
Астана қаласындағы 8-ші мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (СДЮСШОР 8) жеті жаттықтырушысы Мәскеудің әйгілі "Спартак" футбол клубының Федор Черенков атындағы академиясында арнайы оқу-тәжірибеден өтті.
Тәжірибе барысында Қазақстандық мамандар академияның заманауи инфрақұрылымымен, оқу-жаттығу базасымен және жас футболшыларды дайындау жүйесімен жақынырақ танысты. Оларға оқу процесінің ұйымдастырылуы, ойыншыларды іріктеу принциптері, жас ерекшеліктеріне қарай жаттығу бағдарламаларын құрастыру, физикалық және техникалық дайындық әдістемелері толықтай көрсетілді.
Сонымен қатар, тәжірибе барысында теориялық дәрістер мен практикалық сабақтар ұйымдастырылып, Қазақстандық жаттықтырушылар Ресейлік әріптестерінің үздік әдістемелік тәсілдерімен танысты. Олар жастар футболындағы заманауи трендтер, тактикалық дайындық және психологиялық қолдау аспектілері бойынша да білімдерін жетілдірді.
"Спартак” академиясының директоры Никита Шагин қазақстандық бапкерлердің ынтасы мен кәсіби деңгейін жоғары бағалап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Ол қазақ әріптестеріне болашақ жұмысында үлкен табыс пен жас футболшыларды тәрбиелеуде жаңа жетістіктер тіледі.
Бұл тәжірибе алмасу Астана футболының дамуына жаңа серпін беріп, Қазақстандық жастар спортында Еуропалық стандарттарға жақындауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Айболат Өнер
Біздің серіктес: FONBET