Аргентина құрамасы - Америка Кубогінің иегері

Лионель Месси Аргентина құрамасындағы алғашқы трофейін жеңіп алды.

Аргентина құрамасы - Америка Кубогінің иегері

Аргентина құрамасы Америка Кубогінің финалында Бразилия құрамасын жеңді. Кездесу Рио-де-Жанейродағы "Маракана - Марио Филью" стадионында өтіп, 1:0 есебімен аяқталды.

Матчтағы жеңісті гол 22-минутта соғылды. Родриго Де Паульдің нәтижелі пасын пайдаланған Анхель Ди Мария допты қақпашының үстінен асырып тастады. ПСЖ командасының жартылай қорғаушысы Ди Мария осы матчтың үздік футболшысы деп танылды.


Айта кетейік, бұл Лионель Мессидің Аргентина құрамасындағы алғашқы трофейі болып табылады.

Аргентина құрамасы өз тарихында Америка Кубогін 15-ші мәрте жеңіп алды. Олар бұл көрсеткіш бойынша бірінші орында тұрған Уругвай құрамасын қуып жетті. Ал Бразилия аталған турнирде тоғыз мәрте, Парагвай, Чили мен Перу екі рет, Колумбия мен Боливияда бір мәрте топ жарған.

Турнирдің қола жүлдесін Колумбия құрамасы жеңіп алған болатын. Олар кеше Перу құрамасын 3:2 есебімен жеңген еді.

0 пікір