«Арсенал» жеңіліп, «Байер» жеңген күн

26.02.2015, 11:57
«Арсенал» жеңіліп, «Байер» жеңген күн
Чемпиондар Лигасының 1/8 финалы. Алғашқы ойын лондондық "Арсеналдың" алаңында өтті. Зеңбірекшілердің «Эмирейтс» стадионында француздық "Монакодан" 3-1 есебімен тас - талқан боп ұтылуы футболсүйер қауым үшін күтпеген жаңалық болды.

Арсен Венгер өзінің бұрынғы командасымен жолы түйісті. 7 жыл жаттықтырған командасына қарсы ойын өткізу бас бапкер үшін оңай түспесі анық. Дегенмен бұл ойынның басты фавориті ағылшындық команда екені айтпаса да түсінікті шығар.

Қос команда ойыншылары ойынға тас - түйін дайын. Монако коамандасының жағдайы алаң иелерімен салыстырғанда қиындау. Команда капитаны Тулалан жарақатына байланысты алаңға шықпайтын болды.

Ағылшындық пресса Бербатовтан сақтану керектігін баса айтқан болатын.

Ойын басталысымен "Арсенал" командасының ойыншылары бірден шабуылға лап қойды. Орталық алаңнан асырған пас Уэлбекке жетті. Дэнни алғашқы боп қақпаға соққы бағыттаған, алайда доп қақпадан биік кетті. Олар өз алаңында жеңіске жетуді көздеген. Ойынның 32 минутында чилилік шабуылшы Санчесте есеп ашуға тамаша мүмкіндік болған. Ол да мүлт кетті. Монаконың қарсылас командаға жауабы 38 минутта голмен аяқталды. Жоау Моутинью шығарған пасты Кондогбиа қажетіне жаратты. Сол жақ тұстан тамаша соққы бағыттап көрген. Доп Мертесакерге тиіп бағытын өзгертті. Гооооооол. Қақпашы бұл соққыны қайтаруға еш дәрменсіз болды. 45 - ші минутта Санчестің пасын Жиру голға айналдыра алмады. Басымдық "Арсеналда" болғанмен ойынның бірінші бөлігі қонақтардың пайдасына шешілді.

Екінші тайм басталды. Арсенал есепті теңестіруге ұмтылды. Бірнеше шабуылдар ұйымдастырып көрді. Алайда, Монако қақпашысы Субашич қорғаған қақпаға гол кіре қоймады. 51 - ші минутта тағы да сол Жиру стандартты жағдайда асырылған пасқа бірінші боп жетіп, баспен соққы бағыттағанымен, нысананы дәл көздей алмады. Касорланың пасын керегіне жарата алмаған Жирудың бүгінгі ойында жолы болмай - ақ қойды. 52 - ші минутта Арсенал ойыншылары қайтадан қонақтардың алаңына кірмекші болған, француздық команданың қорғаушыларынан өте алмады. Мартиаль допты тамаша алып өтіп, бірден Бербатовқа пас асырды. 34 жасар болгариялық шабуылшы мүлт кеткен жоқ. Арсенал қорғанысы сыр берді. Екінші голдан кейін алаң қожайындарының жағдайы мүлдем қиындай бастады. Өз жанкүйерлерінің алдында жерге қарамаудың жолын ойластырды. 57 - ші минутта алға ұмтылған Санчес қақпаға жойқын соққы бағыттады. Қақпашы бұл соққыны қайтарған. Ал сол тұста жүрген Жиру бос қақпаны көздей алмай допты далаға депті. Ал ойынның 61 - ші минутында Монако үшінші голды соғып кете жаздады. Мартиальдің соққысын қақпашы Оспина қайтарып тастады. 62 - ші минутта  Моутиньюда гол соғатын тамаша мүмкіндік болған. Португалдық футболшыға дәлдік жетіспеді. 64 - ші минутта Уолкот та, Уэлбек те Субашичтен айласын асыра алмады. 82 - ші минутта бұрыштамадан көтерілген допты Санчес қабылдап, соққы бағыттады. Доп қақпадан қиыс кетті. 68 - ші минутта Кокленді алмастырған Чемберлен ойынның қосымша 91 - ші минутында есеп айырмасын қысқартты. Ал ойын аяқталар тұста Бернардо Сильваның пасын Феррейра-Каррасо голға айналдырды. Қорытынды есеп 1-3. Арсенал өз алаңында Монакодан ірі есеппен ұтылды.

«Арсенал» – «Монако» 1:3

Бас төреші: Дениз Айтекин

Голдар:

0:1 – Кондогбиа, 38'

0:2 – Бербатов, 53'

1:2 – Окслейд-Чемберлен, 90+1'

1:3 – Феррейра-Карраско, 90+4'

Қарымта ойын 17 наурыз күні «Луи II» стадионында өтеді.

 Байер 1-0 Атлетико

Гол: Чалханоглу 57′

Леверкузеннің "Байер" командасы өз алаңдарында испаниялық "Атлетикодан" басым түсті. Ойын тағдырын жалғыз гол шешті. Гол авторы - Чалханоглу. Келесі кезеңге өтуге қос командаға да мүмкіндік мол. Қарымта ойында кімнің бағы жанады сол жеңіске жетер.

Абылайхан ЖҰМАШ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×