«Альянс арена» финалды күтуде

08.04.2012, 19:56
«Альянс арена»  финалды  күтуде
Бұл маусымдағы чемпиондар лигасының финалы Мюнхендегі «Альянс арена» стадионында өтеді. Жалғыз Германиядағы емес, Еуропадағы ең мықты стадиондардың санатына жататын «Альянстың» сәулеті де ерекше. ХХІ ғасырдағы сәулет өнерінің ең озық үлгілерінің қатарынан ойып тұрып орын алары сөзсіз де. Ендеше осы «Альянс арена» туралы не білеміз? «Альянс арена» - Мюнхен қаласында орналасқан әлемдегі бірден-бір ғажап стадиондардың қатарына жатады. 2002 жылы іргетасы қаланып, щвейцарлық архитекторлар Херцог пен Мейрон жобасы бойынша, 2005 жылдың сәуірінде құрылысы аяқталды.  Стадион осы жылдың 30 мамырында ашылып, алғашқы голды «Бавария» мен «Боруссия М» ойынында ағылшындық легионер Оуэн Харгривз соққан екен. 69000 жанкүйер сиятын стадионның құны 340 млн еуроны құраған екен. «Альянс арена» - тек футболға арналған стадион. Өйткені мұнда футболдан басқа ешқандай спорт түрінен  жарыс болмайды. Бұл стадион аты белгілі немістің сақтандыру және қаржылық компаниясы «Альянс» (Allianz Group)  құрметіне берілген. «Альянс арена» - Еуропадағы автотұрағы ең үлкен стадиондардың да бірі. Мұнда 10000 жуық орын бар екен. Негізінен, бұл стадионда Мюнхендік екі дерби клуб «Бавария»  мен  «Мюнхен -1860» командалары ойын өрнегін өткізеді. Стадион салынбай тұрып екі клуб «Олимпиаштадионда» ойнап жүрген болатын. Алайда, қалалық мерекелік іс-шаралар мен концерттер стадионның жасыл майсасына өз зиянын тигізді. Осылайша бұл командалар мен қалалық референдум  тағы да бір стадионды қажет деп шешкен болатын. Міне, содан бері «Бавария», «Мюнхен 1860» және Германия ұлттық құрамасының ойындары осы стадионда өтіп келеді. Тағы да таңқаларлығы  ол – стадионның сыртқы көрінісінің  алуан түске боялып, сыр сақтауында, яғни бұл да қызық дүниенің бірі. Мәселен, «Бавария» командасы жасыл алаңда өз ойынын өткізетін болса, «Альянс арена» қызыл түсті шамдармен құлпырады, егер де «Мюнхен 1860» өз ойынын өткізетін болса, стадион көк түске боялады екен, ал ұлттық құраманың ойыны өтетін болса, стадион ақ түске енеді екен. Ойын болмайтын жай күндері стадион 1 сағаттан өзінің 3 түсін ауыстырып отырады. Бұл да стадионның өзіндік бір ғажабы болса керек. «Альянс арена» осылармен қатар көркімен де ерекшеленеді. Финалдық кездесуде стадионмен қатар, ойын көркі де көріктене түсері даусыз. Ендеше «Альянс арена» 19 мамырдағы финалды күтуде.

      Өмірбек  САНСЫЗБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Алдыңғы жаңалық
Бавария барын сала ма?
Aladop Youtube
×