Ауыл футболы қайтсе дамиды?

28.12.2010, 00:03
Ауыл футболы қайтсе дамиды?
Бүгінгі қазақ футболының хал-ахуалын көре отырып қарның ашып, ішің шын қынжылады. Тіпті, теледидардан тамашалып отырғаныңда өзге арнаға ауысып, түрік пен кәріс хикаяларына бет бұрып кеткің келеді. Амал қанша, доп десе ішкен асын жерге қояр футбол сүйер жанкүйер болғаннан соң күйіп-жанып, жер тепкілеп, теледидарға телміреміз де қаламыз. Одан кейін бас құрамадағы қазақ жастарының бой көрсетпеуі де қазақ теңбіл добының ертеңіне күмәнмен қарауға мәжбүрлейді. Енді, осы жерден шорт үзіп, қаузағалы отырған тақырып төңірегіне келсек. Ал тақырып ауыл аяқ добының өсіп-өркендеуі хақында. Рас, баяғыдай у-шуы басылмай, ертеден қара кешке дейін доп қуалап, төрт-бесуін тесіп, ала допты ауыстырып жатқан жеткіншектердің айқай-шуы соңғы кездері ауыл стадиондарында (стадион деуге келсе әрине, айқыш-ойқыш, адыр-бұдыр ой-қырлар, шеңгел арасы, екі терек бір қақпа рөлінде) саябырсыған кейіпте. Біз мұны ауыл балаларының футболға деген қызығушылығының төмендігінен емес, шенді-шекпенді ағалардың немқұрайдылығы, спортқа тарту, баулу деңгейінің артпауынан, ауыл спорты базасының құрылмауы немесе қажетті деңгейде еместігі деп ұғынуымыз керек. Әйтпесе, ауыл жастары ала доптан ат-тонын ала қашты деуге келмес. Күнделікті көріп жүрген мына бір ауыл спорты жайлы аз-кем.

Талай дарынды аяқдоп шеберлерін дайындап шығарған киелі Әулиеата өңірінің Жамбыл ауданы Түрксіб ауылында бүгінгі күні жасөспірім спорт мектебі бар. Аты айтып тұрғандай жасөспірімдерді, яғни мектеп қабырғасындағы оқушыларды ғана қабылдайды. Мектеп табалдырығын тәмәмдаған соң барлық бала қала кезіп, өзі таңдаған спорт түрін жалғастырып кетеді дегенге сену қиын. Сонымен сен таңдаған спорт түрі апам айтпақшы «әдірәм» қалады. Бұл – бір! Екінші бір мәселе, бапкер төңірегінде. Мұндағы «бапкерлер» деген тек аты ғана. Тәжірибесі мол, күш-қайраты тау қопармаса да, спорт иісін сезбейтін «бапкерден» басқа бір жан табылмағаны тағы да көңіліңді құлазытады. Ал, бұл мектепте футбол секциясы мүлде болмаған. Таяу арада бола да қоймас. Тек ауыл жастары жоғарыда айтылған әлгіндей «стадиондарда» арам терін төгіп қайтқаннан басқа бітіріп жатқаны шамалы. Бірақ, ауыл балаларының нөмірі бірінші спорт түріне деген қызығушылығын, ынталылығын қажетті шамада екенін көзі ашық спортсүйермен бірден аңғарады. Тек осының басын құрап, ауыл жастарының физикалық әлеуеті мен техникасын ұштастырып, кәсіби түрде баулитын бапкер болса дейсің.

Біздің мұнымыз «тырнақ астынан кір іздеу» емес, естір құлақ, көрер көз болса, ауыл футболының ахуалына мән берсе, шын жанкүйердің шырылын сезініп, қажетті деңгейде көңіл қойып, бет бұрса деген ниет қана.

Нұржан ТУҒАНБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×