«Ақтөбе» алға шықты

15.03.2011, 17:20
«Ақтөбе» алға шықты

Еліміздің төрт дүркін чемпионы - «Ақтөбе» биыл да алтын жүлдеден үмітті екенін дәлелдеуде. Премьер-лига ойындарының екінші турында ақтөбеліктер Кереку өңірінде «Ертісті» 3:2 есебімен ұтты. Сөйтіп, қос турда 6 ұпай олжалаған Владимир Мухановтың шәкірттері турнир кестесінің бірінші сатысына нық жайғасты. Олардың ізін ала 4 ұпайы бар Өскеменнің «Востогы» келеді. Тек осы екі команда ғана әзірге жеңілмей тұр. «Ертіс» пен «Ақтөбенің» бәсекесі турдағы орталық кездесу саналды. Көпшілік назарын өзіне аударған ойын расымен де тартысты өтті. Матчтың 9-минутында қонақтар Сергей Лисенков соққан голдың арқасында есеп ашты. Дегенмен алаң иелері арада он минуттай өткенде қарымта қайырып, таразы басын теңестірді. «Ертістің» сапынан молдовалық легионер Анатолий Дорош мергендігімен көзге түсті. Бірінші таймның аяқталуына төрт минуттай қалғанда «Ақтөбе» қайта алға шықты. Бұл жолы Марат Хайруллин гол авторы атанды. Үзіліс кезінде «Ертістің» бас бапкері Талғат Байсуфинов шабуылшы Мұрат Тілешевті алаңға шығарды. Алайда бастапқыда белсенді қимылдаған «Ақтөбенің» бұрынғы ойыншысы гол соғудың орнына, төрешіден «сары қағаз» алып тынды. Әйткенмен кездесудің 64-минутында керекуліктердің өткір шабуылы өз нәтижесін беріп, Георгий Даскалов қақпаны дәл көздеді. Жеңіске деген жігері тасыған «Ақтөбе» бәрібір есе қайырды. Алаң иелерінің голына ақтөбеліктер арада бес минут өтпей-ақ жауап қатып, Марат Хайруллин осы ойындағы екінші голын соқты. Бұдан соң «Ертіс» футболшылары қанша тырысса да Сидельников қорғаған қақпадан саңлау таба алмады. Турнир кестесінде «Ертіс» 5-орынға сырғыды. Ал өткен маусымның жеңімпазы - Қостанайдың «Тобылы» биылғы біріншілікте алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Равиль Сабитов жаттықтыратын клуб өз алаңында «Таразды» қабылдаған болатын. «Тобыл» алғашқы минуттардан-ақ ойын тізгінін қолға алды. Кездесудің 9-минутында қонақтар өз айып алаңдарында тәртіп бұзып, Сергей Костюк он бір метрлік айып добын дәл соқты. Екінші кезеңде тағы екі гол тіркелді. Оның екеуі де «Тобылдың еншісінде. Алдымен 67-минутта Александр Кислицын қақпа кілтін тапса, 84-минутта қонақтар автогол енгізіп алды. Матч 3:0 есебімен аяқталды. Қызылордада «Қайсар» Өскеменнің «Востогын» қабылдады. Ойынның 26-минутында алғашқы голды қонақтар соқты. Бұрыштама добынан кейін Жорже Мрджанин мергендік танытып, командасын алға шығарды. Алаң иелері тек екінші кезең ортасынан ауғанда ғана таразы басын теңестіре алды. Голдың авторы - Қазақстан футболындағы тағы бір молдован жігіті Александр Максим. Бірінші турда «Жетісудан» ұтылып қалған Астананың «Локомотиві» де биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңісін атап өтті. Бұл жолы елордалықтар Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдаған еді. «Астана-Аренаға» жиналған жанкүйер голды ұзақ күтті. Оған дейін жергілікті жанкүйер өз футболшылары Ұлан Қонысбаевтың алаңнан қуылғанына куә болды. Бұл оқиға кездесудің 59-минутында тіркелді. Допты тебем деп қарсыласын баудай түсірген Қонысбаевты ақтөбелік төреші Жуковский аяп жатпай, бірден «қызыл қағаз» көрсетті. Әйтсе де, алаң иелерінің жеңіске деген құлшыныстары ойынның 87-минутында нәтиже әкелді. Өзінің бұрынғы командасы «Ордабасының» қақпасын дәл көздеген Таңат Нөсербаев болатын. Өз кездесуін Қарағандыда емес, «Астана-Аренада» өткізуге мәжбүр болған «Шахтер» бұл турда ұпайсыз қалды. «Кеншілер» күтпеген жерден «мұнайшыларға» жол берді. Травин және Джавиер соққан қос голдың арқасында «Атырау» жаңа маусымдағы бірінші жеңісіне қол жеткізді. Бірінші турда «Локомотивті» 2:0 есебімен қапы қалдырған Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында «Қайраттан» 0:1 есебімен ұтылды. Жетісулықтар бұл ойынды Ілияс Жансүгіров атындағы оқу ордасының стадионында өткізген еді. Кездесу соңынан екі команданың бас бапкерлері де сапасыз алаңнын жайын сөз етіп, мұндай кездесулердің тағдырын шеберлік емес, сәттілік шешетінін айтысты. Ал сәттілік бұл күні «Қайратқа» жақ болды. Матчтың 17-минутында алматылықтардың қатарында Владимир Байрамов гол енгізді. Осы жеңілістен кейін «Жетісу» бірінші орыннан 5-сатыға төмендеді. Турнир кестесінің ең басына ұпайдан шашау шығармаған «Ақтөбе» жайғасса, ең соңында ұпайсыз «Тараз» тұр. 3-тур ойындары 17-наурызда өтеді. Тағы бір айта кетерлік жаңалық, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтің қызметінде тағы төрт жылдық мерзімге (2015 жылдың наурызына дейін) қалуы. Аталған федерацияның 7-конференциясында президенттің үш орынбасарының да - С. Байшақов, М. Гурман және В.Катковтың өз қызметтерінде қалатындықтары мәлім болды. Шалқар ЕСТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Келесі жаңалық
3 тур
Серіктес жаңалықтары
×