Аяқдопты ағартудан алдамыз

23.11.2011, 19:42
Аяқдопты ағартудан алдамыз

Ала жаздай аяқдоп жанкүйерлерін елеңдеткен ала доп додасы аяқталғанымен, ұлттық федерация қол қусырып қарап отырмай, бірнеше игілікті істерді жүзеге асыруда. Соның бірі – жаттықтырушылардың дипломды маман атанулары. Жақында Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығында көпшілікке танымал бірнеше бапкеріміз PRO лицензиясына ие болып, дипломды маман атанды. Бұл – Қазақстан футбол федерациясынан PRO лицензиясын алып отырған екінші топ. Бұл жолы мына жаттықтырушылар емтиханды жақсы тапсырып шығыпты: Талғат Байсуфинов, Қайрат Айманов, Нүркен Мазбаев, Владимир Никитенко, Вячеслав Ледовских, Сергей Волгин, Владимир Чебурин, Сергей Когай, Григорий Бабаян, Виктор Семенов, Павел Родненок.

Енді осы мамандардың бәрі тек Қазақстанда ғана емес, Еуропадағы кез келген кәсіби клубтың бас бапкері болып қызмет ете алады. Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығында жаттықтырушылар тек теория мен тәжірибе жүзінде ғана дәріс алмай, психология, социология, медиа-рилейшнз, қоғаммен қарым-қатынас секілді қазіргі заманғы мамандарға қажетті басқадай ілімдерден де білімдерін жетілдіре алады екен. Сондай-ақ Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардың мамандары үшін маркетинг және фандрайзингіден семинар өткізілді. Бұл семинарға лектор ретінде алыстан білікті мамандар шақыртылды. Олар Ноэль Муни, УЕФА мен Ирландия футбол қауымдастығының маркетинг және жетілу департаментінің директоры және Джо Палмер, «Шахтер» (Донецк) клубының стратегия, коммерция және маркетинг жөніндегі атқарушы директоры. Бұл семинардағы негізгі тақырыптардың тізімінде мына мәселелер болды: қалай қазіргі заманғы маркетингілік стратегияның арқасында стадиондағы көрермендер санын арттыруға болады, заманауи маркетингілік құралдарды қолдана отырып, клубқа қа­лай демеушілер мен серіктестерді тартуға болады, қалай пайда түсіруге болады және т.б.с.с. Бұл – Қазақстан футбол федерациясының соңғы бір жарым жылдың ішінде маркетинг пен медиа-рилейшнз саласында ұйымдастырып отырған төртінші семинары. Бұл орайда Қазақстан футбол федерациясы УЕФА-ның медиа-офицері Мамука Кварацхелияның «ағарту және үйрету бағдарламалары саласында ешбір елде, тіпті Еуропаның дамыған футбол қауымдастықтарының бірде-бірінде мұндай семинарлар өткізілмейді» деп тамсанғандығын көлденең тартуда. Шынымен-ақ, бұл – айрықша атап өтерлік шара, жетістік. Өйткені бұл семинарлар қазақстандық және еуропалық зерттеулер негізінде жүргізіледі. Алдағы уақытта тек жемісін бере бастаса екен, футболымыз өркендей берсе деген тілектеміз.

Автор: Айқын Жаппар

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×