына дейiн 2:1 есебiмен алда тұрған Катар қалған уақытта жеңiстi қолдан берiп қойды.
Ширек финалдық ойындардың нәтижелерi:
Катар – Жапония – 2:3 (Сория, 13-минутта, Сезар, 63-минутта – Кагава, 28, 70-минуттарда, Иноха, 89-минутта);
Өзбекстан – Иордания – 2:1 (Бақаев, 46, 49-минуттарда – Башар, 58-минутта);
Австралия – Ирак – 1:0 (Кьюэлл, 119-минутта);
Иран – Оңтүстiк Корея – 0:1 (Юн Пит Карам, 105-минутта).
Жартылай финал
Өзбекстан – Австралия;
Жапония – Оңтүстiк Корея.
Азия кубогының жеңiмпазы 29 қаңтар күнi анықталады.
Төлеубек Әдiлбекұлы
toleubek@bk.ru
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×