Ақ Пеле

10.02.2011, 14:42
Ақ Пеле

Даңқты футбол королі доп тебуді қойғалы, оның деңгейіне жақындап, лайықты ізбасары атанған бразилиялық футболшы – Зико болды.

Жазылмайтын жара

...Зико допты 11 метрлік нүктеге асықпай, баппен қойды да, кері шегінді. Гвадалахараның ми қайнатқан аптабы жер апшысын қуырып тұрса да, «Халиско» стадионын аузы-мұрнынан шығара лық толтырған халықтың шуылы бір сәт пышақ кескендей тына қалды. Зиконың құшырлана тепкен добы жерден бір жарым метрдей биіктікте қақпаның оң жақ бұрышына қарай зулады. Бразилияның тілеуін тілейтін қауым тор бүлк ете қалады-ау деп ойлап үлгергенше, арыстанша атылған қақпашы Жоэль Батс допты кері қайтарды да, француз қорғаушыларының бірі оны сыртқа теуіп жіберді. Гол болған жоқ. Бүкіл ұлттың үмітін арқалап, небір ауыр сындарды артта қалдырған, 11 метрлік нүктеден мүлт кетіп көрмеген Зико мұның ешқандай да түс емес, өңі екеніне сенгісі келмегендей, қос қолымен бетін басты. Ойынның аяқталуына небәрі 15-ақ минут қалған-ды. Пенальти соғылғанда, Бразилия құрамасының жартылай финалға шығуы әбден мүмкін еді.

Бұл 1986 жылы Мексикада өткен ХІІІ әлемдік доп додасының шешуші сәттерінің бірі еді. Ала доп арқылы-ақ әлемге әйгілі болған дарабоз Пеле өзінің ең талантты ізбасарының осы қателігіне... құраманың сол кездегі бас бапкері Теле Сантана айыпты деп мәлімдеді. Неге? Өйткені, Зико француздармен болған сол ойында алаңға тек екінші таймда, дәлірек айтсақ, 72-минутта ғана шыққан болатын. Арада үш минут өткенде ол қарсыластың айып алаңына ұмтылған Бранкоға тамаша пас берді, ал оны қорғаушылар шалып жықты. Пенальти! Пеленің пікірінше, ойыншыларға үнемі шығармашылық еркіндік беруге әуес Сантана осы тұста сол дәстүрін бұзып, сәл қатаң мінез танытып, 11 метрлік соққыны осыған дейінгі ойындарда қапысыз орындап келе жатқан Кареканың тебуін талап етуге тиіс еді. Себебі, Зико алаңға жаңа ғана шықты, оның бойы әлі толық қызып үлгерген жоқ, сондықтан да соққысы бұрынғыға қарағанда әлсіздеу болды. Үш дүркін әлем чемпионының бұл ойы шындыққа жанасады, ойын соңындағы пенальтиді Зиконың тамаша орындағаны соған қосымша дәлел. Алайда, шабуылшы өз қателігін түзегенімен, Жулио Сезар мен Сократестің соққылары қақпаға дарымай, олар 3:4 есебімен жеңіліп қалды.

Бразилияның «Вежа» журналы мұны «футболшы ғұмырындағы ең қасіретті сәт» деп сипаттайды. Зиконың Мексикаға дейінгі жолы қандай қиындықтарға толы болғанын ескерсеңіз, әлгі пікірдің дұрыстығына көзіңіз тіптен жете түседі. Құрама сапына 1976 жылы қабылданған шабуылшы екі жылдан соң Аргентинада өткен дүниежүзілік додаға қатысты. Бірақ сол кездің өзінде «ақ Пеле» атанған айтулы талант біріншіліктегі жеті ойынның алтауына қатысқанымен, оның қимылы бас бапкер Клаудио Кутиньоның қорғанысқа көп көңіл бөлетін тактикасына үйлеспей, арада жиі-жиі кикілжің туа берді. Бір сөзбен айтқанда, бұл оның чемпионаты болған жоқ.

ЗИКО (Бразилия). Шабуылшы. Шын аты-жөні Артур Антунес Коимбра. 1953 жылдың 3 наурызында дүниеге келген.

Бразилия ұлттық құрамасының сапында 82 ойын өткізіп, 68 гол соққан;

1978 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері, 1982 және 1986 жылғы доп додаларының қатысушысы, жалпы үш әлем чемпионатында 14 ойын өткізіп, 5 доп соққан;

«Фламенго», Бразилия (1971-1983, 1985-1989), «Удинезе», Италия (1983-1985), «Сумимото», Жапония (1991-1993), «Касима Антлерс», Жапония (1993-1994) клубтарында өнер көрсеткен;

Төрт дүркін Бразилия чемпионы (1980, 1982, 1983, 1987), Либертадорес және Құрлықаралық кубоктардың иегері (1981), Оңтүстік Американың үш дүркін үздік футболшысы (1977, 1981, 1982), «World soccer» версиясы бойынша әлемнің үздік футболшысы (1983), Италия чемпионатының үздік ойыншысы (1984);

ι1990-1991 жылдары Бразилияның спорт министрі болған. 2002-2006 жылдары Жапония ұлттық құрамасын, кейін бірнеше клубтарды жаттықтырды.

Орындалмаған арман

Команда тізгінін Бразилияның ұлттық футболының жақтаушысы Теле Сантана ұстаған соң ғана «ақ Пеленің» адымы ашылды. Қарсыласын жәй жеңіп қана қоймай, ірі есеппен, әдемі футбол көрсету арқылы ұтуға ұмтылатын маманның ұстанымы оның талантты шәкірттерінен де қолдау тапты. 1982 жылы Испанияда олар көрсеткен ойынға ғашық болмау мүмкін емес еді. Сол ойынның бәрін ұйымдастыратын, бапкер идеясының жасыл алаңда мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін Зико еді. Қағаз жүзінде «шабуылшы» деп көрсетілгенімен, ол доп қайда болса, сол жерден табылатын. Бір өкініштісі, жасыл алаңдағы қимылы көз сүйсіндіретін осы команданың қорғанысы мен қақпашысы сәл осалдау болды. Жартылай финал үшін болған айқаста олардың Италиядан әлдеқайда артық өнер көрсетсе де, ұтылып қалуын содан деп түсінген жөн.

1986 жылғы әлем чемпионаты басталуға жарты жыл қалғанда, мына қырсықты қараңыз: Бразилия біріншілігінің «Фламенго» «Бангу» матчында қонақтардың қорғаушысы Марсио Нуньес Зиконың аяғын сындырды. Жұрт одан күдерін үзгенмен, Сантана футболшыны үнемі жігерлендіріп, оған әлі де үміт артатынын жеткізумен болды. Себебі, ол команданы тағы да сол Зико, Сократес сынды тәжірибелі жігіттердің төңірегіне топтастырмақ еді. Шабуылшы төрт ай бойы жаттығу залдарынан шықпады. Дегенмен ол бәрібір бұрынғыдай еркін көсіліп ойнайтындай деңгейге жетіп үлгермеді, әлем біріншілігі басталып кетті. Сантана өзінің сүйікті ойыншысын сонда да финалдық турнирге алып барды. «Басқа біреу болса, үміт артпас та ма едім, Зиконың футболға деген махаббаты мен әлем чемпионы атансам деген мақсатын біле тұра, оның күн сайын таң атпай тұрып, қалай дайындалғанын көре тұра, үздік 22 ойыншының тізімінен сызып тастауды өзіме ар санадым» деп мойындайды кейін даңқты бапкер.

[caption id="attachment_1109" align="aligncenter" width="400" caption="Зико-Джантиле"][/caption] Мексикадағы Зико қатыспаған алғашқы екі ойынында бразилиялықтар Испания мен Алжирді әупіріммен әрең ұтқан болатын. Үшінші қарсылас Солтүстік Ирландиямен кездесудің екінші таймында Зико ойынға қосылды да, салған жерден алғы шептегі жас әріптестеріне шебер пастар шығарып беріп, ірі жеңіске (3:0) өз үлесін қосты. 1/8 финалда Польшаның қақпасына тоғытылған төрт доптың екеуіне тағы да екінші таймда іске кіріскен шабуылшының еңбегі сіңді. Алайда маңдайының терін сан сыпырып, мақсатына адал ұмтылса да, футбол құдайы өзінің құлақкесті құлына ең қажет сәтте шапағатын түсірмеді. Ширек финалдағы біз жоғарыда суреттеген қателік оның (және Сантананың) құрамадағы ғұмырын тәмамдады.

Көзі тірі символ

«Футболдың құлақкесті құлы» деген сөзді біз бекер қолданып отырған жоқпыз. Расында да, аталған спорт түріне бұдан артық шынайы берілген адамды тіпті сол Бразилияның өзінен таба қою қиын. Рио-де-Жанейроның қиыр шетіндегі Кинтино Бокаюва деп аталатын шағын қалашықта қалт-құлт тіршілік еткен қарапайым тігіншінің отбасындағы алты баланың ең кенжесінен футболшы шығады деп әу баста ешкім ойламаған екен. Кейін ол бүкіл елге танымал жұлдызға айналып, бразилиялық журналистер оның өмірбаянын зерттей бастағанда, небір қызық жайттардың беті ашылған. Мәселен, кішкентай Артур (еркелеткенде әке-шешесі «Артурзико» дейді екен, кейін Артуры түсіп қалып, Зико атанып кетіпті) 6 жасына дейін емшек емген. Ағаларына еліктеп, аузынан ана сүті кеппей жатып (тура мағынасында!), аулада доп ойнай бастаған. Көп ұзамай өзінен бірнеше жас үлкен балаларды шыркөбелек айналдырып, алдай алатын деңгейге жеткен. «Жувентуде» балалар командасына қабылданып, оның үздік ойыншысы атанған.

Зиконы «Фламенго» клубының көзі тірі символы деп атайды. Яғни, сәл өзімізге жақындатып түсіндірсек, «Қайрат» үшін – Тимур Сегізбаев кім болса, «Фла» үшін – Зико дәл сондай адам. Атақты командаға оны ертіп келген – 13 жасар тума таланттың көшедегі ойынына тәнті болған радиожурналист Селсо Гарсия екен. «Тума таланттың» тұрқына көзі түскен «Фланың» балалар командасының бапкері Модесто Брианың бас шайқамасқа амалы қалмайды: оның алдында бойы 155 см., салмағы 37 келіге әрең жететін әлжуаз балақай тұр еді. Негізгі құрамның жаттықтырушысы Флейтас Солиштің «бұдан бәрібір ештеңе шықпайды» дегеніне қарамастан, таныс тілшінің сөзін жерге тастағысы келмеген Бриа баланың аяғына доп береді де, таң-тамаша қалады: бала, өзінің түріне қарамай, допты қалауынша ырқына бағындыра алатын пәле боп шықты! Қызыға түскен Бриа оған допты қақпаның әр бұрышына тебуді тапсырады. Мына қызықты қараңыз: түртіп қалсаң құлайын деп тұрған бала допты бапкердің нұсқаған нүктесіне дәлме-дәл бағыттайды! Бұдан әрі Бриа ешкіммен ақылдасып та жатпайды, Зиконы бірден командаға қабылдайды. Әрине, оның клубтағы алғашқы ашқан есігі дәрігердің кабинеті мен күш-қуат дайындығын реттейтін маманның жаттығу залы еді. Олардың бірнеше жылғы еңбегінің еш кетпегенін футболшы 20 жасқа толғанда, оның бойы (172 см.) мен салмағының (72 келі) қалыпты көрсеткішке жетуінен байқауға болады.

[caption id="attachment_1110" align="alignleft" width="300" caption="Зико даңқты командаласы Соктратеспен"][/caption] «Фламенгоның» ересектер командасына Зико 18 жасында, яғни, 1971 жылы өтті. Алайда негізгі құрамда 1974 жылдан бастап қана тұрақты шыға бастады. Ұжым тізгінін Марио Загалло ұстап тұрған кезде, «Фла» ұлттық біріншілікте де, халықаралық деңгейде де тамаша табыстарға қол жеткізді. Команда сапында өнер көрсеткен 18 жылда Зико 1047 ойын өткізіп, 729 гол соғыпты. Ұлттық құрамадағы 68 доп пен «Удинезедегі» 21 допты қоса есептесеңіз 818! Бұл даңқты Пеледен кейінгі екінші көрсеткіш. Яғни, Бразилияда таланттар көп дегенмен, әйгілі футбол королі жасыл алаңнан кеткелі оның деңгейіне сәл де болсын жақындаған жалғыз ойыншы осы Зико болды десек, артық емес шығар (2006 жылы оны гол саны жөнінен Ромарио басып озды). «Ақ Пеле» деген ат екінің біріне беріле салмайды. Бұл жерде мәселе оның голдарында ғана емес, команданың ойынын ұтымды ұйымдастыра білуінде. Мамандар сондай-ақ оның алаңды лезде шолып өтіп, тез арада қажетті шешім қабылдай қоятын сұңғылалығы мен теріс қарап тұрып-ақ қырық-елу метрдей жердегі әріптесіне пасты дәл бере білетін шеберлігіне тәнті. Ал айып добын орындауға келгенде, одан озып түсер ешкім табылмаса керек. Қисапқа жүйрік бразилиялық журналистердің есептеуіне қарағанда, ол қарсыластың айып алаңына таяу жерден белгіленген айып соққыларының 80 пайызын қақпаға дәл түсірген! Мұндай көрсеткішпен кешегі Платини мен Марадона да, бүгінгі Бекхэм мен Дель Пьеро да мақтана алмас.

«Ақ қарға»

Мұның бәрін ол қайдан үйренді? Әрине, жаттығулардан. Басқалар бапкердің соңғы ысқырығы естілісімен, стадионнан тайып тұрса, Зико алаңда қалып, тағы екі-үш сағат жалғыз өзі жаттыққан. Мамандардың таң қалатыны оның білмеген нәрсесін тез үйреніп ала қоюға тырысуы, жаттығу кезінде жанын сала еңбектенуі еді. Жас кезінде ғана емес, шын мәніндегі футбол жұлдызы атанған шағында да сол еңбекқорлығынан танбаған. Бразилиялықтардың сәл жалқаулау келетінін сол елде тұрып жатқан 30 жылда әбден зерттеп үлгерген ресейлік журналист Игорь Фесуненко тіпті Зиконы «ақ қарға» деп атайды. Өйткені, мұндай тынымсыздық, жаттығудан, өз шеберлігін шыңдаудан шаршамау аталған елде өте сирек кездесетін қасиет. Жоғарыдағы «футболдың құлақкесті құлы» деген сөздің байыбына енді бардыңыз ба?..

[caption id="attachment_1112" align="alignright" width="222" caption="Зико бұл күндері білікті бапкер"][/caption]

«Бразилияда алға қойған мақсатына жету үшін өмірдің көп қызығын құрбандыққа шалған футболшы екеу болса, оның бірі Пеле де, екіншісі Зико» дейді тағы бір танымал қаламгер Марио Фильо. Зиконың өзінің былай дегені бар: «Жастық шағымда мен талай көңілді кештер мен түндерден құр қалдым. Қыздармен қыдырудың орнына, өзім жасап алған кесте бойынша ерте жатып, ерте тұруға тиіс болдым. Өйткені, алдыма белгілі бір мақсат қойдым және одан бас тартуға батылым бармады». Сол себепті де, Бразилия футболшыларының ішінде жетіп-артылатын түнгі клубтарда, жеңіл жүрісті әйелдердің ортасында көзге түсіп қалғандардың тізімінен сіз Зиконы таба алмайсыз. Командаластары киноға немесе дискотекаға кеткенде, ол үйіне жаңа бейнеаппаратура қойдырып, өткен ойындарды қайта тамашалап, өз кемшіліктерін түзеуге тырысқан. «Фланың» бұрынғы президенті, кейін футболшының жақын досына айналған Жорже Элал: «Зико – өте ақылды адам. Көзінің қиядағыны шалатыны өз алдына, қиялы да кеңістікті еркін шарлайды. Ойыншы кезінде-ақ өзге елдердің футболын зерттеген адамды бірінші және соңғы рет көруім», – дейді.

Зиконың өзгелерден таланты асып тұрса да, ешқашан өзін жоғары санамайтын қарапайымдығы, біреу сұрамаса, өз пікірін үнемі ішінде сақтап тұра беретін салмақтылығы, расында да, қалыптасқан түсініктегі бразилиялыққа тән мінездер емес. Сонысына қарамастан оның ұзақ жыл «Фламенгоның» капитаны болуы тіптен таң қаларлық. Сірә, «ақ Пеленің» футбол дегенде өзге дүниені ұмытатын фанатизмі сол өзі ұмтылмаған көшбасшылық орындарға сайлауына да себеп болса керек. Оның бір жылдан аса спорт министрі қызметін атқаруын да солай түсіндіруге болатын сияқты. Өзі айналысатын кәсіпке деген шексіз махаббат, расында да, оны ақыры шырқау биікке шығарды. Рас, ол әлем чемпионы болған жоқ, есесіне, ол ойнақ салған 80-жылдардағы ұлттық құраманы бразилиялықтар ел тарихындағы ең үздік командалардың бірі санайды.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Манчестер Сити
Эвертон
17.30
П1
1.385
Ничья
5.34
П2
8.55
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Ньюкасл Юнайтед
Астон Вилла
20.00
П1
2.008
Ничья
3.975
П2
3.615
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Борнмут
Кристал Пэлэс
20.00
П1
1.968
Ничья
3.915
П2
3.81
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Челси
Фулхэм
20.00
П1
1.529
Ничья
4.84
П2
6.06
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Саутгемптон
Вест Хэм Юнайтед
20.00
П1
3.26
Ничья
3.585
П2
2.272
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Ноттингем Форест
Тоттенхэм Хотспур
20.00
П1
2.421
Ничья
3.79
П2
2.865
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Вулверхэмптон
Манчестер Юнайтед
22.30
П1
4.01
Ничья
3.81
П2
1.945
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.27
Ливерпуль
Лестер Сити
01.00
П1
1.08
Ничья
14.8
П2
30
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.28
Брайтон энд Хав Альбион
Брентфорд
00.30
П1
1.691
Ничья
4.48
П2
4.735
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.28
Арсенал
Ипсвич Таун
01.15
П1
1.153
Ничья
9.2
П2
20
Алдыңғы жаңалық
Беларусьпен тең түстік
Келесі жаңалық
Торрес туралы толғауға
×