Торрес туралы толғауға

10.02.2011, 14:53
Торрес туралы толғауға

Жандос бауырым «осы жазғандарыма не айтасыздар?» деп аяқтапты Торрес төңірегіндегі әңгімесін. Екеуміздің жазбамыз бәлкім біреулерге тұрпайы көрінетін шығар, десе де футбол десе ішкен асын жерге қоятын «фанаттар» қауымы үшін қызық болары сөзсіз.

[caption id="" align="alignright" width="300" caption="Кенни Далглиш "Ливерпульдің" адамы!"][/caption]

«Қайдағы бір испандық үшін екі қазақтың қызылкеңірдек болғаны несі?» дейтіндер де табылар. Бірақ мына бір жайттарды айтып өткім келеді. Біріншіден, легионерлердің бәрі ақшаның құлы емес. Еуропа біріншіліктерінде аянбай тер төгіп, белгілі бір командаға тағдыры байланған ұлты өзге қаншама футболшыны білеміз. Алысқа ұзамай-ақ бүгінде сол «Ливерпульдің» бас бапкерінің міндетін атқарып жүрген Кенни Далглишті алайықшы. Қаншама жыл мерсисайдық клуб үшін жан аямай жұмыс жасады. Соның ұлты – «еркектеріне дейін юбка киеді» деп біз күлетін шотландтық. Алдымен ойыншы, одан кейін алаңға шығып өнер көрсетуге құқылы бапкер, одан кейін бас бапкер. Клубтың басына құрдымға кету қаупінің бұлты үйірілгенде «Ливерпульді» құтқарайын» деп тағы ұстады тізгінді. Жұмысының нәтижесін жалпақ жұрт жақсы біледі. Уэльстік ардагер Райан Гиггз ше? Соның өнер көрсетуіне Еуропада «Манчестер Юнайтедтен» басқа клуб құрып қалып па? 21 жыл болыпты оның қызыл жейдені киіп жүргеніне. Нағыз сайыпқыран өзі! Әйгілі голландиялық Марко Ван Бастеннің «Миланға» деген махаббатын жоққа шығыра алмаймыз. Ал Торрестің жаңа командасы неге 25-нөмірді қайдағы бір итальяндық Джанфранко Дзолаға мәңгілікке бекітіп берді? Бұның бәрі легионердің клубқа, клубтың легионерге деген құрметі деп білемін.

[caption id="" align="alignleft" width="432" caption="Торрес: «Жүрегім Энфильдпен бірге» "][/caption]

Екіншіден, Торрес соңғы уақытқа дейін «жүрегім Энфильдпен бірге» деп мәлімдеп келді. Осылай дей тұра соңғы сәтте ақшаға, атақ даңқ үшін жігіттік сөзінен тайып кетті. "Ливерпульдің" бюджетін шын ойласа неге құны 70 миллион фунт (экс-бапкер Рафаэль Бенитестің мәліметі бойынша) болып тұрғанда кетіп қалмады? Қазір емес, сол кезде клуб ақшаға шын мұқтаж-тын. Айналасы алты айдың ішінде 20 млн-ға арзандап кеткенінен-ақ оның қаншалықты «қымбат» футболшы екенін аңғару қиын емес шығар. Көшпенділер фильміндегі әлгі бір «жұлдыз екеш жұлдызда мәңгі жарқырап тұрмайды» деген сөз есіме түсіп кетті.

Әрине, «Ливерпуль» өз биігінде қала береді. Бір шабуылшы кетті екен деп футболы өркендеген Еуропадағы ең атақты әрі тарихы бай клубтың іргесі сөгіліп кетпейтін шығар.

Жандос бауырым екеуімздің субъективті пікірлеріміз қазақ тіліндегі футбол тақырыбын тереңірек зерттейтін ең үздік сайттың оқырмандарын жалықтырып жіберген шығар, кешірім өтінемін!!!

Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Ақ Пеле
Келесі жаңалық
ОЙНАЛМАҒАН ОЙЫН
Серіктес жаңалықтары
×