Созақ ауданы әкімінің кубогы

28.07.2011, 18:22
Созақ ауданы әкімінің кубогы

Ел футболы еңсесін көтерсін десек балалар футболына мән бергеніміз абзал. Жасыл алаң төрінде атой салар футбол шеберлері жастардан шығатынын ескерсек, осы жолда ұйымдастырылған жарыстар уақыт өте келе өз жемісін берері анық. Осы мақсатта Созақ жерінде «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты Созақ ауданы әкімінің кубогы үшін футболдан 1995-1996 жылы туылған жасөспірімдер арасында халықаралық турнир» ұйымдастырылды. Арысы Қырғызстан елінен, берісі көршілес облыстардан келген жас футболшылар төрт күн бойы Шолаққорған төріндегі орталық стадионында әкім кубогын сарапқа салды.

Жарыстың ашылу салтанатында Орталық стадионда халықтың қарасынан жанкүйер қауымның футболды сағынып қалғанын байқадық.  Жарыс ажарын көрерменнің аша түсетінін ескерсек, футбол сүйер қауымға үлкен бір тарту болғаны анық. Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Берік Мейірбеков:

- «Футбол әлемдегі номері бірінші спорт, миллиондаған жанкүйерді өзіне баурап алған бұл спорт түрі ауданымызда кеңінен қанат жайып келеді. Жарысты өткізу жылдағы дәстүрге айналады. Ауданымызда футболда қалыптасқан дәстүр бар, даңқты «Шалқар» командасың жетістігін әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Кешегі алдыны толқын ағалардың жеңісін бүгінгі жастар жалғастырады деп сенемін» - деді. Шынында да Созақтықтардың  футболда салған өзіндік ізі бар. «Шалқар» футбол клубының ерлігі жеке бір әңгіме. Жерлесіміз Таңат Нөсербаев ерекше ойын өрнегімен жанкүйер жүрегін жаулап, премьер лигада жасындай жарқылдап жүр бүгінде. Ауданымызда дұрыс жолға қойылған футбол бүгінде облыстағы белді футбол мектебі болып табылады. Сонымен...

Жасөспірімдер арасындағы доп додасына Қырғызстан елінен, Созақ, Тараз, Жамбыл облысынан, Қызылорда облысынан, Арыс қаласынан,  және Шымкент қаласынан Шымкент-95 және Шымкент-96 қалаларынан келген сегіз команда қатысты.  Жарыс  ережесіне сәйкес екі топқа бөлініп өзара күш сынасты. Алғашқы топта  сәйкесінше Созақ, Қырғызстан, Тараз қаласы, Шымкент-96 командалары болса, екінші топта Шымкент-95, Қызылорда, Жамбыл облысы, Арыс қаласы командалары өзара жұп құрады.

Шымкент-95 – Қызылорда 7:0 Ойын шымылдығын ашқан алғашқы кездесу Шымкент-95 командасымен Қызылордадан келген жас футболшылар арасында болды. Төреші ысқырығы шалынысымен  алға лап қойған Шымкент-95 командасы жарысқа үлкен дайындықпен келгенін көрсетті. Ойын барысын өз бақылауына алған Шымкенттік команда нәтижесінде 7:0 есебімен жеңді. Тараз қаласы – Шымкент-96 3:6 Шымкенттің тағы бір футбол командасы Шымкент-96 мен Тараздық ойыншылар арасындағы кездесу біршама тең болғанымен, екінші тайымда ойынға жаңа леп әкелген Шымкенттіктердің басымдылығы білініп тұрды. Нәтижесі айқын, 3 доп басымдылығымен жеңімпаз белгілі болды. Арыс қаласы Жамбыл облысы 5:0 Бұл ойын барысында да ойыншылардың дене әлеуетімен техникалық шеберліктері басым Арыс командасы қарсыластар қақпасына жауапсыз 5 гол соғып жеңісті  оңай олжалады. Созақ Қырғызстан 6:0 Бірінші турдың соңғы ойын айыр қалпақты ағайындармен жергілікті футбол мектебінің балалары арысында өрбіді. Алыстан ат терлетіп келген Қырғыз ағайындардың жұмбақ болып көрінгені рас. Себебі екі команда бұрын соңды жасыл алаңда кездеспеген болатын. Сондықтан да болар ойының алғашқы минуттары қысқа пастармен, бір - бірлерін бақылау түрінде өрбіді. Дегенмен кездесу барысында әдемі ойын өрнегін көрсете білген  Созақ командасы ірі есеппен қарсыластарын тізе бүктірді. Есеп 6:0. Алғашқы турдың ойын барысы жоғарыдай нәтиже көрсетсе.  Жарыстың келесі күндерінде жалғасқан екінші, үшінші тур ойындарында төмендегідей есептер тіркелді. II-тур Шымкент-96  -  Қырғызстан 5:3 Шымкент-95 – Жамбыл облысы 7:0 Қызылорда – Арыс қаласы 0:5 Созақ – Тараз қаласы 7:1 III-тур Жамбыл облысы - Қызылорда 3:1 Қырғызстан - Тараз қаласы 1:0 Шымкент - 95 -  Арыс қаласы 0:5

Созақ -  Шымкент- 96 4 :1 болып топтық турнирді аяқтады. Ойын нәтижесі көрсеткендей қара үзіп шыққан Арыс қаласымен Шымкент-96 командалары жартылай финалда кездесіп айқын басымдылықпен 4:1 есебімен жеңген Арыстықтар үшінші орын алды. Ал финалдық ойын Созақ командасымен Шымкент-95 командалары арасында болды. Шынын айту керек жарыс барысында айтылған жанкүйерлер мен футбол мамандарының болжамы шындыққа айналды. Себебі екі команда да ойын өрнегімен,  командадағы ойыншылардың шеберлігімен өзгелерден озық тұрған болатын. Кубоктан басты үміткер фоварит ретінде екі команданың бәсі де, бағы да жоғары еді. Шымкент қаласындағы олимпиадалық ізбасарлар дайындайтын мамандандырылған футбол мектебі мен Созақ ауданының жасөспірімдер мектебі осыған дейінгі түрлі дәрежедегі ұйымдастырылған жарыстарда бірнеше мәрте  кездесіп тең дәрежеде ойын өрнегін көрсетіп жүрген. Бұл жолғы ойын да дәл сол жағдайда өрбіді. Тұтас ойын барысында бір-бірін ала алмаған ежелгі қарсыластар негізгі уақытта 0:0 болып аяқтап, ойын соңынан болған пенальти сериясында 3:5 есебімен Шымкент-95 командасы жеңді. Төрт күнге созылған  Созақ ауданы  әкімдігінің кубогына Шымкент-95 командасы ие болды. Турнир барысында қарсылас қақпасына 7  доп соққан Шымкент-95 командасының ойыншысы Қайқыбасов Дәурен жарыс мергені атанса, Созақ ауданының ойыншылары Өтеулиев Бегжанның еншісінде 6 доп, ал Аймұрзаев Қайсардың қанжығасы 5 рет майланып мергендер көшсін жалғастырды. Арыс қаласының командасы Баққара Арман «Үздік ойыншы» атанса, Шымкент-95 командасының ойыншысы Жаңабергенов Жалғас «Үздік жартылай қорғаушы» болды. «Үздік қақпашы» атағына  Шымкент-95 командасынан Тұржанов Мұратқа тапсырылды. Жарысы жеңімпаздарына Аудан әкімінің кубогы мен медальдар, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Ойынан соң ойдың туатыны тағы бар. Жарыстан соң көкейге түйгеніміз балалар футболын дамыту арқылы ғана футболдың бойына қан жүгіртіп,  болашаққа үмітпен қараймыз. Қазақ футболының көсегесін көгертсем дейтіндердің құлағына алтын сырға бұл. «...Доп ойнағанның тозбайтынын» заман ағымы  жоққа шығарғалы қашан. Ендеше қазақ баласының ала допта ала алмай жүрген еншісінің бар екенін бәріміз біле жүрейік, көкірекке түйе жүрейік.

Ерлан Райымқұлов

Созақ ауданы

Оңтүстік Қазақстан облысы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×