Букмекер тез баюдың жолы ма?

19.05.2013, 22:40
Букмекер тез баюдың жолы ма?
Әлемді нарық билеген қазіргі заманда ақша табудың түрлі жолдары пайда бола бастады. Кешегі КСРО құрдымға құлаған соң, «темір перденің» ар жағы батыстан түрлі ойын автоматтары, ойынханалармен бірге букмекер кеңсесі де елімізде балалады. Астанадағы букмекер кеңселерінің бірінде студент танысым күзетші болып қызмет атқарды. 60 мың жалақымен жұмысқа орналасқан ол сабақ пен демалысты ұмытып, «жұмыстың қызығынан бас алмады». Кейін білсек, жалақысын алмастан күніге 200-500 теңгеден ақша тігіп жүріп, қарызға белшесінен батыпты. Ақырында сессиядан құлап, сабақтарын жазда қайта тапсыратын болыпты. Сөйтіп, букмекердегі «қызметінен» тапқан қарыздарын әрең төлеп, үйіне әупірімдеп қайтқан еді. Кейінірек оның «жан-жарасы» жазылған кезде қызығушылығымыз оянып, букмекер жайлы сұрастырып білсек, бұл жер нағыз қызық пен шыжықтың ортасы екен. Біз білген мәлімет бойынша футболдан өткен жазда өткен Еуропа чемпионатында күн сайын кеңсе қалтасына кем дегенде 300-400 мың теңге ақша сауылдап түсіп отырған. Астанада аты мәлім букмекерлік кеңселердің жалпы саны 11 екен. Ал біздің танысымыз жұмыс жасаған нүкте ақша ең аз түсетіні, өз-өзін ақтамайтыны көрінеді. Апырмай, 300-400 мыңның өзі аз ақша емес қой! «Осыншама ақшаны кімдер береді» деп сенбестік танытсақ та, кеңсеге бас сұққан едік. Біздің көз алдымызда жасы отыздар шамасындағы жігіт 50 мың теңгесін тігіп, мезетте оңбай ұтылды. Үндемей бақылап отырған біздер не дерімізді білместен бас шайқадық. Студенттер болар, шаштары уда-дуда қылқандай екі жас жігіт келіп 20 мың теңгелерін тенниске тікті де, жайғасып ойын тамашалауға көшті. Бәсшілер «линия» деп атайтын ұбақ-шұбақ қағазға қанша үңілгенмен, ақша тігудің мәнін жөндеп ұға қоймадым. Кеңседегі күзетші болып істейтін, осы саланың білгірі болып алған жігіт ағасы былай деп түсіндіруге көшті: – Алдымен ойынға қойылатын ақшаны орысшалап айтқанда «Ставка» дейді. Бірінші, «Дара «ставка» – бір оқиғаның жекелеген нәтижені арналғаны. Ұтыс букмекерлік кеңсе белгілеген  нәтиженің коэффициентіне арналып жасалған сомаға тең болады. «Экспресс» – бір-бірімен толықтай байланыс-ты бірнеше нәтижелерді бір мезгілде болжауға арналған «ставка». «Экспресс» бойынша ұтыс «экспресс» коэффициентіне арналып жасалған «ставка» сомасымен теңеседі. «Экспресс» коэффициенті осы «экспресске» кіретін барлық оқиғалар нәтижелерінің коэффициенттерін көбейту жолымен алынады. Егер «экспресске» қосылған барлық нәтижелер дұрыс болжанса, ұтқан болып есептеледі. Кем дегенде бір нәтиженің «экспресс» бойынша ұтылысы барлық «экспресстің» толықтай ұтылысына алып келеді. «Жүйе» – ол  оқиғалар нәтижелерінің алдын ала анықталған санынан берілген мөлшер «экспресстерінің» толық комбинациясы. Жүйеге арналған «ставка» кезінде нәтижелердің жалпы санын және бір «экспресстің» мөлшерлілігін (жүйе нұсқасын) көрсету қажет. Жүйе бойынша ұтыс жүйеге кіретін «экспресс» бойынша ұтыс сомасына тең болады. Ал енді шартты «ставка» дегеніміз – бұл кәдімгі «ставкалардан» құралатын тізбек («дара», «экспресс» немесе «жүйе»). Бұл «ставканың» ерекшелігі, салған ақшаның бірінші бөлігі (негізгі) ғана төленеді, ал қалған (шартты) «ставкалар» бұл тізбектегі ставкалардың бірінші бөлігінің ұтысынан алынады. Live – ойын барысы бойынша қабылданатын ставкалар. Live негізгі және қосымша нәтижелерге қабылданады. Дара Live (ординарлар) ставкалар жасауға болады және оларды «экспресске» немесе «жүйеге» біріктіруге болады. Қабылданған Live өзгертілмейді,– деп түсіндіріп берді. Біз осылай Букмекер ережесін талдап отырған сәтте теннис аяқталып, 20 мың теңгесінен айырылған екі студент сандарын соғып қалды. Бір-бірін кінәлап керілдескен екі жігіт ақыр соңында таныстарына қоңырау шалып, қарыз сұрап кетті. Сол мезет басын шайқаған күзетші бұлардың күніге осы араны жағалап шықпайтынын, сабаққа бармастан күнделікті оразасын осы арада ашып, «линияға» үңіліп отыратынын баяндап берді. Жаңа ғана 50 мың теңгесін футболға тіккен ағамыз құзырлы органдардың бірінде жұмыс жасайтын көрінеді. Күзетшінің айтуына қарағанда, ай сайын 100-200 мың көлеміндегі теңгесін осында әкеліп береді. Көктемде Еуропа чемпиондар лигасының ақтық сынында ағылшындық «Челси» мен немістің «Бавариясы» ойнаған сәтте әлгі көкеміз темір тұлпарын сатып, миллион теңгесін ағылшындардың жеңісіне байлапты. Ақырында «Челси» жеңген сәтте көзінің жасын тия алмаған көкеміз ақшасын еселеп алып кетті дегенде, аузымыз ашылып, көзіміз жұмылды. Мұндай жеңістердің сирек болатынын мойындаған ол, бұл жерге адамдар пайда табам ақшамды еселеймін деп келіп, ұйыққа батып кететінін айтты. Күн сайын ұтылған ақшамды қайтарам деп, қаншама адам отбасыларының қанша несібесін қағып отырғанын ұғынбайтын сияқты. Тағы бір байқағанымыз букмекерге барып, өзің қалаған болжамды айта алмайсың. Шетелдік арнайы сарапшылар жасап шығарған есеп-қисаптардың бірін таңдайсың. Былай қарағанда тестілеудің бір түрі сияқты. Біздегі «линиялар» Ресейден келетіндіктен, бәстердің барлығы орыс тілінде. Медициналық ғылыми тілде мұндай құмарпаздар ауруын «лудомания» деп атайды, Абай атамыз «Құмарлық кісіге жүк артады, міндеттілік туғызады, міндет борышты етеді, бұлар еңбекке жүктейді, еңбек ғылым мен өнерге ашылған жол», – деп жазып кеткен. Ал енді букмекер жағалап, тепсе темір үзетін жігіттердің «линия» деп аталатын пәлекетті шимайлап, теледидардағы спорт сайысына көз майы таусылғанша үңілісі ғылым мен өнерге апармасы анық.

Олжас БЕРКІНБАЕВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×