Алты ойында – алты-ақ гол

28.06.2011, 16:51
Алты ойында – алты-ақ гол
Алты ойында барлығы алты-ақ гол соғылған 17-тур биылғы чемпионаттың ең аз гол соғылған туры ретінде көпшіліктің есінде қалатын болды. Дегенмен бұл турда түртіп алар бұдан басқа жайттардың орын алғанын айта кеткен жөн болар. 15 шілдеге дейін жалғасатын жазғы трансферлік маусымды әр команда әртүрлі пай­далануда. Бірі отандық футболшыларға иек артса, екіншілері легионерлерін алмастырып әлек. Алайда қай команданың қаншалықты күшейгенін әлі анықтап білу мүмкін болмай тұр. Құрамаға жаңа қосылған футболшылар ұжымдарына әлі үйренісіп болмады ма, әйтеуір, кездесулердің көбі бірсыдырғы өтті. Тек «Шахтер» — «Ордабасы» кездесуі ғана нәтижелі өтіп, стадионға жиналған жұрт төрт голдың куәсі болды. 10 мың көрермен жиналған стадионда алаң иелерінің жаттықтырушысы соңғы минутқа дейін бір орнында байыз тауып, тыныш отыра алмады. Себебі футболшыларының саны екеуге артық болғанымен, командасы өз жанкүйерлерінің алдында 1:2 есебімен жеңіліп жатыр. Ойын болса өтіп барады. Кездесудің 63 және 86-минуттарында «Ордабасының» екі футболшысын алаңнан қуған алматылық төреші Айдын Рахымбаев ойынға тағы төрт минут қосты. Бірақ қарағандылықтар сонда да есепті теңестіре алар емес. Сөйтіп, «ойын осымен аяқталды» деп көрермендер орындарынан тұра бастағанда, төреші ысқырығын аузына апара бергенде, «Шахтердің» бас мергені Сергей Хижниченко Бекбаев қорғаған қақпаны дәл көздеп, алаң иелерін жеңілістен құтқарып қалды. Сонымен, 17-турдағы алты голдың төртеуі осы кездесудің еншісіне жазылған болса, қалған екі гол «Қайсар» — «Ертіс» және «Атырау» — «Жетісу» текетірестерінде соғылды. Бір қызығы, «Ертіс» қақпасына Байсуфинов бапкерге жақпай, осыдан екі апта бұрын Керекуден Қызылордаға қоныс тепкен Тимур Байжанов гол соқты. Ойынның екінші минутында әріптесінен пас алған Тимур «Ертіс» айып алаңына оңай кіріп, Цирин қорғаған қақпаға допты домалата салды. «Атырау» — «Жетісу» кездесуі де бір-екі эпизодымен есте қалатын болды. Ойынның 74-минутында алаңға шыққан Валентин Чуреев 75-минутта алаңнан қуылды. Ойынға қосыла сала қарсыласының артынан шабуыл жасап, шалып жыққан «атыраулық» Валентин Чуреевті биылдан бастап ФИФА-ның төрешілер құрамына енген Александ Гаузер аяған жоқ. Бірден қызыл қағаз көрсетіп, кінәліні алаңнан қуып шықты. Артынан қызыл қағаздың қызығына кіріп кетсе керек, болмашы ереже бұзғаны үшін 78-минутта «Жетісу» шабуыл­шысы Ұлықбек Бакаевқа да қызыл қағаз көрсетіп қалды. Бірақ артынан лезде есін жия қойып, қызыл қағазын сары қағазға алмастырды. Ал ойын 1:0 есебімен «атырау­лықтардың» пайдасына аяқталды. 30-минутта Андрей Травиннің алыстан шірене тепкен добы голға айналып, командасына үш ұпай әперді. «Ақтөбе» өз алаңында «Тараздан» айласын асыра алған жоқ. Тіпті бас төреші қонақтардың қақпасына пенальти де белгілеп берді. Алайда команда капитаны Самат Смақов тепкен пенальтиді «Тараз» қақпашысы Рамиль Нұрмұхаметов алып шықты. Сондай-ақ биылғы жылдың чемпиондық атағынан басты дәмелілердің бірі елорданың «Астанасы» да қарсыластарының қақпасынан саңылау таба алмай, Өскеменнен жалқы ұпаймен оралды. Ал Алматыда өткен «Қайрат» — «Тобыл» кездесуі ең тыныш, көрерменді зеріктірген ойын болды. Ойынның тартыссыз өткені соншалық – бас төреші Артем Кучин ешкімді де ескерту қағазымен қорқытқан жоқ. Ойын сүреңсіз өткендіктен бе, баспасөз мәслихаты кезінде журналистер де әдеттегідей белсенділік танытқан жоқ. Нәти­жесінде, бапкерлерге бірде-бір сұрақ қойылмай, соңғы кездері Алматыда өткен ең қысқа баспасөз мәслихатының бірі болды. 17-турдың қорытындысы: «Қайрат» (Алматы) – «Тобыл» (Қостанай) – 0:0 «Восток» (Өскемен) – «Астана» – 0:0 «Ақтөбе» – «Тараз» – 0:0 Ойынның 42-минутында Смақов (А) пенальти орындай алмады. «Атырау» – «Жетісу» (Талдықорған) – 1:0 Гол: Травин: 30. Ойынның 75-минутында Чуреев (А) алаңнан қуылды. «Қайсар» (Қызылорда) – «Ертіс» (Кереку) – 1:0 Гол: Т. Байжанов, 2. «Шахтер» (Қарағанды) – «Ордабасы» (Шымкент) – 2:2 Голдар: М. Байжанов, 64-пен. Хижниченко, 90+4 – Нұрғалиев, 54-пен. Евстигнеев, 72. Ойынның 63-минутында Нұрғалиев (О), 86-минутында Ырысметов (О) алаңнан қуылды.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×