АРТУРАС ЖУЛПА: КОМАНДАҒА ЖАНКҮЙЕР ҚОЛДАУЫ АСА ҚАЖЕТ

01.06.2015, 06:16
АРТУРАС ЖУЛПА: КОМАНДАҒА ЖАНКҮЙЕР ҚОЛДАУЫ АСА ҚАЖЕТ

Артурас Жулпа

«Ақтөбе» футбол клубының литвалық жартылай қорғаушысы Артурас Жулпа "Аламанға» берген сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз. - Артурас, Қазақстан чемпионтаның алғашқы турларынан қандай әсер алдыңыз? Литва чемпионатымен салыстырып өтсеңіз? - Қос елдің біріншіліктерін салыстыра кетер болсам, Қазақстан біріншілігі Литва чемпионатына қарағанда мықтырақ. Қазақстан премьер-лигасында барлық командалар бір-бірімен кез-келген деңгейде тайталаса алады, ал Литва біріншілігіне келер болсақ, ол жақта бәсі жоғары үш-төрт, немесе 5 команда бар, қалғандары түгелге дерлік ортанқол командалар, осы командалардың арасында негізгі талас жүреді. Литваның көшбасшы командалары, мәселен «Жальгирис» Қазақстаннның кез-келген командасымен бір деңгейде ойнай алатын команда. Бірақ жалпы алғанда Қазақстан біріншілігі Литваға қарағанда бір саты жоғары деп ойлаймын. Қазақстанға ойнауға келген мен үшін бұл менің футбол мансабымдағы алға басқан бір қадам деп айта аламын. - Артурас, сіз чемпионат басталар алдында сұқбат берген едіңіз, енді чемпионат нағыз қызған шағында келген командаңыз жайлы, жанкүйерлер жайлы не айтар едіңіз, алған әсерлеріңіз қандай? - Жанкүйерлер жайлы айтар болсам, «Ақтөбе» жанкүйерлерінен мықты бір қолдау сезіледі, осындай қолдауға біз өте зәруміз, мұндай қолдаудың бізге көмегі тиюде. Жанкүйерлердің осындай мықты қолдауларының арқасында біз жақсы келе жатырмыз, жақсы ойнап жүрміз. бірінші орында тұрмыз. Әрине біз орталық стадионның ашылуын асыға күтудеміз. Лық толған орталық стадионда жанкүйерлердің қолдауы бұдан да қаттырақ болары сөзсіз. - «Ақтөбе»  алдына әрқашан да биік мақсаттар қоятын команда. Биылғы мақсатымыз ел чемпионы болу және Еуропа лигасының топтық кезеңіне өту. Сіздіңше, бұл тапсырманы біз орындай аламыз ба? - Менің ойымша, дәл осы командамен біраз жерге баруға болады деп ойлаймын, біз ішкі біріншілікте топ жарып, Еурокубокта максималды нәтижеге жетеміз деп ойлаймын, әрине бұған бәріміз сенуіміз керек, әйтпесе ойнаудың қажеті де болмас еді. Біз өз кезегімізде алға қойған барлық тапсырмаларды орындай аламыз деп үміт етеміз. Артурас Жулпа - Артурас, сіздің ойыныңыз жанкүйерлерге өте ұнауда, алғашқы 12 турды сіз өте жоғары деңгейде ойнап шықтыңыз. Жанкүйерлер сіздің ойын өрнегіңізді бірнеше мәрте мақтаған еді, сіз жанкүйерлердің осындай ілтипатынан қанаттанасыз ба? - Жанкүйерлердің ерекше ілтипатынан маған қанат біткендей болады. Біз біріншіден жанкүйерлер үшін ойнаймыз, адамдар сен үшін тақымын қысып, қолдап отырған кезде алаңда ұшып жүргендей боласың. Әсіресе өз алаңымызда ойнаған кезде жеңіс үшін барыңды саласың. Сырт алаңда ойнаған кезде де осындай сезім кешемін. Біздің жанкүйерлер біздің сырт алаңдағы барлық ойындарымызға келіп қолдап жүреді. «Ақтөбе» Қазақстандағы осындай мықты жанкүйерлері бар жалғыз команда. - Рахмет! Соңғы сұрақ, сізді соңғы ойындарда бас бапкер қорғаныстың оң жақ қапталына қойып жүрді, көптеген жанкүйерлер бұл сіздің орныңыз емес деп уәж айтқан еді. Осы жайлы не айтар едіңіз? - Бұны негізі бапкер шешеді, мен белгілі бір ойында қапталда ойнауым керек болса, мен сол жерде қалай болса да ойнауым керек, жалпы бапкер не айтса, соны орындаймын. - Бірақ сіздің орныңыз орта ғой, сол жерде сіз судағы балықтай сезінесіз? - Әрине, менің орным тіреуіш жартылай қорғаушы, бірақ сол кезде бапкер мені қапталға қойса, мен қапталда ойнаймын, егер бапкер мені қақпада тұрасың деп шешсе, мен қолғап киіп қақпада тұруға дайынмын. Өйткені бәрі команда үшін ғой! - Жанкүйерлерге айтар тілегіңіз? - Жанкүйерлерге тілерім, командаларыңыз барлық жүлделерге ие болып барлық жетістіктерге жете берсін! - Көп-көп рахмет! Сұхбаттасқан: Ардақ ЖӘҢГІР
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×