"Ақтөбе" тең түсті

29.07.2011, 06:08
"Ақтөбе" тең түсті
Бүгін Европа Лигасының үшінші іріктеу кезеңінің аясындағы алғашқы матч "Ақтөбе" үшін қолайлы есеппен аяқталды. Владикавказдың "Аланиясымен" күш сынасқан жерлестеріміз бізді жерге қаратпады. "Спартак" стадионына жиналған жергілікті футболсүйер қауымның бұл ойынға тек "Алания" жеңісін көру үшін келгені анық еді. Десе де, ақтөбеліктер олардың мысын бірден басып тастады. Ойынның 11-минутында Кенжесариевтың пасын қабылдаған Малик Мане қақпашымен бетпе-бет шығып, допты қақпада тулатты. Бұдан кейін де толассыз шабуылдаған жерлестеріміз екінші голға да кет әрі емес екенін аңғартты. Дәл сол Мане, Хайруллин, Джилас Хомич қорғаған қақпаны торуылдап, өз кезегін күтіп жүрді. "Алания" да қарап қалмады. Бикмаев, Неко, Дудиев те Сидельниковтың мазасын алумен болды. Осындай алма-кезек шабуылдармен бірінші тайм да бітті.

Екінші тайм басталысымен-ақ В.Газзаев ойынға екі бірдей ойыншысын қосты. Жанкүйерлерінің алдында жеңістің уыстан кетіп бара жатқанын түсінген "Алания" Сидельников қақпасын жиі нысанаға алды. Төккен терінің жемісін де көп ұзамай көрді. Ойынға тыңнан қосылған Бураев Примус пен Чичулиннің қысымынан оңай құтылып, әуедегі допты қақпаға дәл бағыттады. Өз алаңында бұл есептің қауіпті екенін ұққан Газзаев шәкірттері шабуылын тоқтатпады. Сондай шабуылдардың бірінде Сидельников тізесімен Бураевтың басынан теуіп, алаңнан қуылды. Оның орнына қақпа күзету міндетін Бойченко өз мойнына алды. Ал негізгі қақпашысынан айырылып, аз ойыншымен қалған "Ақтөбенің" жағдайы күрт нашарлап кетті. Енді Мұқанов шәкірттерінің міндеті осы есепті ұстап қалу болды. Және бұл міндетті абыроймен атқарды. Төрешінің негізгі уақытқа бес минут қосуы да өзгеріс алып келмеді. Қорытынды есеп - 1:1. Бұл есеп ақтөбеліктер үшін қолайлы, тек өз алаңында гол жібермесе болғаны. Қарымта ойын 4 тамызда Ақтөбеде өтеді. Барша Қазақстанның сенімін арқалаған ақтөбеліктерге сәттілік тілейміз! Есет ТӨЛЕШ, Ақтөбе қаласы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×