Асхат Тағыбергеннің әйелі Шымкент әкіміне жауап берді: «өсек-аяң...»

18.03.2025, 10:50

Айта кетейік, шымкент шаһарының басшысы Ғабит Сыздықбеков Асхат Тағыбергеннің 20 млн теңге жалақы алатынын мәлімдеген еді.

Асхат Тағыбергеннің әйелі Шымкент әкіміне жауап берді: «өсек-аяң...»
Асхат Тағыберген

Футболдан Қазақстан құрамасы мен шымкенттік «Ордабасының» капитаны Асхат Тағыбергеннің жалақысына байланысты дау жалғасын тапты.

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков команда капитанының 20 млн теңге жалақы алатынын, алайда соған лайықты ойнай алмайтынын айтқан еді. Артынша әкімнің бұл мәлімдемесі қоғамда қызу дауға ұласқан болатын. Осыдан кейін футболшының өзі емес, оның әйелі әкімге жауап қатты. Өзінің Instagram-парақшасында жазба қалдырған Махаббат Тағыберген Асхаттың қазақ футболына қосқан үлесі туралы жазды. Сондай-ақ, футболшының жары «Ордабасының» басшылары Асхатты шетелге жібермей алып қалғанын да мәлімдеген болатын.

«2023 жылы Асхат капитан ретінде командасының жеңіске жетуіне зор үлес қосып, Шымкент клубы тарихта тұңғыш рет чемпион атанды. 2024-жылы жарақаттарына қарамастан ойынын жалғастырып, шабуылда жүрді. Биыл да келісімшарт бойынша өз ісін адал атқаруда. 2023-жылдың жазында Асхаттың Шымкент командасымен келісімшарты аяқталуына жарты жыл қалғанда, оған Түркиядан екі жылдық ұсыныс жасалды. «Ордабасы» Асхатты жіберуден бас тартты және команда чемпион атанса, дәл түріктер ұсынған екі жылдық келісімшартты ұсынатынын айтты», - деді футболшының жары.

Дегенмен футболшының әйелі күйеуінің жалақысына қатысты ақпаратты нақты жоққа да шығармады.

«Жалақыға қатысты мәселені білмей жатып, түрлі әңгіме айтылып жатыр. Бірақ мәселе жалақыда ғана емес, футболшылар ең алдымен денсаулығын алаңда қалдырады. Олардың еңбегі өсек-аяңмен емес, нақты жетістіктерімен бағалануы керек», - деді М. Тағыберген.

Айта кетейік, Шымкент әкімі биыл «Ордабасының» бюджетін қысқартуға уәде берген болатын. Алайда, оған қарамастан клуб Қазақстан Премьер-лигасындағы бюджеті көп командалардың бірі болып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 1
Күлкілі 1
Масқара 3
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×