«Шахтер» ФК бас бапкерінің көмекшісі Андрей Финонченко «Стяуа» - «Шахтер» ойыны қарсаңында тілшілердің сауалдарына жауап берді.
– Өткен маусымда «Шахтер» чемпионатта 4 орынға тұрақтап, еурокубокке жолдама алды. Біздің командада еуропалық аренада алғаш рет ойнайтын жастар бар. Бұл - үлкен тәжірибе. Біз бүгін тарихы бай, мықты қарсыласпен ойнаймыз. Матчқа байсалды түрде қараудамыз, келесі кезеңге өту үшін бар күшімізді саламыз.
– Мамандар сіздің командаңыздың бухаресттік клубтан деңгейі төмен екендігін айтуда...
– Еуропалық жарыстарға өз елінің ең үздік командалары ғана қатысады. Мұнда осал команда жоқ. «Шахтер» бұрындары да осындай турнирлерге қатысып, ел намысын лайықты түрде қорғаған. Барлығы футбол алаңында шешіледі.
– Ертеңгі қарсылас жайлы не айтасыз?
– Біз қарсыласты зерттеп, олардың ойындарын қарадық. Командада тәжірибелі әрі жас ойыншылар бар. Жақында олардың ойыншысы италиялық «Пармаға» ауысқанынан хабардармыз. Командадан Попесканы атап өткім келеді, ол жас әрі талантты ойыншы.
– Ойын қалай аяқталады деп ойлайсыз? Сіздің командаңыз қалай ойнайтын болады?
– Біз «ФКСБ» клубының жанкүйерлер қолдауымен алғашқы минуттардан допқа иелік еткісі келетінін түсінеміз. Біздің командаға келсек, біз қорғаныста мығым ойнап, шабуылда өз мүмкіндіктерімізді пайдалануға тырысамыз.
«Шахтер» ФК баспасөз қызметі
Біздің серіктес: FONBET