"Ақтөбеден" бақ тайды ма?

05.05.2011, 20:42
"Ақтөбеден" бақ тайды ма?
Иә, соңғы кездері "Ақтөбе" шабысын бәсеңдетіп, өз ойынын жоғалтып алды. Тіпті, соңғы үш матчта екі ғана ұпай жинады. Алдымен 7-турда "Ақтөбе" өз алаңында "Жетісуды" кабылдады. Бұған дейін талдықорғандықтармен бірдей ұпай жинап тұрған "Ақтөбе" бұл матчта жеңіске жетуге міндетті еді. Турдың орталық матчына айналған бұл кездесуде ақтөбеліктер бірінші минуттан-ақ алға шықты. Қарсыластардың жарты алаңында Мане, Эссомба, Лисенковтар белсенді болды. Десе де, бұл ойыншылардың белсенділігі гол әкелмеді, тек бірінші таймның қосымша уақытында "Ақтөбенің" есеп ашуға үлкен мүмкіндігі болды. "Жетісу" ойыншылары қақпашының айып алаңында Кенжесариевке карсы ойын тәртібін бұзды. Мұны байқап қалған төреші талдықорғандықтардың қақпасына пенальти белгіледі, нүктеге С.Смақов келді. Бірақ какпашы соққыны кері кайтарып, қақпасын голдан сақтап қалды. Матчтың 60-минутында "Жетісу" есеп ашып, жанкүйерлерін бір қуантты. Төреші белгілеген айып добын Климавичус сәтті пайдалана алды. Бұл голдан кейін "Ақтөбе" есін тез жиып, есепті теңестіруге ұмтылды. Алайда сәт сайын "Жетісу" қақпашысы мен қорғаушылары шабуылға төтеп беріп отырды. Матчтың негізі уақытына үш минут қосылғанда "Ақтөбе" жанкүйерлері үмітін үзгендей болды. Бірақ, ақтөбеліктер соңғы минуттарда еңсесін көтеріп, Лисенков таразы басын теңестіріп кетті. Ал келесі турда "Ақтөбе" өз алаңында "Шахтерді" қабылдады. Жүлделі орындарға таласып жүрген "Шахтер" бұл матчта жеңу үшін бар күшін салды. Бірінші таймда жанкүйерлер гол көре алмады, тек матчтың 57-минутында Көкеев айып добынан есеп ашты. Екінші матч қатарынан стандарттан гол жіберген ақтөбеліктер бұл жолы да бар күшін шабуылға салды. Негізгі уақытқа үш минут қосылғанда ақтөбелік жанкүйерлер "Жетісумен" матчтың қайталанғанын қалады. Дегенмен, "Ақтөбе" есепті теңестіре алмай, жеңіліс тапты. Ал, 9-турда "Ақтөбе" өскемендік "Востокқа" қонаққа барды. В.Мұқанов шәкірттері бұл матчтың жауапты екенін ескере отырып, Өскеменнен қалайда үш ұпайды алып кетуді көздеді. Біріншіліктің аутсайдеріне жататын "Восток" ақтөбеліктермен терезесі тең ойын көрсетіп, өз жанкүйерлерінің алдында "Ақтөбемен" тең түсті. Есеп  - 0:0. 7 мамырда "Ақтөбе" алматылық "Қайратқа" қонаққа барады. Никитенко шәкірттері турнир кестесінде 10-сатыда тұр. Қазақстанның екі дүркін чемпионы мен бес дүркін кубок иегеріне қарсы матчтың оңайға соқпасы анық. Бүгінде турнир кестесінде "Локомотив" 20 ұпаймен көш бастап келе жатыр, "Жетісу" 18 ұпаймен екінші орында, 17 ұпай жинаған "Шахтер" алғашқы үштікті түйіндесе, "Ақтөбе" төртінші орынға жайғасты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×