АҚШ - таланттар ұстаханасы

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
15.12.2020, 20:12
АҚШ-тан шыққан жас таланттар ірі клубтардың негізгі құрамында ойнап, өз құрамасын алға сүйреуде.
АҚШ - таланттар ұстаханасы

Америка Құрама Штаттарында футбол негізгі спорт түрі емес. Мұнда баскетбол, бейсбол, хоккей ежелден-ақ жоғары бағаланды, ал балалар ұзақ уақыт бойы "еуропалық спортқа" өте салқын қарады. МЛС-тің құрылуы жағдайды өзгертті, сол себепті жас таланттар футболда белсенділік таныта бастады, ал жақын уақытта АҚШ құрамасы көптеген жетістіктерге жететін сияқты.

Ия, МЛС-те дарынды ойыншылар әлі де тиісті даму мен бәсекелестікке ие бола алмайды, бірақ олар кез-келген уақытта Еуропаға бара алатындарын түсінді. Қазірдің өзінде америкалық легионерлер кәрі құрлықтың үздік клубтарының негізгі құрамынан мықтап тұрып орын алды және дәл осы тенденцияны осыдан он жыл бұрын елестету мүмкін емес еді.

Ал, енді сөзден іске көшейік. Сіздің назарыңызға - Еуропаның футболын аяққа тұрғызуға тырысып жүрген америкалық жас таланттарды ұсынамыз.

Кристиан Пулишич

Жасы: 22

Клуб: "Челси"

АҚШ құрамасы үшін: 34 кездесу, 14 гол


Мүмкін қазіргі АҚШ ұлттық құрамасының басты жұлдызы - "Челси" ойыншысы Кристиан Пулишич. Ол Пенсильванияда дүниеге келді, бірақ өзінің мансабын Англияда бастады, онда ата-анасы көп тұрақтамады. Отанына оралғаннан кейін Кристиан саяхатын "Мичиган Раш" және "Пи Эй Классикас" академияларында жалғастырды, ал 16 жасында ол үлкен шыңды бағындыру үшін Кәрі құрлыққа қайта оралды.

Бастапқыда Пулишич Германияда "Боруссия Дортмунд" клубында ойнай бастады, бірақ көп ұзамай оның таланты футболшыны барлық алып командалар үшін трансферлік нарықта дәмді тағамға айналдырды. 2019 жылдың қаңтарында "Челси" Пулишичті 64 миллион еуроға сатып алғаны туралы мәлімдеді, бірақ футболшыға тағы жарты жыл "Боруссияда" ойнауға мүмкіндік берді. Кристиан Премьер-лиганың өткен маусымында "Челси" жейдесінде 25 матч өткізіп, 9 гол соқты және 4 нәтижелі пас берді.

Бүгінгі күні Пулишичтің АҚШ құрамасы үшін соққан 14 голы бар, ұлттық құрама сапында ол 2016 жылдың наурызында дебют жасады. Мұндай ойыншы арқылы АҚШ ұлттық құрамасы келесі әлем чемпионатына шығу мәселесін шешіп қана қоймай, плей-оффқа шығу үшін, мүмкін, одан да маңызды нәрсеге бет бұруы мүмкін.

Уэстон Маккенни

Жасы: 22

Клуб: "Ювентус"

АҚШ құрамасы үшін: 19 кездесу, 6 гол


Уэстон Маккенни Техаста дүниеге келді, бірақ бала кезінде ол Германияда әкесімен бірге болды, ол жерде футболға тәуелді болды. Бала "Финиксте" ойнай бастады, ал Отанына оралғаннан кейін "Даллас" академиясында жеті жыл бойы доп тепті. Дәл осы жерден 2016 жылдың тамыз айының соңында Маккенни "Шальке" клубына ауысып, сол жерде өзінің кәсіби футболдағы мансабын бастады.

2017 жылдың мамырында Уэстон "Шалькенің" негізгі командасында дебют жасады, келесі маусымда жас америкалық футболшы негізгі құрамның маңызды ойыншыларының біріне айналды. Маккеннидің неміс клубындағы прогресін "Ювентус" байқады. 1 қыркүйекте туриндік клуб белгілі бір шарттарды орындағаннан кейін 18,5 миллионға сатып алу міндеттемесімен 4,5 миллион еуроға Маккенниді бір жылға жалға алғаны туралы жариялады. Және Уэстон дәл қазір өзінің керемет қабілеттерін ерекше бағалайтын Андреа Пирлоның сеніміне ие болды.

МакКенни бұған дейін АҚШ ұлттық құрамасында 19 матч өткізіп, 6 гол соққан. Ол құрама сапында үш жыл бұрын - 2017 жылдың 14 қарашасында дебют жасады.

Сержиньо Дест

Жасы: 19

Клуб: "Барселона"

АҚШ құрамасы үшін: 3 кездесу


Біздің тізімдегі екі ойыншыдан айырмашылығы, Сержиньо Дест АҚШ-та емес, Нидерландыда дүниеге келген. Оның әкесі Америка азаматы, ал анасы Еуропадан. Дест "Алмере-Ситиде" футбол ойнай бастады, бірақ 12 жасында аңызға айналған "Аякс" академиясына ауысып, кейіннен кәсіби дебютін жасады.

2019/20 маусымын керемет өткізіп (Нидерланды чемпионатында 20 матч және 4 нәтижелі пас), Дест бірқатар еуропалық алпауыттардың назарын аударды. "Барселона" мен "Бавария" бәрінен де табанды қызығушылық танытты, бірақ каталондықтар ақыры бұл талант үшін күресте жеңіске жетті. Олар "Аяксқа" 21 миллион еуро төледі және 1 қазанда футболшымен 5 жылдық келісімшартқа отырғанын мәлімдеді.

Сержиньо Дест АҚШ пен Нидерланды құрамасының арасында таңдау жасау мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде футболшы әкесі өмірге келген АҚШ елінің намысын қорғауға бел буды, онда өткен жылдың қыркүйек айында дебют жасады, ал бүгінгі күнге дейін 3 кездесу өткізіп үлгерді.

Джованни Рейна

Жасы: 17

Клуб: "Боруссия Дортмунд"

АҚШ U-17 құрамасы үшін: 16 кездесу, 6 гол


Джованни Рейна 2002 жылы қарашада Англияның Дарем қаласында әйгілі америкалық футболшы Клаудио Рейнаның отбасында дүниеге келді, ол сол кезде "Сандерленд" сапында өнер көрсетті. Джованни "Нью-Йорк Сити" академиясында футбол ойнай бастады, өйткені әкесі мансабын аяқтау үшін Америка Құрама Штаттарына оралған болатын.

Алайда, 2019 жылдың жазында Джованни Рейна Дортмундтың "Боруссиясымен" келісімшарт жасасып, Еуропаға оралды. "Аралар" сапындағы бірінші матч 2020 жылдың қаңтарында өтті. Кейіннен жартылай қорғаушы өз позициясына ие болып, маусымның соңына дейін Бундеслигада 15 матч өткізіп, 1 нәтижелі пас берді. Қазіргі уақытта Джованни Рейна - континенттің көптеген үздік клубтары белсенді түрде қызығушылық танытатын Дортмундтық "Боруссияның" басты жас таланттарының бірі.

Рейна АҚШ-тың негізгі командасында дебют жасаған жоқ, алайда ол елдің U-17 құрамасында 16 матч өткізіп, 6 гол соққан, олардың қатарында Джованни 2019 жылы Бразилияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында ойнады.

Тайлер Адамс

Жасы: 21

Клуб: "РБ Лейпциг"

АҚШ құрамасы үшін: 10 кездесу, 1 гол


Тіреуіш жартылай қорғаушы позициясында өнер көрсететін футьолшы Нью-Йорк штатында дүниеге келген, сондықтан Адамстың футбол мансабын жергілікті "Нью-Йорк Ред Буллз" академиясынан бастауы таңқаларлық жағдай емес. МЛС-тегі 52 матчтан кейін (2 гол, 6 голдық пас), 2019 жылдың қаңтарында 2,63 миллион еуроға Тайлер Германияға көшіп келді, футболшымен Ред Булл жүйесіндегі басқа клуб - "РБ Лейпциг" келісімшарт жасасты.

Қазіргі уақытта Адамс неміс командасының ротациялық ойыншысы (барлық матчқа шыққанымен, толық ойнамайды), сонымен қатар 2017 жылдың қарашасынан бастап АҚШ ұлттық құрамасында ойнайды. АҚШ сапында жас ойыншы 10 кездесу өткізіп, жолдастық кездесуде Мексика қақпасына гол соқты.

Джош Сарджент

Жасы: 20

Клуб: "Вердер"

АҚШ құрамасы үшін: 12 кездесу, 5 гол


Джош Сарджент Миссури штатында дүниеге келген, ал оның әкесі мен анасы бұған дейін колледж деңгейінде өз командалары үшін футбол ойнаған. 8 жасында Джош "Сент-Луис Скотт Галлахер" академиясына оқуға түсіп, шабуылшы позициясында ойнай бастады. Уақыт өте келе ол "Ай Эм Джи Академиясына" ауысып, онда бір жылын өткізді, содан кейін Еуропаға көшу мүмкіндігі туды.

Кәрі құрлықта Сарджент "Вердермен" 2017 жылдың қыркүйегінде келісімшартқа отырды және 2018 жылдың қаңтарында ғана жаңа командасына қосыла алды, дегенмен оның "Вердермен" кәсіби еңбек келісімі бір айдан кейін ғана, Джош 18 жасқа толғаннан кейін күшіне енді. Бундеслигада Сарджент өзінің дебютін 2018 жылдың 7 желтоқсанында "Фортунаға" қарсы матчта (3:1) жасады. Ол кезде америкалық футболшының жасы небәрі 18 жас, 9 ай 17 күнді құраған. Содан бері ол Бундеслиганың ең перспективалы шабуылшыларының бірі ретінде "Вердер" командасының ойындарына қатысып келеді.

АҚШ ұлттық құрамасы үшін Сарджент өзінің дебютін 2018 жылы 29 мамырда Боливияға қарсы матчта (3:0) өткізіп, бірден гол соқты. Команда құрамында осы уақытқа дейін өткізген 12 матчы және соққан 5 голы бар.

Тимоти Веа

Жасы: 20

Клуб: "Лилль"

АҚШ құрамасы үшін: 8 кездесу, 1 гол


Тимоти Веа 2000 жылы 22 ақпанда Нью-Йоркте дүниеге келді және "Милан", "Монако", "Пари Сен-Жермен" және Либерия ұлттық құрамасының аңызға айналған экс-шабуылшысы және қазір Либерияның президенті Джордж Веаның ұлы.

Тимоти Веа АҚШ-та "Вест Пайнс Юнайтед", "Блау-Вайсс Готтши" және "Нью-Йорк Ред Буллз" академиясында футбол ойнай бастады, 2014 жылдың жазында "Париж Сен-Жермен" академиясына көшті. Ерекше қабілеттерге ие, Веа Париждік команданың алғашқы командасына тез ілікті, ол негізгі командада 2018 жылдың 3 наурызында дебют жасады. Алайда, жас шабуылшы ПСЖ-дағы ірі шабуылшылармен болған бәсекеде жеңіліп қалды. Ол 2018/19 маусымының екінші бөлігін "Селтикте" жалға өткізіп, өткен жазда "Лилльге" 10 миллион еуроға ауысты. 20 жастағы шабуылшы "Лилль" сапында да резервтегі ойыншы болғанымен, футбол әлемінде оған үлкен үміт артуда, дегенмен көптеген сарапшылар қазірдің өзінде Тимотидің әкесінен асып кету мүмкіндігі жоқ деп біржақты пікір білдірді.

Тимоти Веа АҚШ ұлттық құрамасының барлық жасөспірімдер командасында ойнады. Құрама сапындағы дебютін 2018 жылдың наурыз айында Парагвайға қарсы жолдастық кездесуде өткізді (1:0). Содан бері ол 8 матч өткізіп, 1 гол соқты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×