Ақкөңіл Генрих

14.10.2011, 00:27
Ақкөңіл Генрих
Бүгінде Қазақстан құрамасының белді ойыншысына айналған футболшыларымыздың бірі – Генрих Шмидтгаль. Аяқ-қолы балғадай осы сары жігіт құрама сапында болмаса, командамыз әлсіреп қалғандай көрінеді де тұрады. Әзірбайжан құрамасымен ойнағанда Шмидтгальдің орны үңірейіп тұрғандай болды. Өзі де кездесе қалсаң, ақсия күліп жүретін ақкөңіл жігіт. Бір риза болатыным, Генрих үнемі қазақ балаларымен жүреді. Бірде Ұлан Қонысбаевпен көрсем, соңғы рет Марат Шахметов, Азат Нұрғалиев, Нұртас Құргулин секілді футболшыларымызбен отырғанына куә болдым. Қазақстан құрамасы түзде Бельгиямен кездесіп, туған елге қайтқанда Генрих Шмидтгальмен аз-маз тілдесудің сәті түсіп еді. – Ассалаумағалейкум, Генрих. Енді кездесе қалсақ, осылай қазақша амандасып жүрейік. Қазақша білесіз бе? – Жақсы, қазақша амандасайық (күліп). Бірақ мен қазақша білмеймін, әлі. Орысша да сөйлесетін ешкім жоқ. Тек құ­рама сапына келгенде жігіттермен тілдесемін. – Көктемде ғана «үйде анаммен сөйлесіп, тілімді жаттықтырып жүрмін» деп едіңіз ғой. – Онда үйге жақын тұратынмын. Қазір басқа командаға ауыстым ғой. Анамнан алыста тұрамын. Айналамда басқадай сөйлесетін орыстілді ешкім жоқ. – Қазіргі командаңыз қалай? Бундеслигаға шығатын мүмкіндіктеріңіз бар ма? – Қазір «Гройтер Фюрт» клубының сапында ойнаймын. Бұл клуб екінші бундеслигада көш бастап келеді. Ал бұ­рынғы командам «Рот-Вайсс» (Оберхаузен) екінші бундеслигадан үшіншісіне түсіп қалған. Қазір үшінші бундеслиганың өзінде нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмай, көш соңында жүр. Ал «Гройтер Фюрт» – азулы команда. Әзірше 10 ойын өткізіп, соның жетеуінде жеңіске жеттік. Екеуінде тең түстік. 23 ұпаймен бірінші орында тұрмыз. Бундеслигаға шықсақ деген арманымыз бар. Басты бәсекелестеріміз – «Айнтрахт», «Сан-Паулу», «Фотуна деген клубтар. Меніңше, осы төрт команда таласатын шығармыз бундеслига жолдамаларына. Бас бапкеріміз де жақсы. Маған ерекше сенім артады. Бапкердің сенім артқаны жақсы ғой. Соны ақтауға тырысып жүрмін. – Ал командаларыңызда неше легионер бар. Ұлттық құрамаға шақырту алып тұратын жалғыз сіз бе? – Біздің командада алты легионер бар. Екінші бундеслигада легионерлерге шектеу қойылмаған. Бәрімізде ойнай аламыз. Ал ұлттық құрама сапында ойнайтын – мен ғана. – Олар сізге қызыға қарайтын шығар? – Әрине. Ұлттық құрама сапында ойнау – үлкен мәртебе. – Ал сіз өз клубыңызда қай шепте ойнайсыз? – Сол қапталдағы қорғаушымын. Бірақ бапкерім алға шығып тұруыма рұқсат береді. – Ұлттық құрама сапында сол қапталдағы жартылай қорғаушы болып ойнайсыз. Ал өзіңізге қайсысы ұнайды? – Бәрібір. Әйтсе де, егер алға шығып тұруға рұқсат берсе, сол қапталдағы қорғаушы болып ойнаған ұнайды. Атойлап алға шығып тұрғанды ұнатамын. – Ал біздің құраманың ойын өрнегі туралы не айтар едіңіз? – Біздің құраманың ойыны әрбір матч сайын жетіліп келеді деп ойлаймын. Әр ойыннан сабақ алып, тәжірибе жинақтап келеміз. Бас бапкеріміз де жақсы. – Генрих, сіз осы бойдақсыз, ә? Қазақтан қыз алып, күйеу бала болмайсыз ба, бізге. – (Күлкісін басып барып). Қазақтан?! Ойланбаппын. Бірақ менің қызым бар ғой. Сол өмірлік серігіммен үйленбек ойым да бар. – Керек емес, әлі үйленбеңіз. Бірінші Қазақстан құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатының ақтық додасына шығып алсын, содан соң көре жатарсыз? – О не дегеніңіз, оған дейін сүр бойдақ боламын ғой. Қазір 25-темін. Болмайды, үйлену керек. Құрама сапында әйелі, бала-шағасы бар футболшылар да бар ғой. Үйленіп те, спорттық бабыңды жоғалтпай, жоғары қарқында өнер көрсете беруге болады. – Жарайды, Генрих. Оған да келістік. Тек қыста үйлен. Ал біз сенің командаңның бундеслигаға шығуына тілек­теспіз. Егер бундеслигаға шықсаңдар, «біздің бір ойыншымыз деңгейі жоғары Германия чемпионатының жо­ғарғы тобында ойнайды» деп мақтанып жүретін боламыз. – Рақмет. Тырысамыз. Міне, Генрих осындай ақкөңіл жігіт. Ақкөңілдігі шығар, «Аudi» автокөлігін сатып алғандығын да айтып салды. «Екінші бундеслигада ойнайтын футболшылар үшін автокөлікке 20 пайыз шегерілім жасалынады» дейді. Автор: Нұрғазы САСАЕВ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×