Әли Әлиев: «Осиекпен» болатын ойында барлығы соңына дейін күреседі»

17.07.2022, 22:17
Петропавлдық клуб санаулы күннен кейін еурокубокте дебют жасайды.
Әли Әлиев: «Осиекпен» болатын ойында барлығы соңына дейін күреседі»

«Қызыл-Жардың» бас бапкері Әли Әлиев «Қайсарға» қарсы өткен ойынды (1:2) қорытындылады:

– Өз алаңымызда қатарынан екі ойында жеңіске жете алмағанымыз үшін барша жанкүйерлерден кешірім сұрауымыз керек. Үнемі команданың қасында болып, қолдау көрсететін футбол жанкүйерлерінен ойын сапасы үшін емес, нәтиже үшін де кешірім сұраймыз. Өте ынталы қарсыласпен жолықтық. «Қайсар» – Бірінші лиганың көшбасшысы. Олар мұнда үлкен мотивациямен келді. «Ақжайықты» өз алаңында жеңген (1:0) соң, өздеріне деген сенімділіктері арта түсті. Сондықтан олар Қазақстан кубогінің топтық кезеңінде «тосын сый» жасауға тырысуда.

Ойынның өзіне келетін болсақ, бұл жерде пікір айтудың қажеті жоқ. Өйткені сәттілік бізден теріс айналды. Ал кейбір эпизодтарда асығыстық пен орындаушылық шеберлігіміз гол соғуға мүмкіндік бермеді. Өзіңіз көріп отырсыз, VAR пенальти белгілеген төрешінің шешімін қате деп тапты. Мұны бағалайтын сарапшылар мен төрешілер комитеті бар. Тағы да нәтиже үшін кешірім сұраймын, бірақ ойын сапасы жағынан команда жақсы деңгейде деп ойлаймын. Қарсыласты бағаламау болған жоқ. Иә, олар да стандартты жағдайларды жақсы пайдаланады. Сондай эпизодтардың бірінде гол жіберіп алдық. Мен бұған қалай түсініктеме берерімді де білмеймін.

– «Осиек» туралы не айтасыз? Бұл солтүстікқазақстандық футбол үшін тарихи матч екенін бәрі де біледі. Команданың дайындығы қалай?

– Біріншіден, бұл тек тарихи сәт емес. Бұл қала үшін сыйлық. Қаланың құрылғанына 270 жыл толды. Нағыз футбол жанкүйерлері команданың еуропалық аренада ойнауын асыға күтті деп ойлаймын. Біз облыстың ғана емес, Қазақстанның атынан шығамыз. Жаттығуда да, өмірде де ойыншылар күнделікті істерімен айналысады. Ешкім де бұл ойынға бейжай қарамайды деп айта аламын. Барлығы соңына дейін күреседі. Олар алаңда барын салады. Мүмкіндігіміздің аз екені анық. Бірақ тәртіп, физикалық дайындық, тактика жағынан жігіттердің жағдайы жақсы екенін өткен ойында көрдіңіздер. Соңғы ойын қорғаныста аздаған кемшіліктердің бар екенін көрсетті. Қарсыласқа қараймыз, ойынын сараптаймыз. Олар қазір Хорватия чемпионатының бірінші тур ойындарын өткізіп жатыр. Ооардың ойынын мұқият қарап, зерттейміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×