Әдетте салқын болатын елордамыздың ауа райы Қазақстан – Сирия жолдастық кездесуі қарсаңында жанға жайлы болып, жылынып шыға келді. Футбол ойнауға нағыз лайық жайма-шуақ күн. Бір жағынан, сондықтан да болар, футболшылардың да көңілдері көтеріңкі көрінді.
– Күн енді ғана жылыды. Әйтпесе өткен күндері небәрі 14-ақ градус жылы болған. Елдер көшеде күртешелерімен жүретін. Күн жылып, жолдарыңыз болып тұр, – деді бізді күтіп алған ҚФФ-ның Маркетинг және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Измаил Бзаров. Шынымен де, тура мағынасында айтқанда, таңертең аздап салқын қарсы алған Астана түске қарай жылынып шыға келді. Әйтпесе өткен күндердегі ауа райының қолайсыздығына қарап, қала халқы, тіпті қар күте бастаған екен.
Сонымен не керек, күн сәскеге көтеріліп қалғанда матч алдындағы баспасөз мәслихаты да басталды. «Астана-Аренаның» баспасөз мәслихаты залына алдымен қонақтар, яғни Сирия делегациясы кірді. Футболдың жазылмаған заңы бойынша бас бапкері Низар Махруз өзімен бірге команда капитаны Махер әл-Саидты да ерте келіпті. «Бисмиллахи-р-рахмани-р-рахим» деп сөз бастағанда төмен қарап отырған мен еріксіз басымды көтеріп, қалай бас бармағымды көрсеткенімді де байқамай қалыппын. Міне, мұсылманшылықтың белгісі. Әр сөзін «бісмілләмен» бастап отырған Низар Махруз бірнеше сұрағымызға жауап беріп, неліктен қарсылас ретінде Қазақстан құрамасын таңдағандарына да тоқталды.
– Қазақстан құрамасы қазір Азияда болғанда алдыңғы қатардағы командалардың бірі болар еді. Әлеуеті жоғары. Рас, осыдан бірнеше жыл бұрын біз сіздердің құрамаларыңызды үш мәрте де жеңгенбіз. Бірақ ол кезде Қазақстан Азия футбол қауымдастығының мүшелігінде болатын. Одан бері көп нәрсе өзгерді. Сіздер УЕФА-ға мүше болып, Еуропаның таңдаулы командаларымен шеберлік байқасып жүрсіздер. Бүгінде сіздердің құрамаларыңыздың ойын өрнегі мүлдем өзгерген. Еуропаның мәнерінде ойнайсыздар. Міне, Азия командаларымен әбден ойнап, тойған біз үшін жаңаша стильдегі құрама керек болды. Яғни жылдам ойнайтын командамен тәжірибе алмасқымыз келді. Сондықтан Қазақстан футбол федерациясының ұсынысын көп ойланбастан қабыл алдық.
Шын мәнінде Қазақстан құрамасының қазіргі әлеуеті Азияның Өзбекстан, Жапония құрамаларымен бірдей, Низар Махруз ұлттық құрамамызды мақтап жіберді. Дәл осы сұрақты артынан Қазақстан құрамасының бас бапкері пан Беранекке де қойғанбыз.
– Алдымен Угандамен жолдастық кездесу өткізбек болғанымызды білесіздер. Бірақ Сирия дұрыс деп шештік. Ойын мәнері де Түркия мен Әзірбайжандікіне ұқсайды, – деп жауап берді Мирослав Беранек.
Өкінішке қарай, жолдастық кездесуге үш футболшымыздың қатыса алмайтындығы белгілі болды. Қақпашымыз Владимир Логиновский саусақтарын ауыртып алған болса, шабуылшымыз Дәуренбек Тәжімбетов пен жартылай қорғаушымыз Мақсат Байжанов та жарақат алып қалыпты. Дегенмен қорытынды жаттығуда аталған Дәуренбек өзге футболшылармен бірге жүгіріп жүрсе, Логиновский ғана қақпаға тұрмағанымен, әріптестері Антон Цирин мен Роман Нестеренкоға әуелете пас асырып тұрды. «Ордабасы» шабуылшысы, тіпті «квадрат» аталатын жаттығуға да қатысып, түк болмағандай шапқылап жүрді. «Квадрат» демекші, ортада «күшік» болып жиі түсіп қалатындардың бірі Ұлан Қонысбаев екен. Бірақ Ұлан ортаға қаншалықты жиі түсіп қалса, соншалықты тез шығып кетіп отырды. Ширақ әрі кімнің кімге пас беретінін алдын ала бағамдап отырады.
Қос команданың құрамына орай айта кетейік, Сирия да Астанаға толық құраммен келген жоқ. Үш футболшысы жарақат алып қалған болса, екеуін өз клубтары жібермей қойыпты. Оның біреуі – Голландияның «Рода» клубында өнер көрсететін Сенхабир Малки. Міне, негізі, бас бапкері Низар Махруз осы саңлағына үміт артқан екен. Бірақ «Рода» Голландия чемпионатының кезекті турында «Фейенордпен» кездесетіндіктен, клуб басшылығы Сенхабирден Қазақстанға бармай-ақ қоюды өтініпті.
Тағы бір айта кетер нәрсе – ислам дініне берік сириялықтар түгелдей ораза ұстап, ауыз бекітіпті. «Сол үшін ғой, Астанада жаттығуды күннің батуына байланысты өткізіп жүрміз. Ал Сирияда рамазан айы кезінде ел біріншілігінің ойындары тек күн батқаннан кейін өтеді. Алдымызда қандай ойын күтіп тұрғанына қарамастан аузымызды ашпаймыз, – деді Сирия құрамасының капитаны Махир әл-Саид. Ал бізде ораза ұстаған ешкім жоқ. Оны командамыздың капитаны Қайрат Нұрдәулетовтен білдік. «Ұлттық құрама сапында аузы берік ешкім жоқ. Негізі, мұндай ойын қарсаңында ауыз бекіту өте қиын. Өз басым құптамаймын. Ал басқа кезде ораза ұстаған, әлбетте, дұрыс. Мәселен, «Астанада» ораза ұстайтын екі футболшымыз бар», – деді Қайрат.
Автор: Азиз Жанәділ