Аяқдобымыздың ақсақалы 70-ке толды

12.05.2011, 15:47
Аяқдобымыздың ақсақалы 70-ке толды

Бүгін қазақ футболының жарық жұлдызы, алаш аяқдобының ақсақалы, сақ елінің сайын даласынан шыққан теңдессіз теңбіл доп шебері Тимур Сегізбаев 70-ке толды.

Тимур Сегізбаев – қазақ футболының мақтанышы һәм дастаны. Қазақтың да теңбіл допты ұршықша үйіріп, доп тебе алатындығын дәлелдеген талантты тұлға. Мұны Кеңес үкіметі де, Ресей де мойындаған. Мәселен, «Российский футбол за 100 лет» энциклопедиялық анықтамасында Тимур Санжарұлы туралы былай деп жазылған:

«Ширақ, жылдам, епті, икемді ойыншы. Техникалық шеберлігі жоғары, допты ырқына көндіріп, қарсыластарын алдап өтуге бапандай. Соққысы тау құлатарлықтай. Командаластарын паспен қамтамасыз етуге машық, алаң тұңғиығынан атойлап алға шауып, қарсыластарының берекесін алатын».

Тимур ағаның жасыл алаңдағы өмірінен ұмытылмас сәттерді жіпке тізе берсек, оның бәрін газет бетінде тізбектеп шығу мүмкін емес. Мысалы, КСРО мектеп оқушыларының Спартакиадасында Қазақстан жеткіншектері армяндардан 0:5 есебімен ұтылып жатқанда алаңға өрімдей жас Сегізбаев шығып, екінші таймда бес гол соғады да, таразы басын теңестіреді. 1960 жылы 14 мамырда «Қайраттың» сапында алғаш рет негізгі құрамда алаңға шығып, Минскіде «Беларусь» клубының қақпасына екі гол соғады. Бұл – «Қайраттың» жоғарғы топтағы алғашқы жеңіс болатын. 1964 жылы 26 тамызда Мәскеудегі Ленин атындағы Орталық стадионда, жергілікті 30 мың жанкүйердің көз алдында «Қайрат» орыс халқының сүйікті клубы «Спартакты» 2:0 есебімен тізерлетеді. Екі голды да Тимур Сегізбаев соғып, «Спартактың» салы суға кетеді. Ертеңінде Одақтың орталық газеттері «Тимур и его команда» деген мақала жариялап, Сегізбаевты бүкіл ел білетін болады. Тимур ағаның қуатты соққысынан әйгілі Лев Яшин де сескенген, Анзор Кавазашвили де сан соғып қалған. Ең бастысы, Сегізбаев гол соққан матчта «Қайрат» ешқашан жеңілмеген.

Негізі, Тимур аға Мәскеу клубтарының бірінде ойнаса, КСРО құрамасына да алынар ма еді?! Өздеріңіз білесіздер, ол кезде, Одақтағы жақсы ойыншыларды Мәскеу клубтары, олардан қалса, Киевтің «Динамосы» өз сапына алатын. Мәскеуге барғандар КСРО құрамасына алынады, бармағандар бармағын тістеп жүре береді... Тимур ағаны да өздеріне шақырушылар көп болған. Бірақ Сегізбаев қазақтың «Қайраты» мен әсем Алматыны тастап ешқайда кетпейді.

Өкінішке қарай, Тимур аға жасыл алаңмен тым ерте қоштасты. Жарақаты маза бермей, бутсысын шегеге ерте ілді. «Қайраттың» сол кездегі бас бапкері, әйгілі Александр Севидов «асықпай емдел, қанша уақыт болсын, тосамын, әзірше менің көмекшім болып жүре бер де, емдел» десе де, 10-нөмірлі жейдесін шешіп, ойыншы ретіндегі карьерасына нүкте қояды. Онысын өзі «бұрынғыдай жоғары деңгейде ойнай алмайтынымды сездім» деп түсіндірді. Яғни көптің бірі болып, адам санын көбейтуді хош көрмейді.

10-нөмірлі жейдесін шешкені сол екен, Қызылорда қолқа салып, бірден бапкерлік карьерасын бастап кетеді. Қызылорда мен Қарағандыда ысылып, «Қайратқа» да келеді. 1986 жылы «Қайратпен» КСРО чемпионатында 7-орынға ие болады. Бұл – «Қайраттың» Одақ футболындағы ең үлкен жетістігі. Станислав Каминскиймен екеуі «Қайратты» тізе қоса жаттықтырып жүріп, 1988 жылы КСРО футболы федерациясының кубогын жеңіп алады.

Шәкірттерін атасақ, кез келген бапкер қызығар. Сонымен Тимур ағаның шәкірттері – КСРО құрамасы сапында ойнаған жалғыз қазақ Сейілдә Байшақов; Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко; бас бапкер ретінде Қазанның «Рубинімен» Ресейдің екі дүркін чемпионы болған, азулы «Барселонаның» өзін тізерлеткен Құрбан Бердыев; «Терекпен» Ресей кубогын жеңіп алған Ваит Талғаев және басқалар. Сол басқалардың арасында Қазақстан чемпионы танып, ел кубогын иемденген бас бапкерлер де баршылық.

Тимур аға еліміз егемендігіне қол жеткізіп, спортқа аса көңіл бөле алмаған қиын-қыстау кезеңде Қазақстан футболын басқарған. Сол аласапыран жылдары ұлттық федерацияның басшысы да болып, басшыларының бірі де болып, футболымызды алға жылжытуға тырысқан.

Бүгін қазақ футболының ақсақалы 70-ке толады. Біз «қазақ футболы» дегенде, бірден Тимур Сегізбаевты айтамыз. «Қазақ бұрын да доп тепкен» деп Мұхтар Әуезовті айтамыз. Содан соң Сейілдә Байшақов пен Құралбек Ордабаевты айтамыз. Яғни Тимур аға – футболымыздың көрнекті тұлғасы, жарық жұлдызы, аяқдоптағы тарихымыздың алғашқы асылы. Қалай десек те, әлі күнге Тимур ағадай жанкүйерлер сүйіспеншілігіне ерекше бөленген ешкім жоқ әлі күнге. Алпысыншы жылдары Тимур аға туралы талай өлең шығарылып, талай ән шырқалған. Талай аңыз айтылып, талай дастан жазылған. Тіпті жанкүйерлердің көбісі балаларының атын Тимур деп қойған. Бойы сымға тартқандай сол қара торы Тимур бүгін ата болып, ақсақал атанып отыр. Біз «ауырмаңыз, Тимур аға, жасыңыз ұзақ болсын, енді тек еңбегіңіздің жемісін көріңіз» демекпіз.

Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×