Нұркен Мазбаев: «Қарсылас команданы сыйлаймыз, бірақ ешкімнен қорықпаймыз»

17.07.2022, 21:56
Жамбылдық клуб келесі турда екі ойында да жеңілген «Ақтөбемен» кездеседі.
Нұркен Мазбаев: «Қарсылас команданы сыйлаймыз, бірақ ешкімнен қорықпаймыз»

«Тараздың» бас бапкері Нұркен Мазбаев «Мақтаарал» командасымен өткен матч (4:2) туралы пікір білдірді:

- Қарсылас команданың бұл кездесуде өте жинақы ойнауға тырысатынын түсіндік. Оның үстіне, алдыңғы ойында жеңіске жеткен. Чемпионаттағы олқылықтарды кубоктік ойында жібермеуге тырысып жатқанын байқап отырмыз.

Стандартты жағдайдан қателік жасап, гол жіберіп алдық. Бірақ оны түзеп, есепті теңестірдік. Шабуылшыларға қорғаушының алдына шығып ашылу керектігін айттық. Сондай сәтті Абылайхан жақсы пайдалана алды.

Ал екінші жіберіп алған гол қарымта шабуылдан келді. Үзіліс кезінде мұны қарап, ондай қателікке жол бермеу қажеттігін айттық. Екінші таймда допты өзімізде көбірек бақылауда ұстауға тырыстық. Себебі, ойынның бірінші бөлікте біраз шаршап қалғанымыз көрініп тұрды. Бұл жоспарымыз да ойдағыдай шықты.

Байқасаңыздар, бүгін осымен екінші рет қорғаушылармыз гол соқты. Өткен ойында Алекс көзге түскен еді. Бұл да біздің тактикалық тапсырмаларымызға кіреді. Тек жас командалармен ойында ғана емес, осындай кездесулерде де мүмкіндік болса қақпа маңынан ашылуды тапсырдық. Бұл да сәтті орындалды деп ойлаймын.

Жақып Қожамбердінің де екі мүмкіндігі болды. Соның бірінде қақпашыдан асыра теуіп, әдемі гол соққысы келгенін көрдік. Ол оның жаттығудағы өзінің сүйікті әдісі. Бірақ сәттік жетіспеді. Ал Байтанадан пас алған Дінмұхамед Қараман өз мүмкіндігін жіберген жоқ.

Есеп 4-2 болған соң қарсыластар да түсінген секілді немесе шаршап қалған шығар, сәл сылбыр ойнай бастады. Біз бірінші лига командасынан Думан Тұрсынбай мен Дәурен Жұматты алдырып, ойынға қостық. Оларға 10-15 минут болса да мұндай матчтар тәжірибе үшін керек. Жақсы доп қабылдап, тәуір ойнай алды деп есептеймін. Қазір Гамаков пен Таубай жарақатына байланысты ойынға қатыса алмай жүр. Осы кезде бұл жастарды шығарып отырмыз. Бірінші лигада да жақсы матчтар бар. Оларды біз әрине бақылап жүреміз. Одан соң жанкүйерлердің де қолдауы ерекше болды. Үлкен рахмет!

- Қарсылас команда сапынан қауіптірек ойнаған ойыншыларды атап бере аласыз ба?

- Қарсыластарды да зерделейміз. Себайхидің сол аяғымен жақсы тебетінін білетінбіз. Бірақ біз оны бүгін «ойнатқан» жоқпыз. Жақсы ашылып ойнаған Рамазан Кәрімовты атап өтуге болады. Бруно тәуір ойнады. Жалпы «Мақтаарал» жақсы команда. Өткен жолы «Ақтөбені» ұтты. Бірақ бірнәрсе жетіспейтін секілді.

- Келесі кездесуден не күтесіз?

- «Ақтөбе» әр ойынға түрлі құрам шығарып жүр. Бірақ екі жеңілістен кейін негізгі құрам келеді деп ойлаймын. Чемпионатта көш бастап келе жатыр. Сенімділігі өте жоғары. Шебер ойыншылар да бар. Біз қарсыласты сыйлаймыз, бірақ ешкімнен қорықпаймыз. Өте қызық ойын болады деп ойлаймын. Жанкүйерлер көптен келіп, қолдау көрсетсе, ол ойында да сәтті өнер көрсетуге бар күшімізді саламыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×