Қостанайлық "Тобылдың" жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген "Ақжайықпен" (2:0) өткен ойыннан соң шағын сұхбат берді.
- Асхат, жүлдеңіз құтты болсын! Бұл марапатты күткен шығарсыз? БАҚ өкілдері кешегі соққан голыңызды да биылдың үздіктері қатарына енгізіп қойды.
- Шынымды айтсам, кешегі ойында жүлде тапсырады деп ойламаппын. Әрине күтпеген тосынсый кез келген адамға қуаныш әкеледі ғой. Әдемі голдар соғылса, футбол сонысымен де қызық. Жанкүйерлерге қосымша серпін беріп, жақсы көңіл-күй сыйлайды. Бірінші турдағы Абзал Бейсебековтің, Небойша Косовичтің голдары да эстетикалық тұрғыда жақсы бағаға ие болған сыңайлы. Ең бастысы, жанкүйерлерімізді жігерлендіріп, олардың сенімін ақтау маңызды дер едім. Футбол жанкүйерлермен қызықты. Қостанайлық футбол сүйер қауым да кеше ұзақ үзілістен соң алаңға қайта оралды. Алдағы уақытта да оларды қуанта береміз деген ойдамын.
- Жалпы ойынға қандай баға бересіз?
- "Ақжайық" қорғанысы мығым, жинақы ойнайтын команда. Оны кешегі матчта байқатты. Жеңіс оңай келген жоқ. Алаңның әр тұсында талас-тартыстар болды. Ешкім жеңілгісі келмеді. Бапкер қойған тапсырманы орындап, үш ұпайға қол жеткіздік. Алда қызықты футбол маусымы күтіп тұр. Әр ойынға жеңіске жету үшін шығамыз. Мақсатымыз осы ғана.
"Тобыл" ФК баспасөз қызметі
Біздің серіктес: FONBET