Аптаның орталық ойыны. Тарихы терең дерби

12.04.2015, 04:46
Аптаның орталық ойыны. Тарихы терең дерби
Еуропа топ-чемпионаттарының апта аяғындағы басты кездесуі жексенбі күні атақты Олд Траффорд стадионында өтеді. Тарихы 19-шы ғасырдың 80-ші жылдарынан бастау алатын дерби-"Манчестер Юнайтед"-"Манчестер Сити". "Аладоп" сайты футбол аптасының көркін қыздырар кездесуге қысқаша сараптамалық-шолуын жасамақ.  Екі жылдай дағдарыста болған қызыл сойқандар ұзақ уақыттан бері бірінші рет дербиде фаворит ретінде матчты бастайды. "Қызыл сойқандар" чемпионатта қатарынан 5 ойында жеңіске жетіп, үшінші орынға көтерілді. Бір саты жоғары тұрған "Арсенал" бір ұпай ғана алда. Руни мергендігімен танылып, сол 5 ойында 4 голды атына жазды. Мата негізгі құрамнан орын алып қана қоймай, "Ливерпульде" өткен ойында дубль жасап, ван Гальдың үмітін ақтады. Маруан наурыз айындағы АПЛ-дағы үздіктердің тізіміне енді. Ұзақ уақытқа созылған эксперименттен кейін, голландиялық маман жартылай қорғаныста тірек бола алатын үштікті тапқан секілді. Артқы жартылайқорғаушы-Кэррик, плеймейкер Эррера, әмбебап Феллейни. Ал, Ди Мария, Фалькао секілді жұлдыздар қосалқы құрамға "мықтап" отырды. Ван Перси жарақатқа байланысты 5 жеңісті ойынға да қатыса алмапты. Дербиде де алаңға шықпайды. Дүйсенбі күні маусым басталғалы тұңғыш рет "Манчестер Сити" үздік үштіктен төмен түсті. Алан Пардью баптайтын "Кристал Пэласқа" қонаққа барып, ойынның 2/3 бөлігінде басымдылық қолда болса да, 1:2 есебімен жеңіліп қайтты. Жаңа жылдан кейін, былтырғы чемпион команда өзгерді. 10 тур бұрын "Челсимен" алтынға таласып, үшінші орындағы қуғыншыдан 10 ұпай озып тұрған дәл осы ұжым десе сену қиын. Иә, былтыр да Чемпиондар Лигасының 1/8-ші финалында жарыс жолын тоқтатқан. Бірақ, маусым аяғында тұрақты ойын, нәтиже көрсетіп "Ливерпуль" мен "Челсиді" артта қалдырып чемпион атанған болатын. Ал, осы маусымда керек десеңіз қоладан да құр қалғалы тұр. Жазда Еуропада тазалауға мұқтаж екі команда болса, оның бірі сөзсіз осы-"Манчестер Сити". Әйтпесе, соңғы 2-3 жылдағы "Арсеналға" айналып кетеді. ЧЛ-дағы 1/8 финал, АПЛ-дағы төртінші орын дегендей. Ал шейхтардың арманы-барлық турнирде де жеңіс. Бірінші айналымдағы ойында Агуэро голының арқасында қалалықтар минимальды есеппен басым түскен еді. Бірақ, жексенбіде өтетін кездесудің фавориті жоғарыда айтылғандай "Манчестер Юнайтед". Осы маусымда, өз алаңында Луи ван Гал шәкірттерінің бір мәрте ғана жеңілгенін ескерсек, қонақтардың жеңіске жету мүмкіндігі жоқ десек те болады. Онымен қоса, "Олд Траффордтағы" соңғы үш кездесудің нәтижесі "қызыл сойқандар" үшін масқара. Үш ойында да жеңіліс, есеп 2:11! Сондықтан, "Манчестер Юнайтедке" кек алар күн туды. Ал, жексенбі күні сағат 21:00-де Манчестердегі ойынды КAZSPORT арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар. Фараби ӘБДІХАЛЫҚ  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×