Асқар ҚОЖАБЕРГЕНОВПЕН СЫР-СҰХБАТ!

06.05.2013, 20:17
Асқар ҚОЖАБЕРГЕНОВПЕН СЫР-СҰХБАТ!

Асқар аға Сәті түсіп еліміздегі тырнақ алды қазақ бапкерлерінің бірінен сұхбат алып едік. Әншейінде ойын барысында алаңдағы ойыншыларына тым қатал болып көрінетін Асқар аға футбол тақырбына қатысты бірнеше сұрақтарға асқан сабырлылықпен жауап берді.  Қазіргі таңда бүкіл әлем жұртшылығы футбол десе ішкен асын жерге қояды десек артық айтпағанымыз. Алайда түн ұйқысын төрт бөліп, ертеңіне сол үшін жұмысында сөгіс еститін жанкүейерлердің көпшілігі футболдың ережелерін толық біле ме екен? Міне осындай футбол ережелеріне қатысты белгілі футбол маманын әңгімеге тарттық.

60-70 ЖЫЛ БҰРЫН ФУТБОЛШЫЛАР ШАБУЫЛҒА БЕЙІМ БОЛАТЫН

Асқар мырза, бүкіл әлемдегі №1 спорт футболға қанша жастан бастап араластыңыз?

Мен бұрынғы Талдықорған облысы, Киров ауданында туып өстім. 9-сыныптан бастап Алматыдағы №6 спорт мектебінде оқыдым. 10-сыныпта жүргенімде «Қайрат» командасының қосалқы құрамына іліндім. 1982 жылдан бастап үлкен командаларда ойнадым. 1999 жылы спорттық мансабымды бітіргенге дейін «Қайраттың» сапында 11 жыл ойнадым. Оның арасында «Жетісу», «Ақтөбе», «Шахтер», «Тараз» клубтарында өнер көрсеттім. Спорттық ғұмырымда шет ел командасында ойнаудың сәті түсті. 1993/94 жылғы маусымда «Қайраттың» сапынан 5 ойыншы Огай, Масудов, Климов, Пасько және мен Германияның Обер лигасының командасы «Кройзерн Хамен-07» клубында бір маусым ойнап, үлкен тәжірибе алып қайттық. Расында ол кезде Қазақстаннан шет елде ойнағандардың алғашқылары біз болдық. Кейін бапкер болып жүргенде де сол тәжірибелерімізді жақсы пайдаландық. Спорттағы жолым аяқталған соң, 2000 жылдан бастап бапкерлікке ауыстым. Дмитрий Огай бапкер болып жұмыс атқарғанда қасында көмекшісі болдым. Содан бірге екеуміз 10 жыл бойы бірге жұмыс істедік. 10 жылдың ішінде 3 дүркін чемпион болдық, 3 дүркін күміс жүлдегері атандық. Петропавлдың командасында, «Ертіс» пен «Тобылдың» сапында чемпион болдық. Тәуелсіздік алғаннан кейін ең бірінші Қазақстан чемпионаты болғанда «Қайраттың» құрамында команда капитаны болдым. 1992 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы құрылғанда бірінші капитаны болдым. Бірақ ол кезде ФИФА-ның құрамында болған жоқпыз. Азия құрлығында кішігірім турнирлерге, жолдастық кездесулерге қатысып тұрдық. УЕФА-ның төріне алғаш енген жылдары 2004 жылы Германиядағы Әлем чемпионатына бірінші іріктеу ойындарына қатысқанда, Тимофеев басқарған Қазақстан ұлттық құрамасында бас бапкердің көмекшісі болдым. Кейін 2010 жылы өзім жеке дара бас бапкер ретінде Қаскелеңнің «Сұңқар» клубына келдім. Бірақ маусым аяқталмай жатып премьер-лигада ойнап жүрген талдықорғандық «Жетісу» клубының басшылары шақыртып алды. «Жетісу» клубында жұмыс атқарып, келер жылы талдықорғандық ұжым өзінің тарихында алғаш рет ел чемпионатында 2-орынды иеленді. Екі жылы жұмыс істеп, былтыр 2012 жылы «Сұңқар» клубына қайта келдім. Қазір ол жақтан кетіп бапкерлік оқуымды оқып жүрмін.

Ал енді әңгімеміздің төркінін футбол ережелеріне бұрсақ. Жалпы командада қанша ойыншыдан болады?

Футболдың пайда болуына 150 жылдан асып барады. Осы уақытқа дейін өзгерістерге ұшырады. Бірақ ойын ережесі қатты өзгермеді. Қазіргі таңда футболға электронды нұсқаларды енгіземіз деп жатыр. Бірақ ол жүзеге аса қоймас. Қақпаның ішіне камера қою деген сияқты. Ал енді ойыншылар санына келетін болсақ, қос команда сапынан 11 ойыншыдан алаңға шығады. Бір қақпашы, қалған он ойыншы алаңда ойнайды. Футболшылардың алаңда ойнау тәртібі де эволюциялық жолмен дамып келеді. Мысалы, 60-70 жыл бұрын футболшылар шабуылға бейім болатын, яғни шабуылда 5 адам ойнайтын. Бразилияның атақты дубль-В жүйесі бойынша шабуылда 5 адам болатын. Уақыт өте келе командалар қорғанысқа көп көңіл бөлетін болды. Қорғаныста 4 адам, орталық қорғаныста 4, шабуылда 2 адам. Қазіргі футболдың дамыған түрі – қорғаушы тек қорғаныста ғана емес, шабуылда да жақсы ойнау керек.

Футбол добы қандай болу керек?

Доп көп уақыт бойы теріден жасалып келді. Қазір жаңа технологиямен құрамына пластик те қосады, оның үстіне салмағы да жеңілдеді. Өзінің стандарты бойынша салмағы 600 грамм болу керек. Тұтастай домалақ болып келеді. Сонымен қатар, футзалдың добы кішірек, әйелдер футболының добы басқаша, ал ерлер ойнайтын үлкен футболдың добы басқаша болып келеді. Жасөпірімдердің доптарын нөмірлерімен белгілейді. Ерлер арасындағы үлкен футболда №5 доппен ойнайды.

Тәртіп бұзғаны үшін аяқдопшыларға не себептен сары, қызыл қағаздарды көрсетеді?

Футбол Англияда пайда болған. Ал ол елден джентельмендер шыққан. Мүмкін футбол дами бастаған кезде ешқандай ойында қатты өрескел қателіктер болмаған шығар. Футболды таза ойнаған. Кейіннен нәтижеге таласу сәтінде ойын тәртібі көп бұзыла бастағанда, футбол басшылары ойынға жаңа тәртіп орнатқан болар. Содан ақырындап ескертулер басталған. Тәртіп бұзудың әртүрлі дәрежесі бар. Ойыншыға алдымен ауызша ескертеді. Кейін сары қағаз көрсеткеннен соң ойыншы байқап, тәртіп бұзбай ойнауға тырысады. Бір ойыншыға бір ойында екі сары қағаз көрсетсе, футболшы алаңнан қуылады. Ал кейде ойын тәртібі өрескел бұзылғанда футболшыға бірден қызыл қағаз көрсетіледі.

Қазақстан ұлттық құрамасының киім түсі қандай?

Тәуелсіздік алғаннан бастап туымыз сары-көк түсті. Тек футболдан ұлттық құрамамыз ғана емес, спорттың барлық түрінде өнер көрсететін ойыншалырдың киім түсі сары-көк.

ФИФА мен УЕФА деген ұғымдарды түсіндіріп кетсеңіз. Олардың қызметтері қандай?

УЕФА Еуропаның футбол федерациясы. 1952 жылы құрылған. Ал ФИФА халықаралық бүкіл әлемдік федерация, ол 1904 жылы құрылды. ФИФА әр құрлықтың футбол федерацияларын басқарады. Оның құрамында УЕФА, Азия, Африка, Оңтүстік Америка, Солтүстік Америка және Австралия конфедерациялары бар. Мысалы, УЕФА-да белгілі жарыстар өткізілетін болса, ФИФА-ның рұқсатын алады. Әлем чемпионатын ФИФА өткізеді. Дүние жүзінде әлемге танымал екі чемпионат өткізіліп бар. Оның бірі УЕФА, екіншісі ФИФА. Екеуі де 4 жылда бір рет болып тұрады. Бүкіл әлемді алатын болсақ, мықты құрамалар негізінен Еуропада. Одан кейін барып Оңтүстік Америкадағы Бразилия мен Аргентина. ФИФА мен УЕФА басшылары келісіп, 4 жылда бір рет жарыс ұйымдастырып, Әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионаты араға екі жыл салып кезекпен-кезек болып тұрады. Мысалы, 2010 жылы Оңтүстік Африкада Әлем біріншілігі өтсе, 2012 жылы Польша мен Украинада Еуропа чемпионаты өтті.

Футбол алаңының өлшемі қандай болу керек?

ФИФА-ның ережесінде ең кем дегенде ұзындығы 105 метр, ені 68 метр болу керек. Одан асатын стадиондар да болады. Бірақ өзінің шектеуі бар. Қазақстандағы премьер-лига алаңдарының барлығы 105х68 метр.

                                                                                                                                                                    Сұхбаттасқан Руслан БАҚЫТЖАН

                        

 САУАЛНАМА

Асқар ҚОЖАБЕРГЕНОВ, «Жетісу» футбол клубының бұрынғы бас бапкері

БЕККЕНБАУЭРДІҢ ӘЛІ ЕШКІМ ҚАЙТАЛАМАҒАН ЖЕТІСТІГІ БАР

  1. Пеле
  2. Гаринча
  3. Беккенбауэр
  4. Круифф
  5. Платини
  6. Марадона
  7. Месси
  8. Роналду
  9. Бекхэм
  10. Зидан

2. Осыдан 50-60 жыл бұрынғы футбол қазіргідей тез болған жоқ. Бірақ атақты ойыншылар көп болды. Солардың арасында Пеле ерекше. Көптеген футбол мамандарының айтуынша, Пеле өз отанында ойнағандықтан, көп гол салды деп айтады. Бразилияның чемпионаты Еуропадағы біріншіліктермен салыстырғанда төмен де шығар. Дегенмен де Пеле 3 дүркін Әлем чемпионы. Сол себептен де Пелені футбол королі деп айтуға толықтай негіз бар. 3 дүркін Әлем чемпионы болу үшін 12 жыл уақыт керек. Аталған 3 біріншілікте де ол ең мықты ойыншы деп танылды. Осы жылдар арасында Пеле өзін жан-жақты көрсете білді. Расымен де ол өзінің мықты екенін дәлелдеді. Қазір болса Пелені Марадонамен салысырып, Марадоны мықты деп айтып жүр. Марадона да жалғыз өзі 1986 жылы Аргентина құрамасын Әлем чемпионы етті.

3. Пеле мен Беккенбаеуэр бір дәуірде өмір сүрді. Екеуін салыстыруға болар еді. Бірақ орындары бөлек. Беккенбауэр қорғаушы болса, Пеле шабуылшы болған. Беккенбауэрдің әлі ешкім қайталамаған жетістігі бар. Ол капитан ретінде командасын Әлем біріншілігінде чемпиондыққа жеткізген және бас бапкер ретінде де Әлем чемпионы болған. Платини мен Марадона бір дәуірде ойнаған. Месси мен Криштиану Роналду қазіргі заманның жұлдыздары. Олардың әрқайсысы жекедара талант. Бір-бірімен салыстыу өте қиын. Месси мен Марадонаны ғана салыстыруға болатын шығар. Өйткені екеуі де бір елдің ойыншылары. Бойлары да, ойын деңгейлері де өте ұқсас.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×