Аралдың қаһармандары. Қарсыласымыз Исландия жайлы

28.03.2015, 06:21
Аралдың қаһармандары. Қарсыласымыз Исландия жайлы
28-ші наурыз кешкі сағат тоғызда "Астана Аренаның" алаңында ұлттық құрамамыз Еуро 2016 іріктеу кезеңінің аясында Исландиямен кездеседі. Іріктеу кезеңінің басты сенсациясы. Түркияны талқандаған, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Голландиядан толықтай басым түскен Исландиямен. Жеңбек түгіл, тең түсуі үшін біздің команданың біраз тер төгуіне тура келеді. Ал, "Аладоп" сайты ұлттық құрамамызға сәттілік тілей отырып, Исландия Республикасы мен ұлттық құрамасы жайлы аз-кем баяндамақ. Ислан футболының қыр-сырына үңілмес бұрын, жалпы Исландияның қандай ел екенімен танысалық. Арктикаға жақын орналасқан, аралдағы мемлекет. Әрине, онда суық. Өте суық. Жылдың көп бөлігінде. Жылдың орташа температурасы бар болғаны 5 °C. Терезеден қарасаң, жүзіп жүрген мұздар халық үшін жаңалық емес. Ауа-райының өзі әйел затының мінезі секілді құбылмалы. Құбылмалы деген Алматымыз, ел астанасы Рейкьявиктің(атаудың өзі қиын) жанында түк те емес. Дәл қазір күннің көзі күлімдеп, шуақ шашып тұрса, бар-жоғы 15 минуттан кейін-ақ айнала алай-дүлей, жауын-шашын, бет қаратпас боранға айналады. Әрине, табиғат та жергілікті халықтың мінез-құлқына әсер етеді. Тұйық, мінезі ауыр адамдар. Тіпті, тілінің өзі өте ауыр. Ислан азаматы сізге бір сөз айтса, сіз қайталай алмассыз. Тіл шұбартылып кетеді. Исландықтардың физиологиясы ғана оған бейімделген. Бірақ, кез келген қауіп-қатерге сақадай сай сақ ел. Біресе, қар көшкіні болуы мүмкін, біресе жанартау атқылауы мүмкін дегендей. Мығым денелі, сақалды азамат бәріне де дайын болуы керек. Және ол дайын да. Табиғатының өзі бөлек әңгіме. Халықтың ауыр мінезіне, табиғаттың қаталдығына қарамастан әлемнің түпкір-түпкірінен туристер ағылып жатады. Гейзерлер, жанартаулар, сарқырамаларды көруі үшін. Айналаның бәрі қар мен мұздақтар болғандықтан қараңғы түн деген ислан еліне жат құбылыс. Күні де жарық, түні де жарық. Исландия-2008-ші жылы эконимасы тұрақты, қаржыны адам басына шаққанда әлемдегі ең бай мемлекеттердің қатарында еді. Бірақ, бір жылдан кейінгі әлемдік дағдарыс бұл елге де керіс әсерін тигізіп, елдің күн көрісі төмендеді. Соның зардабын халық әлі тартып келеді. Елдің біраз бөлігі кедей. Бірақ, бұрынғы қалыпты экономиканы қалыпқа келтіру үшін бар күшін салуда. Бір жағынан бар болғаны 320 мың(!) ғана тұрғыны бар елге бұл қиынға соқпас. Ел-жерімен танысқан соң, футболына терең үңілейік. Жалпы, Исландия әлем футболына дөрекілігімен танылған(табиғат әсер еткен мінез бар ғой). Тіпті, Экәрі құрлықтаЭ жеребе тарту кезінде әрбір ұлттық құрама исландықтар топқа түспесе екен деп тілейді екен деген, алып-қашпа әңгімелер де жоқ емес. Жоқ, олардың спорттық шеберлігінен емес, дөрекілігінен қорыққандықтан. Өткен жылға дейін, Ислан футболында бір ғана айтулы жеңіс болыпты. Сонау, 2004 жылғы өз алаңында азулы Италияны 2:0 тізе бүктіргені. Бірақ, қандай күштің арқасында бүгінгідей команда пайда болды? Кездейсоқтық па? Жоқ, бұл сонау 2000-шы жылдары басталған еңбектің жемісі. Исландия табиғаты жылына тек 5 айда ғана футбол ойнауға мүмкіндік береді. 5 ай емес, 12 ай да алаңда доп тебуге мүмкіндік туғызу үшін, жаңа ғасырдың басында табиғат кері әсерін тигізе алмайтын көптеген спорт кешендері салына бастады. Жылы жерде жаттығатын болғандықтан жастар да футбол секцияларына ізбе-із жазыла бастады. Бүгінде елдегі футболшылардың саны 22 мыңды құрап отыр. Шамамен алғанда халықтың 6-7 пайызы. Ал, соңғы екі жылда УЕФА-ның сынағынан өткен жаттықтырушылардың саны 575-тен 2000-ға дейін өсіпті. 2011-ші жылы тұңғыш рет жастар құрамасы Еуропаның үздіктері іріктеліп алынған финалдық кезеңге жолдама алды. Топтық кезеңнен шыға алмаса да, жарыс қожайындары Данияны тізе бүктіріп, кішігірім сенсация жасаған-тұғын. Бүгінде сол командадағы 12 футболшыны ұлттық құрамадан кезіктіре аласыз. 8-і негізгі құрамның ойыншылары. Міне, бүгін біз көріп отырған Исландия ұлттық құрамасының іргестасы осыдан 4-5 жыл бұрын қаланған екен. Бұрындары команданың негізгі футболшылары ішкі чемпионаттың немесе жақын шет елдегі футболшылардан құралатын. Бүгін де ол үрдіс байқалады. Қақпашы Тор Халлдорсон мен екі қапталдағы қорғаушылар Севарсон мен Скуласон ішкі чемпионаттың ойыншылары. Бірақ, бүгінгі жас толқын Еуропаның белді чемпионаттарына кеткенді жөн санайды. Тіпті, толықтай Англияда тәлім алған Йохан Гудмондссон бар. Бала кезінен Лондонда оқып, "Челси" мен "Фулхэмнің" екінші командасында ойнаған Йохан, голландиялық "Аз Алкмаарға" барып атағын шығарды. Кейін, Лондонға қайта оралып, бүгінде "Чарльтонның" намысын қорғап жүр. Жалпы, Ағылшын елінде ойнайтын футболшылар Исландия ұлттық құрамасының сапында баршылық. Англияның төменгі лигасының бірінде ойнайтын орталық қорғаушы Кари Арнасон, "Ливерпульдің" екінші командасында доп тепкен Виктор Паллсон, және команданың жұлдызы Гильфи Сигурдссон. 16 жасында "Рединдгтің" академиясына түсіп, кейін Германияға "Хоффенхаймның" сапында өнер көрсетуге аттанады. Бірақ, екі жылдан кейін Тұманды Альбионға қайта оралып, дәл бүгін "Суонсидің" намысын қорғап жүр. Екі жыл Андре Виллаш-Боаштың баптауымен "Тоттенхэм" сапында да ойнады. Бір сөзбен, ағылшын футболын меңгерген аяқдопшы десек қателеспеспіз. Ұлттық құраманың бар ойыны осы азаматтың қолында. Исландияның Пирлосы, Джеррард-Лэмпарды, Хави-Иньестасы. Бұл футболшы шабуылды бастап, нәтижелі пас беріп қана қоймай, өзі де екі-үш ойыншыны қапыда қалдырып гол соғып кетудің шебері. Алыстан да қақпаны дәл бағыттайтын мергендігі бар. Қысқасы, команданың бар ойыны осы аяқдопшы арқылы өрбиді. Миы, әрі жүрегі. Ұлттық құрамаға атақты Гудьонсонның шақырту алғанын естідік. Ертең "Астана Аренаның" алаңында "Барселонаның", Челсидің сапында бірнеше жылын өткізген осы азаматты көріп қалуымыз әбден мүмкін. Сонымен қатар, команда сапында әрі қорғаныста да көмектесетін, әрі шабуылға да белсене араласатын команда капитаны Арон Гуннарсон бар. Бұл футболшы ағылшындық "Кардиффтің" негізгі футболшысының бірі. Италияның "Пескара" командасында өнер көрсететін Биркир Бьярнасон да ертең негізгі құрамда алаңға шықса қапталдағы қорғаушыларымызға біраз қиындық туғызары сөзсіз. Қапталдан шабуылды өрбіту осы футболшының мойнында. Жылдамдығына қарап, Тео Уолкоттың бауыры дерсіз. Шабуыл өтіндегі ең қауіптi футболшы-"Аякста" ойнайтын Колбейн Сигторссон. Осы маусымда Эридивизионда 5 гол тоғытып үлгеріпті. Орталық қорғаушыларымыз Колбейнг қарсы өте сақ ойнамаса, кез келген ұрымтал сәтте қақпаны дәл көздеп кетуі мүмкін. Басқа-басқа, әр тур сайын голдарды қарша борататын "Аякста" голды қалай салу керектігін жақсы үйретеді. Әрине, осындай команданы жасақтаған бас жаттықтырушы Ларс Лагербек жайлы сөз етпесек болмас. Швед маманы Швеция ұлттық құрамасын Еуро 2008-ге алып шығып, топтық кезеңнен ары аса алмаған соң, 2009-шы жылы Нигерияның бас командасын қолына алмады. Африкадағы Әлем чемпионатында тағы да топтан шыға алмады. Ал, 2012 жылдан бері Исландия ұлттық құрамасының жаттықтырушысы. Шабуылға иек артар футболды жақсы көретін маман. Иә, Исландиядан таза шабуылдаушы команда жасақтай алмас. Бірақ, мықты командаларға қарсы "өтірік" қорғанатын әдеті бар. Бұл қалай? Қарсыластың шабуылдауына еркіндік береді де, аяқ астынан допты тартып алып, босаңсыған қарсыласты мең-зең күйге түсіретін жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырады. Жүгірудегі жылдамдық пен ойлаудағы жылдамдық команданың басты қаруы. Шабуылдап жүріп, аяқ астынан өз қақпана гол өткізіп алудын не екенін азулы Түркия мен Голландия ұлттық құрамалары жақсы біледі. uefa.com Байқасақ, аралдың қатқыл қабақты табиғаты халықтың мінезіне ғана емес, футболына да әсер етіпті. Құдды бір, бір сәттік боран секілді. Жайпап өтсе, көпке дейін ес жия алмайсың. Команда да дәл солай. Түркия мен Голландия Исландияның бірінші голынан кейін, есеңгіреп матч аяғына дейін ес жия алған жоқ. Нәтижесінде, түріктер ірі есеппен ұтылды, голландықтар да қақпашы болмағанда аралдан тас-талқан болып қайтар еді. Жанартау секілді. Тып-тыныш тұрып, кез келген сәтте аяқ астынан атқылайды. Ертең ұлттық құрамамызға алғаш болып гол жібермес үшін бәрін істеу керек. Исландия секілді кез келген сәтте жерлей салатын командаға қарсы алаңның әрбір бөлігінде шайқасып, допқа таластың әрбір сәтінде оңайлықмен шегінбеуіміз керек. Еркіндікті ұмытуға тиіспіз. Сонда ғана, оң нәтижеге қол жеткізетін мүмкіндігіміз туады.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×