Аққан жұлдыз

20.05.2013, 01:43
Аққан жұлдыз

Жыл басында жазылмайтын дертке душар болып, футболшы Серік Жейлітбаев көз жұмғанда, қалың қазақ жанкүйері қара жамылған. Ел футболына ерекше үлес қосып, ең көп алаңға шыққан ойыншы ретінде есімін тарих тақтасына жазып кеткен Серіктен көз жазып қалған замандастары: «Әнуардың соңынан кетті...» деп күрсінді. Күні кешеге дейін жасыл алаңнан алыстамаған Жейлітбаевты қазіргі буын жақсы біледі. Ал осыдан 10  жыл бұрын о дүниелік болған талантты футболшы Әнуар Нысанбаев тірі болса, наурыздың 22-і күні 39 жасқа толар еді...

Әнуар Нысанбаев қазақ футболына «Қайрат» арқылы келді. Талай футболшының алтын ұясына айналып, талай футболшының қанатын қатайтқан «Қайрат» Әнуардың да жұлдызын жаққан команда еді. Рас, Алматының әйгілі клубына өтпес бұрын, Екібастұздың «Батырында» біраз шыңдалды. Бірақ Нысанбаевтың қазақ футболында өз қолтаңбасын қалдырып, замандастары арасында танымалдыққа ие болуына «Қайрат» қосқан үлес көп болатын. Футболдан тәуелсіз Қазақстанның төл чемпионаты басталған тұс жасы үлкен жанкүйерлерге жақсы таныс. Нарық қыспаққа алған кезде доп қууға мүдделілердің қатары аз еді. Үлкен спортқа, үлкен футболға шын ықыласымен берілгендер ғана  жаңа чемпионаттың іргетасын қалаудан бас тартқан жоқ. Біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері  де танымал ойыншылар Асқар Қожабергенов, Серік Жейлітбаев, Алмас Құлшынбаев, Нұржан Доскеев,  Руслан Балтиевтермен бірге  еліміздегі доп додасының көркін қыздыруға бел шеше кірісті... Әнуардың тағдыры да ерекше. Ата-анасы  Йемен республикасында қызмет еткен тұста дүниеге келген ол кейін атамекеніне ат басын бұрды. Алматыда жүріп, ойламаған жерден футболшы атанып кеткені де шын.  Нысанбаевтың досы, алаңнан тыс кезде арқа-жарқа әңгімелесуден жалықпайтын журналист Ғалым Сүлеймен Әнуардың үлкен футболға аяқ басқан тұсын: – Бірде Әнуардың жақын ағайыны болып келетін бір жігіт Алматыдағы спорт интернатына оқуға түсуге келеді. Алып шаһардың әр бұрышын жөнді білмейтіндіктен, қасына Әнуарды ертіп алған екен. Шымкенттік жігіт сынақтан сүрінбей өткенімен, талантты алыстан танитын бапкерлердің ықыласы ұзын бойлы, арықтау келген Нысанбаевқа ауса керек.  Екі-үш мәрте доп тепкізіп көрген соң, мамандар Әнуардан жақсы футболшы шығады деген тұжырым жасайды. Осылайша, Шымкенттен Алматыға спортшы атану үшін арнайы келген жігіт жолда қалып, аяқ астынан Әнуардың бағы жанады. Оның Қажымұқан атындағы спорт интернатына тап болуының тарихы осындай, – деп еске алады. Әнуар алаңда шын көсілгенде, «Мен!» деген мықты ойыншылардың өзі оны тоқтата алмайтын. Әсіресе, сол аяғының соққысы жойқын еді. Әдетте, солақай адамдардың талантты келетіні бар ғой. Осы құбылыс Әнуарды да айналып өтпеген. Нысанбаев доп­ты сол аяғына ыңғайлай бастағанда, қорғаушылардың қамдана бастайтыны да сондықтан. Негізінен, алаңның орта шебінде өнер көрсететін жартылай қорғаушыға  команданың қорғанысына көмектесу де қиын емес-тін... Биік бойлы жартылай қорғаушы «Қайрат» қарсыластарына алаңның кез келген пұшпағынан  қиындық тауып беруші еді. Ал командаластары үшін Әнуардың араларында жүргені де үлкен айбын болатын... Әнуар Нысанбаев Қазақстанның Олимпиадалық құрамында сәтті өнер көрсетті. Олимпиадалық құрамның үздік ойыншысы болғаны да рас. 1994 жылғы чемпионаттан соң, елдің шебер футболшылары анықталған кезде, саңлақтар көшінде Әнуардың да аты жүрді. Сүйікті командасы «Қайратқа» да адал еді. Алматылық клубтың жағдайы қиындап, кіл мықтылар несібесін басқа командадан іздеген тұста, ұжымның ұйытқысы болып қалған да өзі. «Қайраттың» халі қиындап, команда басына бұлт үйірілген шақ. Әнуарға Семейдің «Елім-ай» клубы көз сала бастайды. Сол кездегі семейлік клубтың бас бапкері Чернов Нысанбаевты өз командасынан көргісі келетінін айтып, қолқа салуын қоймады. Тіпті Әнуардың өзін қойып, анасы мен ағаларын жағалай бастаған. Бірақ ақша емес, абырой қуған Әнуар «Қайратынан» алыстап кетпеді. Әрбір футболшы армандайтын жалақы ұсынса да, ұжымның тұтастығын алға қойған  Нысанбаевтың орнында басқа  ойыншы болса, ойланып қалар ма еді... Ал қарағандылық «Шахтермен» өткен кездесудегі Әнуардың 40 метр­дей қашықтықтан соққан голын замандастарының ұмыта қоюы екіталай. «Қайрат» айып добын орындауға мүмкіндік алып, оны тебетін екі футболшы да айлаға басамын деп, доптан асып кетті. Стадионға жиналған жанкүйер ойыншылардың ебедейсіздігін келеке етіп, күлкіге қарық болған тұста, ұяттан өртеніп кете жаздаған Әнуар допты шірене  тебеді. Намыстан соғылған соққыға қақпашы да қауқар көрсете алмай, 40 метрден бағытталған доп  торда тулап жатты. Бірер секунд бұрын азан-қазан болып, айғайға басқан жанкүйерлерде үн жоқ. Ал Әнуар күліп қойып, басбармағын жоғары көтерген еді... Алаңда әрбір командаласына доп жеткізіп, шептің алдында жүретін Әнуардың адами қасиеттері туралы әңгіме, тіпті бөлек. Ақкөңіл, үнемі жайдары қалпынан таймайтын оның адамдарды үйіріп әкететін бір қасиеті бар еді. «Талантты адам бар жағынан талантты» деген тіркесті Әнуарға қаратып айтсақ, артық емес. Футбол ілімін терең меңгерген ол өмірде өте қарапайымдылығымен  ерекшеленетін. Достыққа адал, ақжарма көңілімен командаластарын алға сүйрейтін де сол. Оның әппақ жүрегінен жарық өмірге құштарлықты байқамау мүмкін емес еді. Кез келген адамға қол ұшын созуға ол үнемі дайын тұратын.  Жақын жолдастарының қиналып қалса, бірден Әнуарды бетке алатыны да сондықтан. Алайда кішіпейіл Нысанбаевтың жарық дүниедегі өлшеулі ғұмыры тым қысқа болып шықты... Ел чемпионатындағы кезекті матчтардың бірінде Әнуар аяғынан жарақат алып, дәрігерлердің демеуімен алаңды тастап шықты. Бұл Нысанбаевтың футболшылық ғұмырындағы ең соңғы кездесу екендігін ешкім де болжаған жоқ. Сіңірі созылып, аурухана кереуетіне таңылған тұста, алдымен анасы, кейін әкесі көз жұмды. Бұл бойын дерт меңдеген азамат үшін үлкен соққы еді. «Әлі есімде, Әнуар ауырып жүргенде, анасы қайтыс болды. Өз денсаулығы оңбай тұрған кезде, анасынан айырылу оған ауыр соқты. Аяулы анасынан көз жазып қалу кімге оңай дейсің?! Біз команда мүшелерімен бірге анасын жерлеу рәсіміне қатыстық. Содан кейін, көп ұзамай әкесі, сонсоң Әнуардың өзі де кетті арамыздан. Менен 7-8 жас кішілігі болса да, Әнуардың талантын өте жоғары бағалайтынмын. Әттең, ғұмыры қысқа болды» деп еске алады бұрынғы футболшы, бүгінгі бапкер Асқар Қожабергенов. Миында қатерлі ісік пайда болған Әнуар Нысанбаев бұл дүниеде 29 жыл ғұмыр кешті. Азғантай өмірін футболға арнап, кейін ауыр дертпен арпалысқан ол отбасын құрып та үлгерген жоқ. Әпкесі Әлия інісінің дертіне дауа іздеп, алыс Алманияға  апарды. Алайда немістің мықты дәрігерлері де хас таланттың өміріне арашашы бола алмады. Ол орда бұзар шағында жарық дүниемен қош айтысып, кете барды... Бүгінде жасы қырыққа жақындап қалған қазақ футболындағы орта буын өкілдері Әнуар Нысанбаев атты алаңды көре білу қасиеті жоғары, солақай жігітті іздейді де тұрады...

P.S. Әнуардың суретін табу мүмкін болмады. «Қайрат« клубының баспасөз қызметі де Нысанбаевтан бейхабар екен. Германиядағы әпкесімен тілдесе алмағасын, мақалаға Әнуар доп тепкен жылдардағы «Қайрат« ойынынан үзінді беруді жөн көрдік...

Ақырыс  Сейітқазы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Келесі жаңалық
Қазақшасы қайда?
×