Виктор Кумыков: «Талабы жоқтарды басынан сипап отыра алмаймын»

01.11.2012, 11:06
Виктор Кумыков: «Талабы жоқтарды басынан сипап отыра алмаймын»

— Виктор Балютович, спортта «чемпион болғаннан чемпиондық атақты сақтап қалу қиын» деген тәмсіл бар. Ал «Шахтер» үшін қайсысы қиын болды? – Біз үшін чемпион болу қиынға түсті. Былтырғы маусымның әрбір ойынында ұпай үшін жан алысып, жан берістік. Алтын медаль тағдырының ең ақырғы турда шешілгенін де жақсы білесіздер. Ал шынын айтсам, чемпиондық атақты сақтап қалу соншалықты қиын болған жоқ. Команда биылғы маусымда салған жерден топ бастап, чемпионат бітпей жатып жеңімпаз атанды. – «Шахтерге» келе салып, чемпиондықты жеңіп алдыңыз. Биыл тағы да осы биіктен көріндіңіз. Өзіңізді жолы болғыш бапкермін деп санайсыз ба? Әрі (бұл көпшіліктің көкейіндегі сауал) келесі маусымда «Шахтерде» қаласыз ба? – Тағдырға деген өкпе жоқ. Ойға алғанның бәрі іске асып жатыр. Шынында да, жолы болғыш бапкер шығармын. Десек те, табыстың өзі ерінбей еңбек еткенге жақын жүретінін естен шығармау керек. Келесі маусым туралы айту әзірге ертерек. Биылғы маусым аяқталсын, содан соң көре жатармыз. Алда ел кубогының шешуші ойындары бар. – «Шахтердің» осы маусымда өзіңіз айтып отырған ел кубогын да жеңіп алуға қабілеті жете ме?  — Әлеуеті жетеді, әрине. Өйткені мен Қазақстанда біз жеңе алмайтын команда бар деп ойламаймын. Бәрін де жеңе аламыз. Бірақ іс жүзінде не боларын өмірдің өзі көрсетер. Оның сыры көп. Кім қалай еңбектенеді, кімнің жолы болады, сол жеңіп, жүлделі орындардан көрінеді. Ал «Шахтердің» әлеуеті тәуір екендігіне менің ешқандай шүбәм жоқ. Біз ең басты міндетті орындадық. Енді кубок үшін болатын сынға білек сыбанып ара­ласуға болады. – Биылғы чемпионаттың регламенті бойынша премьер-лига клубтарының құрамында жеті легионерден болды. Бұл көп пе, аз ба? — Былтыр премьер-лигада 12 команда болса, биыл олардың саны 14-ке жетті. Сонда бұл командаларда кім ойнауы керек дейсіз? Сондықтан чемпионат деңгейін түсірмеу үшін дағдыға айналған осындай шешімге тоқталуға тура келетін шығар. 14 команданы жергілікті ойыншылармен толтыру өте қиын. Ал Қазақстан футбол федерациясының қазір қолға алып жатқан бағдарламасы іске қосылғанда, яғни лайықты деңгейдегі жергілікті футболшылар дайын болған кезде легионерлер саны да қысқара түседі деп ойлаймын. – Жергілікті журналистер «Шахтердің» құрамында қарағандылық футбол мектебінің түлектері жоққа тән екендігін жиі айтып жүр. Бұл сынға не айтасыз? – Жергілікті ойыншылардың болмағанына мен кінәлі емеспін ғой. Тәуір ойнай алады деген қарағандылықтар ойнап жүр. Құлқы бар, қолынан келетіндері. Ал талабы жоқтарды, тек ақша мен жағдай қууды ғана білетіндерді мен басынан сипап отыра алмаймын. Көзге түскен, талапқа сай футболшыларды тартамыз. Біздің алға қойған нақты мақсат-міндеттеріміз бар, қалай болса, солай шығып, ойнай бермейміз ғой. – «Шахтердің» қосалқы құрамының ойындарын қалт жібермей, қадағалап жүретіні­ңізді білеміз. Олардың ішінде команданың негізгі құрамын толықтыруға лайықты футболшылар бар ма? – Олардың ішіндегі болашағынан үміт күттіретіндерін қазірдің өзінде-ақ негізгі құрамның жаттығу жұмыстарына қосып жүрміз. – Есімдерін атап өте аласыз ба? – Болар еді, бірақ айтқым келмейді. – Қазақстан премьер-лигасында сіз өз командаңыздың құрамынан көргіңіз келетіндей ойыншы бар ма? – Ондай ойыншылар бар, әрине. Бірақ олар қазір басқа командаларда ойнап жүр­гендіктен, бұл жөнінде сөз қозғаудың қажеті шамалы деп білемін. – Сіздің ойыңызша, келесі маусым мен УЕФА Чемпиондар лигасының електік кезеңі қарсаңында «Шахтер» өз құрамының қай шептерін күшейтуі керек? – Негізі, бірінші кезекте қолға алатын бағыт – шабуыл. Екінші, қапталдағы жартылай қорғаушылар шебін де нығайту керек. Топсасы берік қапталдағы қорғаушы болса да, тақиямызға тар келмейді. – «Шахтердің» жаңа легионерлерінің ойынына көңіліңіз тола ма? – Олардың ешқайсысы әлі бабына келе қойған жоқ. Әзірге ішінара жетістіктері ғана бар. Егер олар біздегі жағдайға бейімделіп, физикалық тұрғыдан әзір болса, өздеріне сенімді ойнаса, сонда разы болар едім. Легионерлердің ішінен Каньясты айрықша атап өткім келеді. Биылғы маусымда алаңға көп шықты. «Шахтердің» табысына қосқан үлесі де бар­шылық. Жас футболшының «Қайсармен» болған шешуші ойында пенальтиді соға ал­мағанына кешіріммен қарау керек шығар. Футболда мұндай сәтсіздіктер болып тұрады. Содан кейін тағы бір легионерді, яғни Даниель Майкичті де атап өтуге болады. Ол «Шахтердің» қосалқы құрамының табысына қомақты үлес қосты. – Қазақстан чемпионаты таяу болашақта «күз-көктем» жүйесіне көшетіндей. Сіздің пікіріңізше, бұл жүйе біздің елде тиімді бола ма? — «Күз-көктем», «көктем-күз»... Меніңше, әкетіп бара жатқан айырмашылық жоқ. Тек біздің еуропалық күнтізбеге бейімделуіміз керек болады. Бұл жерде көп жағдай ел чемпионатын қай айда бастап, қай айда аяқтайтынымызға байланысты. – Қазақстан футболының сын көтермейтін бір кемшілігі – сапасыз алаңдар. Сіздің ойы­ңызша, осы мәселені қалай шешуге болады? – Соны оп-оңай-ақ шешуге болар еді. Бұл мәселемен Қазақстан футбол федерациясы айналасуы тиіс. Мәселен, Ресейде бұл проблема былай шешілген. Бір кездегі кәсіби футбол лигасы белгілі бір уақыт аралығында алаңы, киім ауыстыратын орны бар, яғни инфрақұрылымы түгел стадиондар салу туралы жалпыға ортақ міндет шығарды. Соның орындалуын талап етті. Дәл соны Қазақстанда да жасауға болады. Футбол федерациясы тиісті шешім шығарса, клубтар да, көп шаруаның тізгінін ұстаған әкімдіктер де бұл мәселеге неғұрлым жауапкершілікпен қарар еді. – Егер сізге Қазақстанның ұлттық құрамасын жаттықтыру туралы ұсыныс түссе, келі­сер ме едіңіз? – Оны ұсынған кезінде көре жатармыз... – Қазір премьер-лига ойындарының қарсаңында қой сою дәстүрі етек алды. Сіздіңше, осы дұрыс па? – Меніңше, бұл дұрыс. Біріншіден, бұл, өзіңіз айтып отырғандай, дәстүр ғой. Екіншіден, мұсылман елдерінде, мұсылман дәстүрі бойынша, бұл дегеніңіз – сәттіліктің жолына «жолымыз ашылсын» деген ниетпен құрбан шалу. Үшіншіден, көпшілік бұған сеніп, психологиялық тұрғыдан әзірлігі күшейеді. Айналып келгенде, пайдасы болмаса, зияны жоқ. – Сөз соңында көптеген жанкүйердің өзіңіз, өскен ортаңыз туралы білгісі келетіндігіне тоқталып өтсек... – Мен Кабардин-Балкар елінде Нальчик деген қалада туып-өстім. Әкем қарапайым жұмыскер еді, зауытта еңбек етті. Анам өмір бойы есепші болған. Өкінішке қарай, олар қазір жоқ. Әкей – 1994 жылы, анам 2003 жылы өмірден озды. – Әңгімеңізге көп рақмет!   Қ.Жандыр, Қарағанды алашарена
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
"Арман"
Серіктес жаңалықтары
×