"Андерлехт" клубының бас бапкері Витор Бруну Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі Алматылық "Қайратқа" қарсы кездесу алдында командасының маусымдағы алғашқы жеңілісіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бельгия чемпионатының екінші турында "Андерлехт" "Беверен" командасынан 0:1 есебімен ұтылып қалды. Ойынның 14-минутында Йони Гомис соққан голдан кейін Брюссельдік ұжым есепті теңестіре алмады.
Бас бапкер жеңіліс себебін былай түсіндірді:
"Неліктен ұтылдық? Себебі олар гол соқты, ал біз соға алмадық".
Бруну матчтың қиын болатынын және бірінші гол соққан команда жеңіске жететінін алдын ала білгендерін айтты.
Бапкердің сөзінше, команда екінші таймда есепті теңестіру үшін барын салды, ойыншылар соңына дейін күресті, бірақ мүмкіндіктерді пайдалана алмады.
Енді "Андерлехт" назарын Еуропа лигасына аударады. “Қайратқа” қарсы алғашқы ойын: 20 тамызда Алматыда өтеді. Қарымта ойын 27 тамызда Брюссельге жоспарланған.