Андрей Тихонов: «Команда үш айдан бері жалақы алмады»

05.05.2021, 00:03
Футболшылар қаңтар айынан бері ақшаның бетін көрмеген екен.
Андрей Тихонов: «Команда үш айдан бері жалақы алмады»

Елордалық "Астана" командасының бас бапкері Андрей Тихонов Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында өзінің денсаулығы жайлы және команданың үш ай бойы жалақы ала алмай келе жатқанын айтып берді.

- Андрей Валерийұлы, сіз аурудың салдарынан команданың соңғы 3 кездесуін өткізіп алдыңыз. Қазір өзіңізді қалай сезінесіз?

- Рахмет, денсаулығым жақсы. Келесі ойында қатарға қайта оралатын шығармын. Өкпем қабынып, үйде емделуге тура келді. Команданың жаттығуын да қашықтықтан бақылап отырдым.

- Сіз болмаған кезде команда жеңісті сериясын жалғастырды және мүмкін болған 9 ұпайды жинады. Сырттан бақылау сіз үшін қиын болды ма?

- Әрине, қиын. Менің жаттығуға және ойынға қатысқаным өте маңызды. Ойыншылармен болатын жеке әңгімелер, басқа да нюанстар - мұны ешбір технология алмастыра алмайды. Әрине, экран алдында отырғанда алаңдаймын. Шетте тұрған кезде сіз ойынды жақсырақ көресіз, сіз бәрін ойыншылардың көздерінен, қимылдарынан түсінесіз. Осыған байланысты ойынға бірнеше түзетулер енгізуге болады. Мен жігіттерге және жаттықтырушылар құрамына олардың кәсіби шеберлігі үшін ризамын. Ең бастысы - біз ұпай жоғалтқан жоқпыз.

- "Астананың" айтарлықтай қаржылық мәселелерге ұшырағаны рас па?

- Бұл рас, көпшілік білетін ақпаратты жасырудың не қажеті бар? Команда бірнеше айдан бері жалақы алмады. Мұндай жағдайда команда ішіндегі атмосфераны ұстап тұрудың өзі де қиын. Футболшылар бірнеше ай бойы айлық алмаса, оларға психологиялық тұрғыдан да әсер етеді. Көлік жанармайсыз жүрмейді ғой?! Бізде де дәл сондай жағдай. Соңғы рет қаңтар айында жалақы алдық. Әңгіме тек бізге айлық төлемей жатқанында емес. Олар жағдайдың қашан түзелетінін де айтпвй отыр. Егер бізге жағдай түзеледі, тек шыдаңдар, мысалы уақытта төлейміз десе артық сұрақ болмас еді. Бізге оны да айтып жатқан жоқ. Бұл команданың менеджменті мен директорға тағылып отырған сын емес. Олар қолынан келгенінің барлығын жасауда. Демеушілер мен қожайындар бар. Бірақ олар үн-түнсіз отыр. Сондықтан да біз уайымдай бастадық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×