Асқар Қожабергенов: «Топ жару – тұра тұрсын, жөні – жүлдеге ілінген»

04.05.2011, 19:23
Асқар Қожабергенов: «Топ жару – тұра тұрсын, жөні – жүлдеге ілінген»

Қазақ аяқдопшыларының арасынан тұңғыш Еуропада өнер көрсетіп, неміс оберлигасында өзіндік шеберлігін паш еткен маман қазір Талдықорған футболын дамытуға күш салып жүр.

– Асқар, екі тізгінді бір қолда ұстау әлемдік футболда сирек кездеседі. Мәскеу «Спартагында» еңбек ететін Валерий Карпин қазір бапкерліктен директорлықты тәуір көріп отыр. Өзің ше?

– Жаттықтырушылық жаныма жайлы. Бірақ, біздің әкім секілді сырыңды айтпай түсінетін азаматтардың қамқорлығымен қандай кәсіпті де дөңгелетіп әкетуге болады. – Әкім дегенде, өзіңді арнайы шақырған Үмбетов еді ғой. – Серік Әбікенұлының спортты түсінуі, футболды түйсінуі жалпы ахуалды ұғып, тәжірибелі тамыршыдай облыс тіршілігінің түйткілдерін тап басатыны мені кәдімгідей таңғалдырды. Саңлақ дейміз ғой. Нағыз саңлақпен жұмыс істеуге жазыпты Алла тағала. Шүкіршілік айтамын. Ең қызығы, Серік ағаның орнын басқан Аңсар Мұсаханов бұрын тура біздің салаға да жетекшілік етті. Алғаш тағайындалғанда жұмыс бөлмесіне шақырып, емен-жарқын пікір алмастық. Біздің әкімге ұнауымыз шарт емес. Туған өлкемде футбол дамып келеді, осыған қуанамын. Атпал азаматтар қолдау білдірмесе, топ бастау қиын, күнін әрең көретін қоңыр тіршіліктен аспайтын да еді. – Оралу о баста жоспарда бар ма еді? – Ер туған жеріне. Қазақ солай дейді. Баяғыда әкем үлкен спортқа алып келе жатқанда ақыл айтты. Соның бәрі санада. Оқыдық, білдік, зерттедік, зерделедік. Жер жәннаты аталған Жетісуда футболдың кежегесі кейін тартса, олқылық бізден болар еді. Ағалар шақырды, ұсыныс айтты. Жол сілтеді. Өріс ашты. Енді неден тосыламыз? Тап қазір «Жетісу» жүйрікке айналды дегеннен аулақпын. Жұмыс жүйеге түсті, негізгі жеңісті сол маңнан іздеңіз. Бірнеше сағаттар бұрын 1994-95 жылдары туылған балалардан жасақталған команданы Францияға шығарып салдық. «Стад Портелуада» отыз бес жылдан бері өтіп келе жатқан дәстүрлі турнир бар. Еуропадағы таныстардың араласуымен әлгі додаға түсудің сәті келді. Әкімшілік қолдады. Жергілікті «Булонь», Беларусьтың «Динамосы», ағылшын «Эшфордымен» бір топта өнер көрсетеміз. Екінші топта француздар мен Болгария және Дания командасы доп тебеді. Жастайынан жарыс көріп, шыңдалса, олардың алар асуы әлдеқайда биік болмай ма. Жалпы, балалар футболына өріс ашу басты мәселе. Стадион, тіпті жасанды алаң тапшы. Өткенде облыс әкімі алғашқы көкмайсалы стадион салуға қаржы бөлді. «Жетісу» тез жетілсін дегенді ұстанып, негізгі командаға тәжірибелі ойыншыларды шақырдық. Алматы облысының талантты дарындарын соларға қосып қойдық. Егер жүйеден адасып қалмасақ, бір-екі жылдан кейін өз күшімізбен көшке ілесуге тиіспіз. – Трансфер дегеннен шығады. Ұлықбек Бақаев секілді ойыншыны шақыру екінің біріне беріле бермейтін мүмкіндік... – «Тобылдың» сапында тер төккен өзбек легионері Катардағы құрлық біріншілігінде мамандар назарына ілікті. Және оған қолқа салушылар көбейді. Жаңа маусымға дайындалып жатқанда Ұлықбекпен бірнеше рет сөйлестік. Өзбекстан құрамасы Азия біріншілігінде жүргенде де байланыс үзілген жоқ. Серік Әбікенұлының тікелей араласуымен жүзеге асқан жоспардың бірі осы. – Қомақты қаржы кеткен болар… – Елу мың долларға түсті. Ұлықбек секілді ойыншыға бұдан көп ақша жұмсауға дайын командалар болды… – Ақыры ойыншыларға ойыстық. Арунас Климавичус пен Милош Михайлов туралы білсек дейміз. Орталық қорғанысты ұстап тұрған да осы екеуі. – Дұрыс байқағансыз. Екеуі де орталық қорғаушылар. Команда жасақтап жатқанда түрлі ұсыныстар түседі. Деңгейі биіктердің аз ақшаға келе салатыны сирек. Сирек болса да, кездеседі. Мысалы, Арунас туралы естігенде оны алдыру мүмкін еместей көрінді. Өйткені, Ресей премьер лигасында ойнап жүрді. «Сибирдің» сапында жасындай жарқылдады. Бір облыстың белі шыдамайтын шығар дестік. Алайда таныс агенттің ұсынысын талдап көрсек, біз қорқатын дәнеңе жоқ. Іздегенге – сұраған. Климавичюсты қатарға қосып алдық. – Милошты кім тауып келді? – Еуропа елдерінде де етене араласқан мамандар бар. Солар тауып берді. Көптеген командаларда ойнапты. Мысалы, Түркияда. Кейін Қытайда. Қарап отырсақ, бірде-бір ойын жібермеген. Және бапкерлер тоқсан минут алаңда ұстайды. Демек, тәртібі дұрыс, ойыны жақсы футболшы болғаны. Алдық. Қазір көңілден шығып жүр. Ал Андрей Харабара мен Сергей Скорыхты жұрт біледі. Иван Цветковичты кезінде Ресейден Ваит Талғаев шақырды… – Остапенко сіздің кандидат… – Бұл да біз күткен сауал. Рас, кемшілігі бар. Бірақ тәжірибелі ойыншы. Бізге керегі сол еді. Қасындағы жастарға айтар кеңесі бар дегендей… Әзірше, жарап тұр. – Трансфердегі табыстарды кеңінен таратар едік. Маңызы қаншалықты. Дегенмен Дәурендердің қасыңда жүргені әбден жақсы. – Дәурен Құсайынов былтыр «Сұң қарда» өнер көрсетті. Талантты жігіт, жастар туралы айту керек. Айдос Мейірманов пен Саят Сариевке де үміт артамыз. Он тоғыз жасар Саяттың «Таразға» гол соққаны жаныңды жылытады. Айдос та ақылды. Алексей Щеткинді де тілге тиек етейін. Бұлардың бәрі – Алматы облысының балалары. «Жетісуды» өрге сүйрейтіндер солар. Әрине, әлі көп еңбектенуге тура келеді. Негізі, бар футболшылар. Ақжол Серікжанов пен Дәурен Сүйіновті да атап айтар едім. Сосын, Серікжан Мұжықов… – Ол да «Сұңқар» емес пе? – «Сұңқар» – Марлан, Серікжанның туған ағасы. Өзі – «Жетісу». Жасы жиырма екіге биыл толады. Кемеліне келейін деді. Команданың ішкі ахуалы да дұрыс болғаны бапкерге тиімді. Жастарды соңына ерте алатын Айдар бар. Күмісбеков команда капитаны оның орынбасары Цветкович. Иван ортадағы тіреу. Жанкешті. Барын салады. Маңындағы жігіттерге де көмектеседі. Қара жұмысқа Цветковичті жегеміз. Сенімді ақтап жүр. – Биыл топ жару қолдан келетін секілді ғой. – Ондай жоспар жоқ. Жүлдеден үміт үзбейсің ғой. Қазіргі тапсырма тым қарапайым, әрбір кездесуде ұпай ұстану, кейін санап аламыз. Жастарды ширатып алайықшы, табыс бізден қашады дейсіз бе. – Жолдарың болсын. – Рахмет. АМАНГЕЛДІ СЕЙТХАНОВ,

«ЖАС ҚАЗАҚ»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×