
«Ақтөбе» клубында 250 миллион теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылық тіркелген.
Бұл туралы Ақтөбе облысының прокуратурасы мәлімдеп отыр.
Ақтөбе облысының прокуратурасы Бас прокуратураның тапсырмасы негізінде «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Ақтөбе» футбол клубының қызметін тексерді. Осының нәтижесінде 250 миллион теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылықтар тіркелген еді. Тексеру барысында клуб тарапынан ойыншыларды трансферлеу және әуе тасымалдау қызметтері бойынша күмәнді мәмілелер жасалғаны анықталған болатын. Бұған қоса, ойыншылардың тамақтануына бөлінген бюджет қаражаты кейбір қызметкерлердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалғаны белгілі болды.
Енді аталған фактілер бойынша облыстық прокуратура Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің:
189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы – (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу),
361-бабының 4-бөлігі, 1-тармағы – (лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану),
190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы – (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша үш қылмыстық іс қозғады.
Істер одан әрі тергеп-тексеру үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолданды. Қылмыстық істердің тергелуі облыс прокуратурасының бақылауында.
Айта кетейік, осыған дейін «Ордабасы» клубының футболшылары да жемқорлыққа байланысты тергеуге алынғаны мәлім.
Біздің серіктес: FONBET