Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінің алғашқы турында елордалық "Астана", Лиссабондағы "Бенфикаға" қарсы кездесуде жеңілді.
Ойынның бірінші таймы алаң иелерінің басымдылығымен өткенімен есеп ашыла қойған жоқ. Николас Гайтан мен Жонас "Бенфика" сапынан белсенділік танытты. Аргентиналық футболшы сәт сайын қорғаушылар мазасын алса, команданың сұрмергені Жонаста гол салатын екі мүмкіндік болды. Алайда, Эричтің шеберлігі ғана қақпаны аман сақтап қала алды. Ал, "Астана" сапынан Жолшиев көзге түсті. Бауыржанның қарсыласты бірге-бір алдай алатын қасиетін осы ойында көрдік. Екі қорғаушыны қапыда қалдырып, соққы бағыттағанымен қақпадан қиыс кетсе, екінші бір сәтте қорғаушылардың бірі төреші байқамаған тәртіп бұзумен тоқтатты.
Үзілісте Станимир Стойлов Кабананганың орнына Алексей Щеткинді шығарған-тұғын. 24 жасар шабуылшыда алаңға шығысымен есеп ашуға мүмкіндігі болған. Екі қорғаушымен арпалыста Алексей допты қақаға бағыттап үлгерген еді. Алайда, алаң иелерін қақпа бағанасы ғана голдан сақтап қалды.
Бенфика уақыт ұзатпай-ақ "Астананы" жазалады. Гайтан қорғаныс шебін бұзып өтіп, қақпаның алыс бұрышын дәл көздеп есеп ашып кетті. Ал, араға 10 минут салып грек Митроглу командасының екінші голын салып кетті.
Ойын "Бенфиканың" жеңісімен аяқталды. 2:0. Шыны керек, португалдықтар бар күшін салып ойнаған жоқ. Матчтың басынан бастап түбі гол салып, жеңіске жетеміз деген нық сеніммен шықты. Ал, елордалық ұжымның қорғанысы екінші таймда толықтай сыр берді. Алғашқы таймда Эричтің ерлігінің нәтижесінде ғана гол салынбаса, екінші таймда Гайтан, Жонас, Митроглу бастаған шабуыл шебі қарсылас қорғанысының өрекскел қателіктерін кешірген жоқ.
"Бенфика" – "Астана" 2:0 (0:0)
Голдар
:Гайтан, 51 (1:0); Митроглу, 62 (2:0).