Арсен Сиукаев - "Қайрат"- "Жетісу" кездесуінің қаһарманы

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
08.04.2024, 11:53

Футболдан ел біріншілігінің 4 турында «Жетісу» сырт алаңда «Қайратпен» ойнап, тең тарқасты. Қайрат Нұрдәулетов жаттықтыратын жетісулық команда үшін бұл бәсеке қиын болады деп күтілген. Алматының орталық алаңында өткен матч шынымен-ақ Талдықорғандықтарға оңай тиген жоқ.

Арсен Сиукаев - "Қайрат"- "Жетісу" кездесуінің қаһарманы

Биылғы біріншіліктің көшін бастап тұрған Алматының «Қайраты» өз алаңында үш ұпай алуды көздеген. Кездесудің басынан белсенген алаң иелері «Жетісудың» қақпасын нысанаған алып, толассыз шабуылдады. 5-минутта «Қайрат» гол салды. Бірақ доп қақпаға кірген сәтте Жоао Пауло ойыннан тыс қалған болатын. Сондықтан, бразилиялық шабуылшының нәтижелі соққысы есепке алынған жоқ. Жалпы, бұл ойында бразилиялық сұрмерген өте белсенді болған. Жоао Пауло өткір шабуылдап, жетісулық қорғаушыларды әбден әуреге салды. Белсенді бразилиялық 20-минутта пенальти тебу мүмкіндігіне ие болған еді. Алайда, Жоао Пауло пенальтиді сала алған жоқ. Бұл эпизодта Арсен Сиукаевтың шеберлігіне лайықты баға берген жөн. «Жетісудың» қақпашысы қайтара тебілген пенальтиді де қайтарып, матчтың қаһарманы атанды. Осылайша, айналасы 3-4 минут ішінде Сиукаев «Қайраттың» шабуылшысы тепкен екі соққыны да қайтарып, командасын голдан құтқарып қалған. Кездесудің екінші жартысында да «Қайрат» басым болды. Алаң иелері жиі шабуылдаған. Алайда, Алматылық клуб шабуылшыларына сәттілік жетіскен жоқ. «Жетісу» қорғаушылары мен қақпашысы да сауатты ойнап, тең нәтижені ұстауға тырысты. Талдықорғандық команда реті келсе қарымта шабуыл ұйымдастырып, гол салуды да ойластырғанын айтуға тиіспіз. Әсіресе, екінші тайм барысында алаңға шыққан Абылайхан Жұмабек белсенді болды. «Жетісу» сапына жаңадан қосылған шабуылшының бір-екі жақсы мүмкіндігі болған. Бірақ, Абылайхан «Қайрат» қақпасын дәл көздей алмады. Ойын соңында алаң иелері «Жетісуды» қыспаққа алып көрген. Қайрат Нұрдәулетовтің командасы азулы қарсыласына тойтарыс беріп, бір ұпайды олжалап қайтты. Сонымен 4 турдың қортындысы бойынша, «Жетісу» Қазақстан премьер-лигасының турнирлік кестесінде 9-сатыға жайғасты. Команда 3 ойынның біреуінде жеңіске жетіп, біреуінде жеңілген. Талдықорғандық ұжымның қоржынында әзірше 4 ұпай. Келесі турда «Жетісу» «Шахтерды» қабылдамақ. Қарағандылық клубқа қарсы матч сәуірдің 21-де болады.    

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×