Аяқдопшыларға қойылған ескерткіштер

28.07.2011, 15:11
Аяқдопшыларға қойылған ескерткіштер

Өлі разы болмай тірі байымас дейді қазақ. Алдыңғы толқын аға буынның жақсылығын үйреніп, жамандығынан жирену бүгінгінің міндеті. Спорт саласында аты шығып, көркем ойын өрнегін қалдырған тұлғаларды кейінгі ұрпақ қай деңгейде ұлықтап жатыр? Көшеде, немесе адам көп жүретін орында тұрған тас мүсін ескерткіштен адам не сезінуі мүмкін. Ең алдымен естелік.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Әлем футболының әкесі

2003 жылы 11-мамырда Киев қаласының төрінде, «Динамо» стадионының алдында Валерий Василийұлы Лобановскийге ескерткіш қойылды. Бар өмірін футболға арнаған арда тұлға қайтыс болған күні Киев көшелері аза тұтушыларға толы болды. Бүкіл қала қаралы күнді бастан өткеріп, аяқдоптың ақтаңгерін ақтық сапарға аттандырып тастады. Бойков зиратынан ұзын-сонар созылған халықта шек болмады. Валерий Лобановскийдің жан азасына тура адамзаттың ойшылы Лев Толстой қайтқан кездегідей (шамамен 100 мың) халық жиналды. Демек, халық арасында бапкердің сый-құрметі кем болмады деген сөз.

Әрине, ол түсінікті. Себебі Кеңес Одағы мен «Динамо» командасының тарихындағы ең айтулы жеңістің барлығына қол жеткізген бапкер еді-ау Лобановский. 1975 жылы венгрияның «Ференцварошын» финалда ұтып Кубок иегерлерінің кубогын жеңгені Кеңес футболының тарихында алтын әріптерімен жазылып тұрғаны сөзсіз. Дәл осы жеңіс барша Одақ футболының ең алғашқы айтулы, ірі жеңістерінің бірі еді. Біздің әке-ағаларымыз да ауыл да жүріп, Лобановскийдің жеңістерін аңыздай қылып айтатын. Осындай ұлы тұлғаның қоластынан бірнеше әлемге аты шыққан даңқты ойыншылар түледі. Блохин, Беланов, Заваровтардан басталған көшті осы күні Андрей Шевченко жалғастырып жүр. Шевченко Лобановскийдің соңғы шәкірті. 2003 жылы Чемпиондар лигасын жеңіп, ұстазы сәл ғана жете алмай кеткен кубокты ескерткішінің қасына әкеп қойды. Бүгінде 80 мың адамға арналған Киевтегі стадион Лобановскийдің атына берілген.

Аңыз аяқдопшылар

[caption id="attachment_3919" align="aligncenter" width="402" caption="Бест-Лоу-Чарльтон"][/caption]

Осындай ескерткіштерге қарап бой түзейтін жас жеткіншектерге Англияда да белгі бар. «Армандар театры» деп аталатын «Олд Траффорд» стадионының алдына «Манчестер Юнайтед» командасының үш атақты ойыншысына ескерткіш қойылған. Кезінде барша әлемді өнерімен тәнті қылған Джордж Бест, сэр Бобби Чарльтон және Денис Лоу секілді ойыншылардың мүсіні енді футбол көруге келген әрбір адамның көз алдында болмақ. Бұл үшеуі де қатарынан Еуропаның үздік ойыншылары деп танылып отырған. 1964-68 жылдар арасында үшеуі 665 гол соққан.

«Киелі үштік» деп аталатын бұл ескерткіш ең қымбат металлдардан жасалған. Оны салған атақты мүсінші Филипп Джексон осының алдында ғана «Манчестер Юнайтед» командасының тарихындағы атақты бапкер Мэтт Басбиге арнап қола ескерткішті тұрғызған болатын.

Әлем футболының королі саналатын Пелеге бір емес бірнеше ескерткіштер қойылған. Олар жер жаһанның әр бұрышында бар. Одан бөлек Сан-Паулу қаласындағы стадионның алдында да Пеленің ескерткіші тұр. Дәл осы стадионда ол өзінің футболшы ғұмырындағы ұрған мыңнан астам голының ең әдемісін соққан екен. Сондықтан да ескерткішті Пеленің өзі келіп ашты. Сонымен қатар, Минас-Жерайс штаттындағы Трейс-Корасойнс қаласында әлем кубогын басына көтеріп тұрған футбол королінің бейнесі жасалған. Бұл бір Бразилиядағы Пелеге арналған 2-ескерткіш. Ал үшіншісі 2014-жылы Әлем біріншілігі қарсаңында «Маракана» стадионының алдында ашылады деп жоспарланған. Айта кетейік, дәл осы әлемдегі ең үлкен стадионның алдында Ақ Пеле ­– Зикоға да ескерткіш қойылған.

Керек-дерек

Әлемде ең көп аяқдопшыға ескерткіш қойған ел ол ­– Англия (50). Ал екінші сатыда Ресей. Солтүстіктегі көршілеріміз 30 футболшыға мүсін орнатқан. Футболмен өмір сүретін Бразилияда 10-ға жуық ескерткіш бар.

Мюнхен трагедиясы ел жадында

Өздерінің өнерілерімен күллі ғаламды телмірткен майталмандарға арналған ескерткіштерден енді осы футбол деген сиқырға сеніп, шексіз ойынның шырмауында жүріп мерт болғандар жайында сөз қозғасақ. Бұл жағдайда ең алдымен 1958-жылы Мюнхен қаласында болған атышула жарылыс еске түседі. Белградтағы кездесуден қайтап келе жатқан «Манчестер Юнайтед» командасы Германияда бір тоқтап алуды жөн санайды. Дәл сол Мюнхен әуежайынан ұзаққа ұша алмаған ұшақ жерге құлап жарылып кетеді. Жап-жас футболда енді танылып келе жатқан жеті ойыншы мерт болды. Ағылшын ұлттық құрамасының 2 футболшысы сол апаттан алған жарақаттарына байланысты үлкен спортқа қайта орала алмай кетті.

Мюнхенде 2003 жылы ашылған мемориал тақтасы осы команданың сол кездегі даңқты ойыншыларына арнап жасалынған. Солардың ерліктері неміс халқының да мәңгі жадында қалары сөзсіз. «Олд траффорд» стадионында «Мюнхен сағаты» орнатылған. Онда 1958 жыл, 6 ақпан деп жазылып, сағат тілі 14:20 минутта тоқтап қалған. Бұл сағат сол уақытта тоқтап қалған қаншама жас өмірді еске алып тұрса керек.

Біздің елде кім лайықты?

Қазақстан аяқдоп өнерінде ескерткіш қоюға тұрарлықтай кім бар? 1913 жылдан бері бастау алатын қазақ футболында да орны ерек тұлғалар болған. Дүркіреген «Қайраттың» аңызға айналған ойыншылары да болды. Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілда Байшақов, Евстафий Пехлеваниди сияқты мықты аяқдопшылар сол кезеңнің адамдарының естерінде мәңгі қалған. Олар жайында әңгіме өрбісе таңды-таңға ұрып айтуға дайын жанкүйерлер арамызда жүр. Бірақ, одан кейінгі ұрпақ жанкүйер қауымның жадында олар қалай қалмақ? Мүмкін бізге де ел футболы дамысын десек, кешегі өткен дүлдүлдерімізді жадымыздан ұмыт қалдырмайын десек, футболшыларға арнап ескерткіш қою керек шығар. Сонда ғана қазақтар доп тебе алмайды деген түсінік толастар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×