"Арман"

31.10.2012, 16:14
"Арман"
Құрметті футболсүйер ағайын! Футболдан қазақ құрамасы үлкен додаларға қатысып көрмегені аян. Алайда алдағы уақытта қатысады‑ау деген тәтті арман бар. Ендеше назарларыңызға осы арманға сүйене отырып жазылған, аладоп.кз сайтының тілшісі Төлеш Есеттің жүрекжарды өлеңін ұсынамыз.   Жастық арман көп жәйтті түсінбеген, Армандаймын қияли күшімменен. Жанкүйердің қалауы шындық болған Бір оқиға көрген ем түсімде мен.   Қара түн мен аппақ таң арасында Менің түсім келгендей жарасымға – Қатысыпты менің бұл алашым да Әлем біріншілігіне Өтетін Бразилия даласында.   Басынан неше түрлі сын өткерген, Қазақтар үмітіне түнеп келген. Түсіпті Қазақстан «H» тобына Гана мен Аргентина, шведтермен.   Топтық кезең   Бірінші тур топтасып жаңалықтар, Жанкүйер боп қазаққа қарадық дәл. Алғашқы қарсыласы біздің елдің – Африкадан келген ганалықтар.   Ысқырықпен төреші белгі берді, Жасыл алаң табады ендігі ерді. Стадион лық толы, Таба аласыз Үлкен‑кіші, шенеунік, шенділерді.   Тартысты өтті бұл ойын, сұрамаңыз, Қайсар халық едік қой сірә да біз. Екі мәрте гол соғып Қонысбаев, Жеңіп кетті Гананы құрамамыз.   Мақтаңыз, не болмаса жамандаңыз, Барша әлем, қаламыз санаңда біз. Швецияны жеңген Аргентина – Екінші турда ойнар командамыз.   Жиырма екі ойыншы, шарқысты доп, Көріктенген стадион әр түсті боп. Аргентина елі мен қазақтардың Ойыны өтті және тартысты боп.   Түрлі әдіс, тактикалы тиімді еппен, Қазақстан көрсетті сыйын күткен. Исламхан гол соқты. Ойын бітті. Біздер жеттік жеңіске қиындықпен.   Намысын қазақ үлгі тұтып тұрды, Қарсыласын шетінен ұтып, күлді. Ганаменен тең түскен Швеция Соңғы турда біздерді күтіп тұрды.   Толастар шағына да айым жетіп, Қазақтардан бұл күнде уайым кетіп, Біз жеңдік. 2:0. Гол соққан жан: Айымбетов, тағы да Айымбетов.   Плей-офф. 1/8 финал   (Болды ғой мына кешім – ғажап бал түн), Бәрін ұмыт, алашым, мазақтардың. Бұл кезеңде белгілі Код-Д’ Ивуар Бағын тартып көреді қазақтардың.   Ойнамаса, Жаратқан жазалар ма, Жеңілгеннің жанында маза бар ма?! Бірінші таймнан соң 2:0, Әзірше қазақ – алда.   Екінші таймға да бекіне кір, Қазағым, сәтсіздіктен секіре біл. Бітер кезде қазақы қақпашыға Шығып кетті бетпе‑бет екі негр. Гол соқты олар. Есеп – екі де бір.   Тік қылатын көтеріп бойын мықты, Осы есеппен бүгінгі ойын бітті. Сенсациялар шеруі аяқталмай, Бәрі енді қазақтың тойын күтті.   Ширек финал   Бұл кезеңде қайсарлық тұрды ызғары, Сегіз елдің бойында тұр мұздары. Күтіп тұрды біздерді Португалия, Күтіп тұрды әлемнің жұлдыздары.   Допты нақ қақпамызға сай ұрған соң, Қорғаныстың арасын айырған соң. Роналду қос гол соғып, Жеңілуде Қазақстан бірінші таймнан соң.   Көңіл күйсіз жанкүйердің сұлы қалды, Қайсар қазақ шабуылдап жүріп алды. Намысын алға қояр Қонысбаев Үш гол соғып, жеңісті жұлып алды.   Жартылай финал   Ойындарда білінбей қиналғаны, Бұл кезеңде мықтылар жиналғаны. Бразилия – Германия, Қазақстан – Испания, Қарсыластар жартылай финалдағы.   Басталды ойын, бәрі іштей кеңес құрды, Көре аласыз мұнда көп министрді. Фернандо Торрес есеп ашты алдымен, Жолшиев есепті теңестірді.   Мойынында қазақи тұмар‑таңба, Испания ұқсады сынар талға. Қорғанысын Көкеев алдап шығып, Қазақтарды есепте шығарды алға.   Бәрі қорқау, ал біздер мәз арыстан, Көрінсе де үміттер аз алыстан. Барша ғалам таңданып, таң қалуда Финалға шықты сонда Қазақстан.   ФИНАЛ   Қалды тек іріктеліп қос құрама, Қос құрама финалды тоздыра ма?! Біріншілік иесі Бразилия Ақтық сында ойынды қоздыра ма?   Бәрі шулы, тып‑тыныш сана ғана, Бразилияға бола ма дала пана? Қазақ елін финалда Бразилиямен Күтіп тұр стадион «Маракана».   Сарқын судай аспанға тасыған ән, Көрінді сұлу болып осы маған. Қазақтардың жалауы желбіреп тұр, Боялғандай көк түске жасыл алаң.   Бразиялия мылтықтай, оқталған ол, Тәжірибелі, өткен мың оттардан ол. Стадион шулады, Шын бақытпен Неймар бізге басымен соққанда гол.   Өтіп жатты минуттар жылдамдатып, Өтіп жатты тоқтамай құрбан уақыт. Бітуіне ойынның таяу қалды, Олардан ұшты бірақ тұрған бақыт.   Соңғы минут, ала доп алаңда тұр, Күрескен дем біткенше бабам батыр. Айымбетов қайшылап гол соққанда Бізден бақытты болмады ғаламда бұл.   Негізгі уақыт бітіп, дала ымдады, Барлығы да, барлығы алаңдады. Жарты саған қосымша ойналғанда, Жанын салды ұжымдар алаңдағы.   Тәтті аяғы, қаттылау сірә басы, Жанын салды қос елдің құрамасы. Рауан Сариев гол соғып, жеңдік біздер, Аяқталды футболдың драмасы.   P.S.   Шыққан ғой алашымның сан ұланы, Жана түсер жарқырап бағың әлі. Түсім емес, өңімде ойналса ғой, Бразилияда қазақтың Әнұраны!!! Есет ТӨЛЕШ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×