Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Босния және Герцеговинамен өткен ойыннан (2:2) кейін Vesti.kz сайтына сұхбат беріп, ойымен бөлісті.
– Асхат, жеңіске лайық тең ойын құтты болсын. Тартысты өткен кездесуге бағаңызды берсеңіз...
– Босния және Герцеговина құрамасы Еуропадағы тәжірибелі, мықты ұжымдардың бірі деп ойлаймын. Бірінші таймда қобалжып, алаңға бой үйренісе алмағандай ойнадық. Үзілістен кейін басқаша оймен шықтық. Бапкердің айтқан ақылымен ойынды өзгертуге тырыстық.
– Сырттай қарағанда ұлттық құраманың соққан голдарының барлығы стандарттан болды. Демек, сіздер айып доптарына ерекше дайындалдыңыздар ма?
– Тек айып доптарына дайындалдық деп айта алмаймын. Әрине, жаттығуда стандарттарға мән береміз. Дегенмен, бұл матчта біз өз мүмкіндіктерімізді ұтымды пайдаландық. Бірінші голға келетін болсам, өзім жоспарлағандай командаластарыма тура пас шығарып бердім. Екінші голға тоқталсам, Бақтиярдың шеберлігіне жоғары баға беруге болады. Қанша дегенімен Ресей чемпионатында доп тебетін әріптесіміз. Соның да пайдасы тиді. Футбол ұжымдық ойын ғой. Сондықтан соғылған голдарға команда футболшыларының барлығының қатысы бар.
– Айып добын орындау барысында Зайнутдиновпен ақылдастыңыздар ма?
- Иә, Бақтияр екеуміз ақылдастық. Оған сол жақтан тебу ыңғайлы болып көрінді. Сөйтіп оған жолымды бердім. Сенімді ақтады деп ойлаймын.
– Біздің топта Франция құрамасы Финляндияны ұтып 12 ұпай еншіледі. Екінші орынға таласатын мүмкіндігіміз бар деп ойлайсыз?
– Екінші орын алатын мүмкіндігіміз бар. Осы жолғы құрама ерекше. Бұрынғыдай ешкімнен қорықпай, өз ойынымызды көрсетеміз деп ойлаймын. Бұйырса қазан айында Финляндия, Босния және Герцеговина командаларын өз алаңымызда қабылдаймыз. Бұл құрамаларды ұта алатынымызға көзіміз жетті. Жанкүйерлерді қуантуға бар күшімізді саламыз.
– Пенальтиге тоқталып кетсеңіз. Төреші дұрыс шешім қабылдады деп ойлайсыз ба?
– Төрешімен сөйлестім. Пенальти 200 пайыз болды. Тек оффсайдты тексереміз деді. Сондықтан ол жерде әділ-қазыларға айтар назымыз жоқ.
Біздің серіктес: FONBET