«Астана» алғашқы қадамын жасады

19.08.2015, 16:23
«Астана» алғашқы қадамын жасады
Елордалық «Астана» Чемпиондар Лигасы плей-офф турының кипрлік АПОЭЛге қарсы алғашқы ойынында минималді есеппен жеңіске жетті. Араға екі жыл салып Чемпиондар Лигасының әнұраны «Астана-Арена» төрінде қайта шырқалды. Осындай мүмкіндікті сыйлаған елордалық ұжымға қандай алғыс айтсаң да жарасады. Стадионға жиналған халықтың қарасы өте көп, алаңда ине шаншар орын жоқ. Көк-сары түсті қағаздарын жоғары көтеріп, тамаша перфоманс та жасады. Фанаттар ойынның ортасында еліміздің әнұранын да шырқады. Ойын бастала салысымен қонақтар допқа көп иелік ете бастады. Шабуыл жасамағанымен, футбол снарядын алаң иелеріне сирек жанастырды. Біздің ойыншылар олардың қателесуін күтіп бақты. 3-ші минутта Бауыржан Джолчиев оң қапталдан бір ойыншыны алдап шығып, айып алаңына пас шығарды. Таңат Нөсербаев баспен қақпаға соққы бағыттаған еді, бірақ доп Бой Ватерманның қолынан табылды. Есеп 14-ші минутта ашылды. Бұл жолғы шабуыл сол қапталдан өрбіді. Фокси Кетевоаманың керемет шығарған пасын Джолчиев қақпаның тоғыздығына қарай бағыттап, командасын алға шығарды. 28-ші минутта Джолчиев қарсылас қақпасын тағы да мазалады. «Мариборға» қарсы ойында дәл осы позицияда гол соққан болатын. Біраұ осы жолы қақпашыны көздеді. Ойынның екінші бөлігін АПОЭЛ мүлдем басқа темпте бастады. Бірінші таймда бірде-бір шабуыл ұйымдастырмаса, екінші таймда алаң иелерін қорғанысқа көшуге мәжбүрледі. 55-ші минутта Инаки Астиз шабуылды өзі ұйымдастырып, Томас де Винчентиге пас шығарды. Винчентидің қайта берген пасына Астиз аяғын тосты. Бірақ қақпадан қиыс кетті. 62-ші минутта «Астана» қақпасына айып соққысы белгіленді. Оны орындауға Луиз Леал беттеді. Бағыттаған жойықын соққысы қақпадан санаулы сантиметрлер ғана қиыс кетті. Матчтың 81-ші минутында Джолчиев оң қапталдан айып алаңына қарай екі қорғаушыдан өткізіп Кетевоамаға тамаша пас шығарды. Фокси болса бұл мүмкіндікті тиімді пайдалана алмады. Бағыттаған соққысы тым әлсіз болды, доп Ватерманға тиіп алаң сыртына шығып кетті. 87-ші минутта Фокси өз бағын сынап көру мақсатында алыстан соққы бағыттады. Жойқын соққы қақпаның ішіне қарай кіріп бара жатқан тұста Ватерман керемет сэйв жасап, қақпасын голдан аман сақтап қалды. 91-ші минутта Фокси тағы да керемет мүмікндікке ие болды. Қорғаушыдан сытылып шығып, оң жақтан ашыла білген Кабанангаға пас бермей, өзі бағыттауды жөн санады. Алайда, тағы да қиыс кетті. Соңғы ысқырықтың да дыбысы естілді. «Астана» топтық кеезңге алғашқы қадамын жасады. Бірақ, барлық мәселе қарымта матчта, яғни Кипрде өтетін кездесуде шешіледі. Әзірше біз сіздерді осы жеңіспен құттықтаймыз! Футбол. Чемпиондар Лигасы. Плей-офф. Алғашқы матч. «Астана» (Қазақстан) — АПОЭЛ (Кипр) 1:0 (1:0) Гол: Джолчиев 14 (1:0) «Астана»: Эрич, Шомко, Аничич, Постников, Илич, Каньяс, Максимович, Кетевоама (Мұжықов 90+2), Джолчиев, Жуков (Бейсебеков 85), Нөсербаев (Кабананга 68) АПОЭЛ: Ватерман, Антониадес, Астиз, Карлао, Сержиу, Мораиш, Александру (Пятьковский 46), Де Винченти, Макридис (Сотериу 85), Эфрем (Стилич 63), Леал Ескертулер: Де Винченти 14, Шомко 78 Төреші: Виктор Кашшай (Венгрия) 18.08.2015. Астана қ., «Астана-Арена» стадионы. 30 000 жанкүйер.   Есбол Қарағұл. Аламан.кз
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×